«Қазақалтын» кәсіпорнынан 21 қап материал ұрланды
2017 жылғы 26 мамыр 09:53

«Қазақалтын» кәсіпорнынан 21 қап материал ұрланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қазақалтын» ТКМК» АҚ аумағынан құрамында алтыны бар материал ұрлаған қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Полицейлердің мәліметі бойынша өткен жылдың 5 қыркүйегінде түнгі 03:00-дер шамасында 27 жастағы күдікті өзінің екі сыйбайласымен бірге «Қазақалтын» ТКМК» АҚ аумағына заңсыз кіріп, биг-бег қаптарына салынған құрамында алтыны бар материалды «УАЗ» көлігіне тиеп алып кеткен. Ұрланған материалды Ақсу кентіндегі үйлердің бірінде сақтаған.

Полицейлер келесі күні қылмыстың бетін ашып, жалпы салмағы 881 келі болатын ұрланған материалдар салынған 21 қапты тапты. Алайда, сол кезде күдіктілерді бірден қылмыстың ізін суытпай ұстауға мүмкіндік болмады.

Аталған қылмысқа байланысты ҚР ҚК 188 бабының 4 бөлімі (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді ұстау үшін кешенді шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 24 мамырында басты күдікті Алматы қаласында қолға түсті.

Жалпы, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында 19 қылмыскер ұсталып, қару ұстау және сақтау бойынша 18 оқиға анықталды, сондай-ақ, осыған дейін жасалған 150 қылмыс әшкерленді. Оның 42-і өткен жылдары жасалған.

Jańalyqtar

MURAǴAT