Қазақ және корей тілдерінің Орал-Алтай тобында болуы тарихымыздың ортақ екенін көрсетеді- Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Корея Республикасы бүгінде сенімді серік әрі стратегиялық әріптес. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

«Қазақстан мен Корея Республикасы бүгінде сенімді серік әрі стратегиялық әріптес. Біздің қарым-қатынастарымыздың тамыры терең және берік. Екі халықтың мәдени және сауда байланыстары Ұлы Жібек жолы заманында өркендеп, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқаны белгілі. Қазақ және корей тілдерінің Орал-Алтай тобында болуы халықтарымыз тарихының ортақ екенін көрсетеді. Біз Оңтүстік Кореяны экономикалық жетістіктеріне және корей халқының мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қараймыз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Қазақстандағы корей диаспорасы екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір ретінде бұл үдерісте маңызды рөл атқаратындығын баса айтты.

«Сіз кеше ғана Кореяның ұлттық батыры Хуан У Джон мен ағартушысы Говен У сүйектерін туған жеріне қайтарып, игі де ізгі миссияны атқардыңыз. Осы орайда еліңіздің тәуелсіздігі үшін күрес жолындағы қозғалыстың 100 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда екі елдің арасында кең ауқымды дамып келе жатқан үйлесімді қарым-қатынастарға қол жеткіздік деп нық сеніммен айтуға болатындығын атап өтті.

«Саяси тұрғыдан өзара мүдделерімізді құрметтеуге негізделген ынтымақтастықтың тиімді үлгісін қалыптастырдық. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күнтәртібіндегі барлық мәселелер іскерлік және сындарлы негізде шешімін табуда. Екіжақты қарым-қатынасты дамытуда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлін атап өту қажет. Бүгінгідей тарихи оқиғалар кезеңінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы сабақтастық сақталатындығын және қазақ-корей қатынастарын тереңдетуге ерешке мән беретіндігімізді растаймыз. Біздің қабылдап отырған бірлескен мәлімдеме соның айқын дәлелі. Бұл екі елдің мүддесіне сай келеді деп кәміл сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар