«ҚазақАвтоЖол» иелігіндегі 1117 техниканың жартысы ескірген – мекеме директоры

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазақАвтоЖол» ЖШС бас директоры Самат Қуанышұлы компания иелігіндегі техниканың жартысын есептен шығару керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің ұйымдастыруымен өткен ZOOM форматындағы кеңесте республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау, жауапты ведомстволардың қысқы маусымға әзірлігі талқыланды. Кеңесте сөз алған «ҚазақАвтоЖол» ЖШС бас директоры Самат Қуанышұлы биылғы қысты ойдағыдай өткізу үшін жеке меншіктен 400 техниканы жалға алу туралы келісімшарт жасалу қажеттігін атап өтті.

«ҚазақАвтоЖолды» түрлі мекемелерге беріп, талай эксперимент жасалды. Қазір бізге 2836 техника қажет. Қолымызда тек 1117 техника бар. Оның 524-і кейінгі 3 жылдан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Оларды баланстан алып, есептен шығаруға дайын тұр. Сондықтан жөндеуге, қосалқы бөлшектер алуға 500 млн теңге бөліп отырмыз. Бұл жеке меншікте болғанның да әсері деп есептейміз. Бірақ бізге қосымша бөлінген ақшаға 400 техниканы жалға алу туралы келісімшарт жасау үшін порталға тендер шығардық. Бұл енді ұзақтау процесс», - деді серіктестіктің бас директоры.

Сондай-ақ компания еңбекақы 30 пайызға артқанмен, білікті мамандарды ұстап тұруда қиындық бар екенін жеткізді.

«Сіздердің қолдауларыңызбен еңбекақы мөлшерін 30 пайызға көбейттік. Сондықтан жұмысшылар тапшылығы сәл сейілді. Бірақ жоғары білікті мамандардың көптеп кетуі ықтимал», - деді Самат Қуанышұлы.


Соңғы жаңалықтар