«Қазақфильм» туындылары Бангладеште өтетін кинофестивальге қатысады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» және Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» фильмдері Бангладеште өтетін 18-ші Dhaka International Film Festival кинофестивалінің бағдарламасына қатысады.

Аталмыш шараны өткізу келер жылы қаңтардың 10-ы мен 19-ы аралығына жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.

Даккадағы Халықаралық кинофестиваль 1992 жылдан бері Rainbow Film Society қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Байқаудың мақсаты - киносүйер қауымды әлемдегі жаңа фильмдермен таныстырып, кино қайраткерлердің шеберлігін және кино өндірісі жұмыстарын жетілдіру.

Dhaka International Film Festival Бангладеште өтетін ең беделді фестивальдердің бірі.

«Шыракшы» фильмі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Бұл туынды 23 қаңтардан бастап прокатқа шығады.

Ал «Балуан Шолақ» картинасы есімі тарихта қалған палуан, әнші әрі композитордың өмірі туралы баяндайды. Қазақстандық прокатқа бұл фильм биыл көктемде шыққан болатын.

Екі фильмді де ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Соңғы жаңалықтар