Қазақ тіліндегі терминдердің 70-80 пайызын кірме сөздер құрайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Байынқол Қалиев Астанада өткен республикалық семинар-кеңесте терминология саласындағы бірқатар мәселелерді атап көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ғалымның айтуынша, алғашында термин жасаумен, оларды бекітумен, бекітілген терминдердің тілімізде дұрыс қолданылуын қадағалаумен тікелей айналысқан терминология комиссиясы соңғы уақытта термин бекітумен ғана шектеліп қалды. Ал термин жасау тек сөздік жасаушы мамандарға қалдырылды. Салдарынан терминком бекіткен терминдерде бірізділік, жүйелілік жоғалып, кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар пайда болған.

«Кезінде терминком «творчество» терминін «творчество» және «жасампаздық» деп екі сөзбен бекіткен еді. Кейіннен аталған қазақша баламасы «шығармашылық» сөзімен ауыстырылды. «Алқа» сөзін бұрын «коллегия» деп алса, кейінірек ол сөзді «совет» терминінің бір мағынасы ретінде тағы бекітті. Жиынтық сөзі бұрын «совокупность» терминінің баламасы ретінде берілсе, кейінірек «комплекс» терминіне балама ретінде ұсынды. Ал қазір «комплекс» сөзін «кешен» деп айтып жүрміз», - деп дәйектеме келтірді ол.

Сонымен бірге, Б. Қалиев қазақ тіліндегі терминдердің 70-80 пайызы орыс тілі арқылы енген кірме сөздерден құралатындығын және бір терминге орыс және қазақ тілдеріндегі екі баламаны қатар беруге болмайтынын баса айтты.

«Кейде терминком бір терминнің қазақша баламасы ретінде екі сөзді қатар қолдануды ұсынды. Оның бірі орысша, екіншісі қазақша. Мәселен, «аудитория - аудитория, дәрісхана» деп қатар берілді. «Логика - логика, қисын» деп бекітілді. Қазір қайсысымыз «қисын» сөзін қолданамыз, бәріміз «логика» деп жүрміз.  Орысша және қазақша баламасы қатар тұрса, сөз жоқ, адамдар орысшасын таңдайды да, қазақша сыңары көлеңкеде қалып қояды», - дейді ғалым.

Мәселені шешу үшін ғалым бұрыңғы терминологиялық комитетті қайта құру қажеттігін және ғылым академиясының барлық институттарында, ғылыми мекемелерінде тек қана терминмен шұғылданатын арнайы маманды тағайындауды ұсынды. Сондай-ақ, терминологиялық комиссия терминдердің тек қазақша баламасын ғана бекітіп отырғаны жөн, өзге тілдегі атауларды терминком бекітпесе де, жеке адамдардың өздері-ақ қолданысқа енгізеді екен.

«Бір ұғымды білдіретін орысша терминге екі түрлі баламаны ұсынуға болмайды. Ондай жарыспалы терминдерді қолданушылар түрлі сөздерді пайдаланып, терминдердің тұрақтануына кедергі келтіреді. Соңғы ұсыныс - терминком өзі бекіткен терминдердің дұрыс қолданылуын әрдайым жіті бақылап отыруы қажет», - деп атап өтті Б. Қалиев.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазіргі терминжасамның бағыттарын айқындау мәселелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Оған ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, терминолог-ғалымдар, ҚР министрліктерінің тіл саласына жауапты қызметкерлері қатысып, терминология мәселелері жөнінде ой-пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар