Қазақ жеріндегі мал-мүлікті тәркілеу ашаршылыққа ұрындырды – атыраулық ғалым

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақ халқы түрлі зобалаң, зұлматты жылдарды бастан өткерді. Сондай нәубеттің бірі – ашаршылыққа ұрындырған мал-мүлікті тәркілеу. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Бұл нәубет «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұстанымымен жүргізілген. Тәркілеуді қолдағандар да, оған қарсылық білдіргендер де бар. Алайда, мал-мүлікті тәркілеудің зардабы әлі толық зерттелген жоқ» деген пікір білдірді.

– Аққали Қабижанұлы, қазақ халқын ауыр азапқа ұшыратқан ашаршылық қалай басталған?

– Кеңес өкіметіндегі солақай саясаттың кесірінен көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі соққы жасалды. Көшпелі халықтарды отырықшылыққа айналдыру, бұл үшін әлділерді тәркілеу ісі қолға алынды. Әлді шаруашылықтарды тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады.

Ал, 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдардың шаруашылығын тәркілеу мен жер аудару туралы» декреті қабылданды. Бұл декретке сәйкес байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударылды. Тәркілеу туралы заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда ірі малы 400-ден асатын, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер енгізілді. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай мен жартылай феодалдың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен жүргізілді. Бір өкініштісі, байлардың қатарында солақай саясаттың салдарынан көптеген орта шаруалар қосылып кетіп, тәркілеуге ұшырады.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қорында Атырау облысымен қатар, басқа да өңірлерде тәркілеудің қалай жүргізілгені туралы құжаттар сақталған. Бұрынғы Гурьев округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталыпты. Округ аумағында ірі байлардың мал, дүние-мүлкін тәркілеу мақсатында құрамында 5 мүшесі бар округтік комиссия құрылған. Ж.Мыңбаев – комиссия төрағасы, Орталық атқару комитетінің өкілі, Мартынов – комиссия мүшесі, Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) бастығы, Жиенбаев – комиссия мүшесі, жерге орналастыру бөлімінен, Сағындықов – комиссия мүшесі, «Қосшы» Одағының төрағасы, Төрешев – комиссия мүшесі, Жер-орман басқармасының төрағасы, Дауылбаев – округ прокуроры (кеңесші дауыспен). Құрылған комиссиялар аудандар аумағындағы ірі байларды тәркілеу жұмысына қатысып, ауылдарда түсінік, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бастапқыда Қазақ өлкелік комитеті Гурьев округі бойынша 40 шаруашылықты, оның 35-ін бірінші топқа, 5-уін екінші топқа жатқызып тәркілеуді жоспарлаған. Сол кездегі Гурьев округінен 24 бай тәркілеуге жатқызылған.

Тегі, аты-жөні

Санаты

Шаруашылығындағы мал саны (ірі қараға айналдырғанда)

1928 ж.1 қаңтардағы мәлімет

Тексерген кездегі мәлімет

Тәркілеу уакытында

Жаманқала ауданы
1.Бегалиев Сыралы

1

440

309

216

Есбол ауданы

1. Мамешев Майқы

1

310

389

350

Новобогат ауданы

1.Исмағұлов Смадьяр

2.Бисалиев Арыстан

3.Мамекенов Қажығали

4.Жармағанбетов Ерғали

5.Омаров Майран

1

1

2

2

2

320

350

305

290

160

325

223

311

360

233

192

169

98

202

149

Қызылқоға ауданы

1.Кемесаев Байтілеу

2.Мендалиев Демеу

3.Жұмабаев Дүзелбай

4.Игіліков Әлжан

5.Жұлдызов Жұмағұл

6.Елеубаев Бабас

1

1

1

2

2

1

250

348

686

225

90

750

730

356

824

50

92

277

610

287

684

40

62

115

Доссор ауданы

1.Нұржанов Саржан

2.Бекмурзин Қазбек

3.Үмбеталиев Жақсығали

4.Баетов Ермағамбет

5.Жұбаниязов Қапу

6.Айжігітов Аманша

7.Қожағұлов Аманбай

8.Қожағұлов Жаманбай

1

1

1

2

1

1

1

1

433

300

419

392

-

-

-

-

435

307

301

141

368

355

316

304

384

153

238

99

230

238

128

132

Теңіз ауданы

1.Танашев Құсайын

2.Құрманбаев Қайырлы

3.Салиев Жұмағали

2

2

1

170

130

-

70

60

170

49

51

110

– Байлардың малын тәркілеу қалай жүргізілген?

