+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Қазақ тіліндегі 4000 кітапты оқуға мүмкіндік беретін ұялы қосымша пайда болды

2015 жылғы 24 қараша 14:41
Бөлісіңіз:
Қазақ тіліндегі 4000 кітапты оқуға мүмкіндік беретін ұялы қосымша пайда болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ тіліндегі 4000 кітапты оқуға мүмкіндік беретін ұялы қосымша пайда болды. Кitap ұялы қосымшасын «WikiBilim» қоғамдық қоры «Кселл» ұялы операторының қолдау көрсетуімен жасап шығарды.

Электронды жинақ «WikiBilim» ҚҚ дамытып жатқан «Қазақстанның Ашық кітапханасы» атты онлайн-жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр.

Жоба авторлары Қазақстанның мәдени мұрасының мультимедиалық топтамасын сандық форматта қолжетімді ету арқылы ұлттық әдебиет, ғылым, мәдениетке қатысты туындыларды жинақтау және авторлық құқықты сақтай отырып, көпшілік арасында таратуды мақсат тұтқан.

Қазіргі таңда Қазақстанның «kitap.kz» ашық кітапханасы қазақ мәдениетімен байланысты туындылардың ең толық электрондық топтамасын, сондай-ақ, әлемдік көркем және ғылыми-көпшілік әдебиет туындыларының қазақ тіліне аударылған жинағын ұсынып отыр.

Қазақстанның «kitap.kz» Ашық кітапханасы 2012 жылы іске қосылып, қазіргі таңда оның қолданушылар саны ұдайы өсіп келеді. Күнделікті сайтқа 2500-ден аса оқырман кіреді.

«Қазақстанның Ашық кітапханасында» 500-ден аса автордың 4000-ға жуық кітабы жинақталып, www.kitap.kz сайтына шығарылған. Жобаға Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Бауыржан Момышұлы, Зейін Шашкин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Сәуірбек Бақбергенов секілді авторлардың мұрагерлері алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Сонымен қатар, топтаманың толық жұмыс жасауына қазақ жазушылары Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Қабдеш Жұмаділов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков өз үлестерін қосты.

«Қазақстанның Ашық кітапханасы» жалпы мәдениетке деген көзқарасымызды өзгертіп отыр. Жоба кең оқырман қауымына әдебиет туындыларына тұрақты түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қоғамның мәдениетке деген қызығушылығы күннен күнге артып келе жатқанына біз куәміз. Өз тарапымыздан біз еліміздің мәдени мұрасын бір жерге шоғырландыру үшін аянбай еңбек етіп келеміз», - деді WikiBilim ҚҚ қамқоршылар кеңесінің мүшесі Нартай Әшім.

«Кселл» компаниясы көпшілік оқырмандар алдында қазақ тіліндегі жарқын әдебиет әлеміне есік ашу үшін www.kitap.kz сайтында жинақталған кітаптарды бейімдеп, оларды смартфондарда оқуға болатындай ұялы форматқа аударуға көмектесті.

Ұялы қосымша Android және iOS жүйелерінде қолжетімді.

«Мемлекеттік тілді дамытуға арналған жобалар «Кселл» компаниясының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігінде басты орын алып отырған мәселелердің бірі. Нарықтың көшбасшысы ретінде біз мемлекеттік тілдегі ең үлкен онлайн-кітапханалардың біріне смартфондар арқылы кіруге жағдай жасауды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда қазақстандықтардың 40%-ға жуығы смартфондарды қолданады. Біз осы қосымшаны қолданушылардың барлығына тегін ұсынып отырмыз. Бұл жоба оқырмандарының санын барынша кеңейтпек. Kitap ұялы қосымшасы қазақ тіліндегі кітаптарға қызығушылықты арттырып, жалпы мемлекеттік тілде қалам тартып жүрген жаңа белді жазушылардың пайда болуына және әдебиеттің дамуына септігін тигізеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті «Кселл» АҚ бас атқарушы директоры Арти Отс.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT