Қазақ тіліне бауыр басып, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым – атыраулық кәріс қызы

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлттың өкілдері өте көп. Кәріс қызы Вера Шин қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанына өкінген емес. Ол ҚазАқпарат тілшісіне жан сырын бөлісетін құрбыларын да қазақ қыздарынан тапқанын, қазақ тілін ана тіліндей қадірлейтіні жайлы айтып берді.

– Вера, қазақ тілін қашан, қалай үйреніп алдың?

– Мен Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында өмірге келдім. Біздің ауылда қазақтар да, корейлер де, орыстар да, басқа да бірнеше өзге ұлт өкілі тұрады. Балалық шағым сол ауылда өтіп, орта мектепті бітірдім. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ерекше жақсы көрдім.

Бұл пәннен Орынбек Ізбасаров деген ағай дәріс берді. Сол ағай қазақ тілін керемет үйретті бізге. Ол бізді өзге ұлт өкілдері қатысатын мемлекеттік тіл байқауларына дайындады. Қазір соның жемісін көріп жүрмін.

– Ата-анаң қазақ тілін жете меңгерсем деген талабыңа қалай қарады?

– Менің әкем Виктор – корей жігіті, шешем Надежда – орыс қызы. Шешемнің ата-анасы Индер ауданының Өрлік ауылында тұрған. Кейін нағашыларымыз біздің ауылға көшіп келген ғой. Содан әкем мен шешемнің дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерген. Қазақ ауылында өскендіктен болар, шешем де қазақша жақсы түсінеді.

Әке-шешем менің қазақ балаларымен достасып, жақын араласқанымды, тіпті қазақша үйренгенімді қолдады. Олар әрдайым менің талабыма, апа-сіңлілеріме қолдау білдіруден танбады. Менің мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістігіме, әсіресе қазақ тілі байқауларында жүлделі орынға ие болсам, ұдайы қуанып отырды.

Әкем үнемі «Қызым, қазақшаны жақсылап үйреніп ал, бұл өзің үшін қажет болады» деп отырушы еді. Бұл сөзді мен үшін әкемнен қалған аманат секілді көрінеді. Шешем де ешқашан қарсылық білдірген емес.

– Қазақ жастары арасында достарың бар шығар. Олармен жиі араласып тұрасың ба?

– Білесіз бе, өмірдегі ең қымбат санайтын құрбыларымды қазақ қыздары арасынан таптым. Сенбей отырсыз ба? Біздің ауыл кезінде Чкалов деп аталғанмен, мұндағы тұрғындардың басым бөлігін негізінен қазақ отбасылары құрайды. Бір көшеде тұрған қазақ балаларымен күнде бірге ойнайтынбыз.

Солардың арасынан Нұршат Сапанова, Жадыра Жиенқұлова секілді жан сырымды бөлісетін құрбыларымды жаныма ерекше жақын тартамын. Менің қазақ тілін жетік білуіме де осы құрбыларымның сіңірген еңбегі зор. Достығымызға сызат түскен жоқ. Нұршат пен Жадырадай құрбылар таппасам, бәлкім, қазақ тілін дәл бүгінгідей жетік білмеген болар едім.

– Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?

– Неге олай дейсіз? Мен осы тілді үйренуге ниет еткелі бері көзім мынаған жетті. Әлемде бірнеше жүз тіл болса, соның ішінде қазақ тіліндей ең сұлу, ең шұрайлы тіл жоқ шығар. Өйткені, бұл тіл – менің жүрегіме ең жақын тіл. Сөздік қоры көп, ең бай тіл де – қазақ тілі. Мені ешкім қазақ тілін үйренуге мәжбүрлеген жоқ.

Өзімнің жүрек қалауыммен үйренуге талпынғандықтан ба, әлде корей мен қазақ халқының салт-дәстүріндегі кейбір ұқсастықтар қызықтырды ма, әйтеуір, қазақ тілінің түпсіз терең иіріміне қалай бойлағанымды өзім де байқамадым. Қазақ тілін өте тез үйрендім. Қазақтың жанын бір кісідей ұғына аламын.

Қазақ тілі мен үшін өзімнің ана тілімдей болып кетті. Абай атамыз адамдық болмысты «Адам болам десеңіз, Бес нәрсеге асық бол. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой» деп суреттейді емес пе? Осынау бес талапты орындауға шын ниетімен асық болып, талаптанған адамға қазақ тілін үйрену соншалықты қиын болмайтынына сенімдімін.

– Қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпсың, оның ата-анасы сені қалай қабылдады?

