Қазақфильм кинопрокатқа қандай фильмдер ұсынатыны белгілі болды
2022 жылғы 11 сәуір 15:32

Қазақфильм кинопрокатқа қандай фильмдер ұсынатыны белгілі болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақфильм киностудиясы Голливуд фильмдерінің орнына сәуір айынан бастап кинотеатрлар прокатына қандай фильмдер ұсынатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ 14 сәуірден бастап Дарежан Өмірбаевтің «Ақын» атты жаңа фильмін шектеулі прокатқа шығарады. Бұған дейін аталмыш картина Токиода өткен беделді халықаралық кинофестивальде «Үздік режиссер» номинациясы бойынша жүлдегер атанған болатын.

Қазіргі уақытта киностудияда «Біздің сүйікті дәрігер 2» фильмі түсіріліп жатыр. Айта кетейік, бұл туындының атауы «Бізге дәрігер керек» болып өзгертілді.

Жақын уақытта қазақстандық көрермендер үшін Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» блокбастерінің премьерасы өтеді. Жоба бұрын «Қасым хан» деген атпен танымал болған.

«Бұл біздің еліміздің тарихындағы басты тұлғалардың бірі – Қасым хан туралы ауқымды хикая.

Аты аңызға айналған билеуші XV-XVI ғасырлар аралығында қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен символдың біріне айналды. Дәл осы уақыт аралығы көбіне Қасым ханның арқасында біздің мемлекеттілігіміз бен ұлы қазақ даласының гүлдену кезеңі саналады. Көптен күткен жоба 12 мамырда жарыққа шығады», - деді «Қазақфильм» АҚ өкілі Кәрім Қадырбаев.

Сонымен қатар киностудияда алдағы уақытта болатын ұлттық кино орталығының питчингіне дайындық жүріп жатыр. Осы жобаға қатысу үшін Қазақфильм креативті идеясы бар жас, талантты авторларды бірлесе еңбек етуге шақырады.

«Қазақфильм» еліміздің жалғыз мемлекеттік киностудиясы ретінде кинематографистер мен көрермендердің кейінгі буыны алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жас режиссерлер мен сценаристерге толық көмек көрсетуге дайын», - деді спикер.

Еске салайық, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде ведомство басшысы Дәурен Абаевтың төрағалығымен кинопрокат нарығында танылған отандық компаниялар басшыларымен кеңес өтті. Кездесу киноиндустрияны дамыту мәселелеріне арналды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT