Қазақ ұлттық университетінде шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби кітаптарының тұсаукесері өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұрасы бойынша дайындалған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

ҚазҰУ-дегі Әлем халықтары әдебиеті институты және «Әл-Фараби» орталығы бірлесе отырып Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала» мен «Музыка туралы кітап» атты еңбектерінің екі томын, «Ақыл кітабын» («The Book of Mind» орыс және ағылшын тілдерінде) және «әл-Фараби туралы кітап» жинағын жарыққа шығарды.

«1991 жылдың 23 қазанында біздің университетімізге түркі дүниесінің көрнекті өкілі, философ, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілген болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын зерттеуге ерекше назар аударылып келеді. Оқырман назарына ұсынылған кітаптар үлкен ұжымның үлкен еңбегінің жемісі»,- деді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына байланысты мұнда Фараби мұрасын зерттеу қызу қарқын алғанын атап өткен жөн. 2013 жылдың 23 желтоқсанында университетте «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасы жол тартты. Ол әл-Фараби бабамыздың ізгілік қаласы туралы іліміне негізделген. Жобаны жүзеге асыру мақсатындағы басты шаралардың бірі - әл-Фараби мұрасын қалың көпшілікке жеткізуге бағытталған оқу құралын қазақ және орыс тілдерінде дайындау ісі жүзеге асты. Тұсаукесер рәсімінде «Әл-Фараби және қазіргі заман» деп аталатын оқу құралы ұсынылды.

«Үш жылдан бері біздің оқу орны КазҰУ-дың философия және саясаттану факультетімен біріге PhD докторларын дайындап, жазғы семестр ұйымдастырып келеді. Біз үшін әл-Фараби мұраларын зерттеуге үлес қосу - үлкен мәртебе. Өйткені, оның шығармашылық мұрасы батыс пен шығыстың мәдени бірлігінің символына айналды», - деді Техас технологиялық университетінің профессоры Марк Вебб.

Соңғы жаңалықтар