– Қазақ тіліне бауыр басқаным соншалықты, Абзал есімді қазақ жігітімен тағдырымды байланыстырдым. Бір-бірімізді бала күнімізден білеміз, бір көшеде тұрдық. Оның үйі мен біздің үйдің арасында бір ғана үй бар. Біз бала күнімізде талай бірге ойнағанбыз. Бала күнгі достығымыз үлкен сезімге ұласты. Әке-шешелеріміз де бір-бірін жақсы таниды.

Егер мен қазақ ауылында өспесем, қазақ тілін білмесем, қазақ отбасының шаңырағына келін боп түскенде қатты қиналар едім. Бағыма қарай, Абзалдың ата-анасы мені құшақ жая қарсы алды. Абзал – отбасының үлкен баласы. Бірақ ата-енем мені шаңыраққа түскен келін деп емес, өздерінің қыздарындай жылы қабылдады.

Бұл – үлкен әулет. Мені келін болып түскенде, жасы 84-ке келген үлкен енем, яғни Абзалдың әжесі қарсы алды. Сол кісі маған бар мейірімін төгіп, алғашқы күннен «қызым» деді. Сонда маған бұл өмірде әжемізден қымбат жан жоқтай көрінді. Ешқашан келін демеді. Осы әжеміз тұңғыш қызымыздың атын Эльза деп қойды. Атам менің атымды Үміт деп қазақша атады.

– Өзіңнің ата-анаң қарсылық білдірген жоқ па?

– Әке-шешемнің о бастан менің әрбір қадамымды қолдайтынын білемін ғой. Абзал екеуміз сөз байласып, шаңырақ көтеруге уағдаласқанда, олардың қарсылық танытпайтынына сенімді болдым. Абзалдың ата-анасы қазақы дәстүрмен құда түсіп келді. Мұндай дәстүр біздің халықта да бар. Әке-шешем қарсылық білдірмеді.

Өйткені, олардың өздері де жүрек қалауымен шаңырақ көтерді ғой. Сол себептен болар, біздің таңдауымызды құптады. Ақыл-кеңесін айтып, келешек өмірімізге тілеулестік танытты. Өйткені, қазақ пен корей халықтарының дәстүрінде ұқсастықтар өте көп. Бұл да әсер еткен болар деп ойлаймын.

– Өмірде нені қадір тұтасың?

– Әр адамның өмірде қадір тұтатыны көп. Барлығы дерлік ата-анасын қадірлейді. Өмірлік серігің болар жарыңа құрмет көрсету де қанымызда бар қасиет. Біреулері жан сырын бөлісетін досын құрметтейді. Кіндік қаның тамған, балалық балдәуренің өткен туған жер де жүрек түкпірінен ешқашан өшпейді. Бәрі де дұрыс, мен де осы қағидаларды ұстанамын.

Сонымен бірге, туған еліңнің тәуелсіздігін қадір тұту бәрінен жоғары тұруы қажет деп ойлаймын. Бұл – Қазақстанды мекен еткен әр азаматтың көкейінде жүретін басты мақсат. Неге дейсіз ғой. Өйткені, біз қазір Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатырмыз.

Әлемнің көптеген елінде түрлі қақтығыстар, экономикалық қиындықтар болып жатқанын білеміз. Табиғат апатының зардабына ұрынып жатқан елдер де көп. Ал, біздің еліміз осындай қиындықтардың біріне кезікпегеніне шүкірлік етуіміз керек.

Қазақстандай татулығы жарасқан бейбіт елде тұрып жатқан баршамыз мемлекеттік тілімізді қадірлей білуіміз керек қой. Өйткені, мемлекеттік тіл – Қазақстанды мекен еткен барша ұлтты ұйыстырушы, отаншылдық сезімін қалыптастыратын, бірлік пен ынтымаққа үндейтін тіл.

Қазақ жерінде тұратын өзге ұлттардың әр азаматы қазақтың тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тереңірек білгісі, қазақ халқының жанын ұққысы келсе, алдымен қазақ тілін меңгеруі қажет. Бұл – баршамыздың міндетіміз.

Мен қазақ тілін қадірлеп қана қоймай, ана тілімдей сүйемін! Себебі, мен өз ана тілімнен бұрын қазақ тілін жетік меңгердім. Қазақ тілін еркін меңгеруімнің нәтижесінде жетістікке жеттім.

Қазақтың Абзалдай азаматымен шаңырақ көтеріп, қазақ отбасының шаңырағына келін болып түстім. Қазақ тілінде жетік сөйлегендіктен, университеттің қазақ бөлімін сәтті бітірдім. Ендеше, мен қазақ тілін қалайша қадірлемеймін!?

Кезінде ата-бабаларымыз қиындыққа тап болғанда, төріне шығарып, дастарқанынан дәм татқызған қазақ халқына шексіз құрметімізді мемлекеттік тілді меңгеру арқылы білдіргеніміз орынды деп ойлаймын.

- Әңгімеңе рахмет!


Соңғы жаңалықтар