Қазақ жастарының білімді, зейінді болғанын қалаймын – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Әр шәкірті білімді, зейінді болса, бұл – мұғалімнің мерейі. Осы орайда, орта білім беру мазмұнын жаңарту бағытында енгізіліп жатқан жаңашыл мақсат мен міндеттерді, жаңа технологияларды, құзыреттілікке негізделген бағалаудың жаңа формасын алдымен мұғалімнің өзі игеруі керек. Биыл білім саласының бірнеше өкілінің қатарында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленгендердің бірі – атыраулық жоғары санатты мұғалім Ақмарал Ғабдуллина мамандық таңдау сыры, жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Ақмарал Ләйкеқызы, ұстаздық кәсіпті таңдауыңызға не себеп болды?

– Балалық шағым Индер ауданындағы Көктоғай ауылында өтті. Осы ауылда Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың есімі берілген орта мектепте білім алдым. Мектепті бітірген соң 1983-1988 жылдары Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түстім. Мұғалімдік мамандықты таңдауымның мынадай себебі бар. Біріншіден, менің атам Ғабдолла Байбек ХХ ғасырдың 30-жылдарында Толыбай ауылдық кеңесінде ұстаз болып, ілім-білімге құштар балаларды оқытып, елді сауаттандыру ісіне өз үлесін қосқан. Екіншіден, шешем Салиха Ибатова ауылдағы мектепте орыс тілінен дәріс берді. Мектепте оқыған жылдары анамның жұмыс тәжірибесін, адамгершілік қасиеттерін үлгі тұттым. Тарих факультетіне баруыма мектепте осы пәннен сабақ берген Ғаділжан Кереевтің ықпалы тиді. Институттан соң өзім туып-өскен ауылдағы білім алған мектебіме жұмысқа орналастым.

– Өзіңізге дәріс берген ұстаздарыңызбен бірге жұмыс істеу қиын болмаған шығар...

– Қазір осы мектепте табан аудармай, жұмыс істегеніне 33 жылдан асты. Алғашқы жылдары мектеп директоры Әбдірахман Кәрентаев, оқу ісінің меңгерушісі Гүлбану Әжіғалиева, Ғаділжан Кереев, Ілияс Оразғалиев сынды ұстаздар еңбекқорлыққа, мамандыққа адалдыққа үйретті. Өйткені, олардың үлгі боларлық тәжірибесі мол болды. Олар үнемі «Ізден, біліміңді жетілдір, мектепке сабақ басталардан 15 минут бұрын келуді дағдыға айналдыр» деп ақыл-кеңесін беріп отыратын.

– Еліміздің білім саласында біраз реформа жүргізілді. Бүгінгі білім беру жүйесі туралы ойыңызды білсек...

– Бүгінгі білім беру жүйесінің басты кредосы – өзгеріс, жаңару, даму, өркендеу. Осыған орай тың идеяларға қолдау көрсетіліп келеді. Оң бастамалардың қолданысқа енгізілуіне жол ашылды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы – сапалы білім алуға негізделген заманауи үлгідегі бағдарлама. Онда әр пәннің әдістемелік әлеуетін қолдануға, оқу, жоба, зерттеу тәсілдерін меңгерту арқылы оқушылардың дербестігін дамыту көзделіп отыр. Қазір мектеп мұғалімдерінің көзқарасы, сабақ өткізу әдісі, оқушылардың өзара қарым-қатынасы түбегейлі өзгерді. Мұғалімдер бұрынғы әміршілдік стильден арылды. Оқушылар сабақ кезінде тек тындаушы, орындаушы ғана емес, ізденуші ретінде дәріс алады.

– «Ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім деңгейі төмен» деген пікір айтылып қалады. Шынымен солай ма?

– Мұндай жаңсақ пікір алдымен ауыл мектебіндегі мұғалімдердің абыройына дақ түсіреді. Мен мұнымен келіспеймін. Өйткені, әлгіндей пікір кеңестік білім беру жүйесінде қалыптасқан болатын. Әрине, сол кезде ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасының төмен болған шығар. Алайда, қазір біздің еліміз тәуелсіздік алды. Ауыл мектептеріндегі жағдай күрт өзгеріп, материалдық-техникалық базасы жаңарды. Үлкен қалалардағыдай мектептер ауылдарда да бар. Ауылдағы мұғалімдер біліктілігі де жоғары. Олар жаңа технологиямен жұмыс істей алады. Сондықтан, білім сапасын объективті, субъективті өлшем-шарттар арқылы талдау қажет. Әр ұстаз шәкіртінің білімді, зейінді болғанын қалайды. Демек, орта білім беру мазмұнын жаңарту бағытында енгізіліп жатқан жаңашыл мақсат мен міндеттерді, жаңа технологияларды, құзыреттілікке негізделген бағалаудың жаңа формасын алдымен мұғалімнің өзі игеруі керек. Бұл сапалы білімге қол жеткізудің басты – кредосы.

– Биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болдыңыз. Бұл атақтың берілуін қалай қабылдадыңыз?

– Шынымды айтсам, елордадан «18 наурызда министрлікке келіңіз. Министрдің қолынан марапат аласыз» деген шақырту жеткенде, қобалжығаным рас. Оның үстіне үшінші оқу тоқсаны аяқталатын, оқушылардың білім деңгейін қорытындылайтын кез ғой. Сондықтан, «елордаға баруға уақытым жоқ» деп бас тартуды ойладым. Бірақ, еңбегіңді елеп, мұғалімдерге алғаш рет берілген марапатқа ұсынған жандарды құрметтеген жөн ғой. Бұл атақ Президент Жарлығымен берілді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі тапсырды.

– «Мұғалімнің бос уақыты болмайды» дегенді естиміз. Бұған не дейсіз?

– Менің басты ұстанымым – үнемі оқу, іздену, үйрену, көңілге түйгенімді шәкірттерге үйрету. Шындығында, көп уақытымды күнделікті сабаққа дайындалуға жұмсаймын. Себебі, әр сабақты оқушыларды жалықтырмау үшін өзгеше өткізуге тырысамын. Бұл үшін әрине, біліктілікті арттыру қажет. Бірақ, әдеби шығармаларды оқуға да уақыт табамын. Әсіресе, дана Абайдың ұлағатқа толы шығармаларын, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» қайта-қайта оқимын. Қазір Стивен Фредерик Старрдың «Утраченное просвещение» кітабын оқып жрмін.

– Хоббиіңіз әдеби кітаптарды оқу ма?

– Солай деуге болады. Менің әкем көліктің ақауын гүрілінен танитын жөндеуші еді. Жұмыс орны гараж ғой. Кешке дейін сол жерден шықпайтын. Бірақ, қазақша, орысша сауатты болатын. Газет-журналдарды, әдеби кітаптарды көп оқитын. Бір айлық жалақысына жазылған газет-журналдарды текшелеп жинап қоятын. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін шешем бос уақыты көп болмаса да, арасында кітап, газет-журнал оқып отыратын. Солардың үлгісімен әдеби шығармаларды оқуды жалғастырып келемін.

– Ұстаз ретіндегі басты арманыңыз қандай?

– Мұғалімнің бір арманы бар шығар деп ойлаймын. Бұл – өзі оқытқан шәкірттерінің жетістігін көру. Ал, мен «Қазақтың жастары осы заманның озық ілім-білімін игеріп, жаңа технологияларды меңгерсе екен» деп армандаймын. Өйткені, өмір бір орнында тұрмайды. Ұрпақ алмасады. Технологиялар өзгереді. Демек, бәсекеге қабілетті, экономикасы өркендеген озық ел болу үшін жастарымыз замандастарынан қалмай, ең үздік универитеттерде жоғары білім алып, ғылымды игергенін қалаймын.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ауыл мұғалімі «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар