«Қазақфильм» өзін-өзі ақтай алмай отыр – Есеп комитеті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақфильм» АҚ жұмысы табысты болмай тұр. Мәдениет және спорт министрлігінің жекелеген бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуы бойынша жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018-2019 жылдар аралығында «Қазақфильм» АҚ-ты ұстап тұруға 1 млрд 129 млн теңге шығындалған. Көрсетілген кезеңдегі іс-шараларды өткізуден түскен табыс - фильм өндірісін қоспағанда, 638,1 млн теңгені немесе кеткен шығынның 56,5 пайызын құрады. Қазіргі уақытта «Қазақфильм» АҚ киноиндустриясының салалық қалыптастырушы кәсіпорны моральдық және физикалық тұрғыдан тозып қалған материалдық-техникалық базаға ие. Заманға сай құрал-жабдықтармен және технологиялармен тиісті түрде жаңғыртылып, техникалық тұрғыда жарақтандырылған жағдайда «Қазақфильм» өзін-өзі ақтай алуы мүмкін. Мысалы, Ресейдің «Мосфильмі» мен Өзбекстанның «Өзбеккино» ұлттық агенттігі осылай жұмыс жүргізеді. Ол жақта толыққанды кино өндірісі мен тәуелсіз кино нарығын құруға жағдай жасалған», - деді ол Есеп комитетінің отырысында.

Талғат Жақан сонымен бірге, «Қазақфильм» АҚ-қа кино немесе деректі фильм болып түсірілмей қалған әдеби сценарийлер де қабылданғанын айтады. Прокатта сұранысқа ие болмайтын фильмдер де шығарылған.

«Мәселен, 2010 жылдан бастап бекітілген 48 сценарий бойынша фильмдер түсірілмей, түсірілген 325 фильмнің 185-і прокатқа шықпай қалған. Олардың құны 19 миллиард теңгеден асады. Кинотеатрлар мен теледидарлар арқылы таратудан түскен кірістер фильмдердің өзіндік бағасын шығарып бере алмайды. Соңғы 9 жыл ішінде 161 картина жасалып, оларға 42 миллиард 951 миллион теңге жұмсалған», - деп қорытындылады Талғат Жақан.

Соңғы жаңалықтар