– Бұл нәубет «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұстаныммен жүргізілді. Әр ауданда жиындар өткізіліп, байлардың іс-әрекеті «әшкереленіпті». Мәселен, Новобогат ауылында жергілікті бай Ерғали Жармағанбетовтің мал-мүлкін тәркілеуге байланысты өткен жиында кедей Жақып Жантазиев: «Мені 1916 жылы старшын болып тұрған кезінде тылдың қара жұмысына тіркеу тізіміне жазды. Бір өгіз, 5 рубль ақша, бір мая шөп, яғни пара беріп қалдым», деген. Ол байды тап жауы ретінде тәркілеуді ұсынған. Оны орташа шаруа Бекмұхамедов қолдаған.

Қаңбақты ауылында тағы бір бай – Смадьяр Исмағұловтың дүниесін тәркілеу кезінде Демен Көбусынов оның 1916 жылы патша үкіметі органдарына қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуға көмектескенін, Уақытша үкімет органдарына материалдық көмек көрсеткенін айтқан. Бақташы Сүндет Алдабергеновтің баяндауынша, аяғы үсіп, мүгедек болып қалғанда емделу үшін көмек сұраған. Сол кезде байдың сабағанын, өзінің малын Дауытов дегеннің атына жазып, бөлшектеп таратқанын, салықтан жалтарғанын, тәркілеуден 95 қойын жасырғанын келтірген.

Барлық ауданда байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде жиындар өткізілген. Тәркілеу кедейлер тарапынан қолдау тапқанын архив құжаттары нақтылай түседі.

– Мал-мүлікті тәркілеу жергілікті тұрғындарға қалай әсер етті? Тұрғындар тәркілеуді қолдады ма, әлде оған қарсы болған ба?

– Қазақтың ұғымында «Малым жанымның – садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін тәмсіл бар. Сол себептен, халқымыз мал-мүлікті тәркілеуді жанын алғанмен бірдей көреді. Жалпы, тәркілеуді тұрғындардың бәрі дерлік қолдады деуге болмайды. Мәселен, Теңіз ауданында өткен жұмысшылардың жалпы жиынында №30 мемлекеттік балық тресінің есепшісі Аполихин комиссия өкілдерінің жұмысына тонаушылық деп баға берген. Ол тіпті жұмысшылар мен кедейлерді тәркілеуге қарсы болуға ашық шақырған. Бұл әрекеті үшін жауапқа тартылған. Ал, Новобогат ауданының Бегайдар ауылында жергілікті тұрғындар бай Жұмағали Жанғожиннің өздерін бандылардан қорғағанын алға тартып, оның малын тәркілеуге қарсылық білдірген.

Сондай-ақ, Арыстанғали Бисалиевті 67 адам қол қойып, ұйымшылдықпен қорғаған. Осы ауданның Қаңбақты ауылдық кеңесінің төрағасы Ықыласов пен аудандық комиссияның өкілі Т.Алдоңғаров жергілікті байлар С.Исмағұлов пен М.Омаровтың малын әдейі таратқаны үшін істері сотқа беріліп, қызметтерінен шеттетілген. Сөйтіп, өлкемізде байларды тәркілеудің нәтижесінде 24 байдың 20-сы атақонысынан – Петропавлға, үшеуі – Қазақстан территориясынан шеткері елге, біреуі округ аймағынан тыс тұрғылықты мекенді таңдау құқығымен жер аударылған. Қазақстан аумағынан тыс жерге Теңіз ауданынан тәркілеуге ұшыраған Қ.Танашев, Қ.Құрманбаев, Қызылқоға ауданынан Ж.Жұлдызов айдалды. Сондай-ақ Новобогат ауданының байлары М.Омаров пен С.Исмағұлов әкімшілік күштеу арқылы жер аударылған.

– Атырау өңірінен тәркіленген малдың нақты есебі, қайда жіберілгені туралы дерек бар ма?

– Байлардан тәркіленген малдың нақты есебін білу әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ тәркілеуден жиналған малдың есебінен 24 ұжымшар ұйымдастырылған. Алайда, байлардың алдымен жерін, одан соң малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу ешқандай нәтиже бермеді. Керісінше, кедей шаруашылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу кезінде адам құқы мен заңдылық өрескел бұзылды. Қазақ ұлтына жасалған осынау нәубетке саяси баға берілуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар