Қазақ төбеті мен тазысы шекарамызды қорғайтын болады

None
Кадр из видео
АСТАНА. ҚазАқпарат – Малды ауылдың айбары болған қазақ төбеті мен түз алғыры болған тазы шекара күзетіне тартылуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің кинологтары көшпелі өркениеттің көркі болған қазақ тазысы мен төбетін баули бастады. ҚазАқпарат тілшісі Шекарашылар күні қарсаңында осы істің басы-қасында жүрген мамандардың жұмысымен танысып қайтты.

Сайын даланың аң-құсына оқ жұмсауды обал деп білген көшпелі бабамыз ит жүгіртіп, құс баптаған. Табиғатқа деген жанашырлық осылайша қазақ жерінде саятшылық дейтін дегдар кәсіпті қалыптастырды. Ал малды ауылға айбар болған маңғаз төбет төрт түліктің құты ретінде қастерленді. Сондықтан иттің тектісін ғана таңдап ұстап, керегіне баули білген қазаққа кинология дейтін сала жат емес.



Бірақ күні бүгінге дейін қазақ кинологтары еуропалық ит тұқымдарын ғана баулып келді. Неміс овчаркасы, Шығыс Еуропа овчаркасы, Бельгия овчаркасы сияқты текті тұқымдар шекарамызды күзетуге де атсалысып жүр. Өйткені бұл тұқымдардың қолға тез үйренетіні, төрт аяқты тіршілік иесі үшін күрделі саналатын міндеттерді мүлтіксіз орындайтыны халықаралық тәжірибеден белгілі.

Қызметтік кинология басқармасының Алматы облысындағы базасында жоғарыда ақылды иттердің түр-түрі «әскери даярлықтан» өтіп, қызметке «жолдама алады». Күшік кезінен адаммен қанаттасып, аса жауапты жұмыс атқаруға машықтанған ақылды иттер еліміздің түкпір-түкпіріне осы жерден таратылады. Яғни бұл базаны иісшіл иттер мен соларды баулитын кинолог мамандардың ұстаханасы деуге болады.


Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының бастығы Рустам Сайдимаровтың айтуынша, жыл сайын Шекара қызметінің бөлімшелеріне 170-ке дейін маман дайныдықтан өтіп, қызметке кіріседі екен.

«Сондай-ақ, өзара іс-қимыл аясында «А» арнайы қызметі мен Мемлекеттік күзет мамандары да дайындықтан өтеді», - дейді ол.


Иттер әбден дайын болғанда есірткі заттарын іздеуге, жарылғыш заттар мен атыс қаруларын іздеуге, декаларцияланбаған валютаны іздеуге, шабуыл қызметін сүйемелдеуге жіберіледі. Сол иттерді баптау арқылы болашақ кинологтар өз бетімен итті қолға үйрететін маман болып қалыптасады. Ал кинологтарды дайындайтын офицерлер АҚШ, Литва, Аустрия сияқты жетекші елдерге барып, озық тәжірибелерді меңгерген көрінеді.

«Мұнда негізінен неміс және Шығыс Еуропа овчаркасы, малинуа (Бельгия овчаркасы) сияқты жалпақ әлемге танымал тұқымдар өсіріліп, қызметке үйретілетін», - дейді бөлімше бастығы, капитан Бауыржан Зәкін.


Енді олардың қатарын қазақтың төбеті мен тазысы толықтырмақ.

Президенттің қазақ тазысы мен төбетінің тұқымын жандандыруға бағытталған Жарлығы шекара қызметінде осылай қолданысқа алынып отыр.

Қазір мамандар бұл тұқымдардың әскери қызметтегі артықшылықтары мен ерекшеліктерін таразылап жатыр. Ақылды иттердің түр-түрін көріп жүрген кинологтар сынаққа алынған тазы мен төбет күшіктерінің иісшілдігі мен ұшқырлығына тәнті.


«Биылғы мамыр айынан бастап «Жеті қазына» қауымдастығынан алынған екі төбет күшіктің қабілетін тексеру үшін тест жүргізіп жатырмыз. Екеуі де жақсы қырымен көзге түсіп жүр. Есту қабілеттері өте жоғары дамыған. Адамға өте тез бейімделеді. Жыл аяғына дейін осы екі күшікке жасалған сынақтар негізінде қорытынды жасап, қандай қызметке қолданатымызды айқындаймыз», - дейді бөлімше бастығы, капитан Әлімжан Құлмағанбетов.


Ал тазы шекара күзетінде атпен бірге қолданылуы мүмкін.

«Ата-бабамыз тазыны аңшылыққа пайдаланғаны белгілі. Мұндағы күшіктерді сынақтан өткізгенде байқағанымыз, жүйріктігі керемет. Мінезі жұмсақ, икемді. Осының бәрін ескеріп тазыны атпен бірге іздестіру, із кесу жұмыстарына қолдансақ деп ойлап отырмыз. Иісшілдігінің арқасында шекара бұзушының ізіне оңай түсіп, жүйріктігінің арқасында қашқан қаскөйді ұстауға кететін уақыт қысқаратын еді. Тазының иіс сезу қабілеті өте жоғары болғандықтан есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуге де пайдалануымыз мүмкін. Оның бәрін уақыт көрсетеді», - дейді Бауыржан Зәкін.


Осылайша малды ауылдың тыныштығын күзеткен маңғаз төбет пен саятшының серігі болған қазақ тазысы бүгінге дейін көшпелі өркениет атрибуты ретінде дәріптеліп келсе, енді елдің шекарасын күзететін айбынымызға айналуы мүмкін. Оның бәрі кинологтардың тәжірибесі мен ғылыми ізденістері қандай нәтиже беретініне байланысты.


Соңғы жаңалықтар