Қазақ жазушылары туралы көркем фильм жарыққа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат - 6 қыркүйек күні Елордамызда «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген, режиссер Мұрат Бидосовтың «Қаламгер» драмасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар» агенттігі.

Көркем фильмнің сценарийін - Сержан Зәкерұлы жазған.

Картинада өткен ғасырдың 70-80-жылдарында өмір сүрген қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы суреттеледі. Сол замандағы дүйім жұрттың барын баптап, жоғын жоқтаумен жүрген қарымы мол қазақ жазушыларының бастан кешкен нәубеттері, заман мен адам ағымындағы қарама-қайшылықтар, билік пен бұқара арасындағы байланыс осы фильмге арқау болған.

«Жазушылар Одағының биік мінберінде партияның жалынды үндеулері жарияланса, Жазушылар үйінің іргесіндегі «Қаламгер» дәмханасында айтылатын әңгімелердің ауаны тіпті басқа болатын. Компартия нұсқауларының күші жүрмейтін, цензураның қамыты қыспайтын, жазушылардың ойын ашық айтып, әзілі мен астарлы әңгімесі, қалжыңы мен қағытпасы қатар жүретін «Қаламгер» дәмханасы сол кездегі қоғамның шынайы бет-пердесінің символы ретінде алынып отыр. Аталмыш драма бір жағы - қолына қалам ұстаған жазушы қауымды меңзесе, астарлы мағынасында қаламгер қауымның тәуелсіздікке ұмтылған бұлқынысы, ішіне сыймаған шерлерін тарқататын орын - «Қаламгер» дәмханасы жайында болады», - дейді картинаның режиссері Мұрат Бидосов.

Оқиға желісі бойынша Алаш әдебиеті тақырыбында мақала жазып көзге түскен Сәтжан есімді жас жазушы белгілі профессордың шақыруымен Алматыға келеді. Жазушылар одағына жұмысқа орналасып, профессордың жетекшілігімен атын атауға тиым салынған Алаш әдебиетінің ақтаңдақ беттерімен тереңдей танысып, ғылыми дисертациясын жазуға кіріседі. Жазушылар арасында Орталық Комитеттің көзі мен құлағы болып жүретіндер Сәтжанның әр басқан қадамын аңдып, оның ісіне барынша тосқауыл қояды.

Жалпы фильм өмірде болған адамдардың прототиптері арқылы, олардың басынан кешкен нақты оқиғаларына сүйене отырып сол дәуірдің тыныс-тіршілігін көрсетеді.

«Туынды кейіпкерлерінің көпшілігі тарихи тұлғалар. 70 жылдарда өмір кешкен ақын-жазушылар. Бұл тарихи оқиғалар мен шынайы адамдардың басынан кешкендері болғанымен, көркем туындыға тән оқиға желісі де қатар өрбиді. Тарихи тұлғалармен қатар, көркем образдар да қосылған. Туындыдағы бас кейіпкер Сәтжан өз дәуіріндегі қаламгер қауымының жиынтық образы болса, оған қарсы тұратын жағымсыз кейіпкер де сол дәуірдегі партияның сойылын соққан, уақыттың құрбаны деугеде болады» - дейді «Қаламгер» фильмінің сценарий авторы Сержан Зәкерұлы.

Фильмге көрнекті жазушы Дулат Исабеков және ақын Бақыт Беделхандар кеңесші ретінде тартылып, туындының жалпы мазмұны мен көркемдік талаптары сол кісілердің сүзгісінен өткен.

Картинада басты рөлдерді Бағдаулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Наргиз Алтайбай, Ергенбай Абуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамытов, Кенен Ақүрпеков, Айдар Аманбай және т.б. актерлар сомдайды.

Айта кетейік, туынды 12 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі.

Драманың трейлерін мына сілтеме арқылы көре аласыз.




Соңғы жаңалықтар