Қазақ тілінде опера айту оңай болған жоқ - Медет Шотабаев. 100 жаңа есім

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген өнер қайраткерлерінің бірі - Медет Шотабаев. Ол бүгінде «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі болып қызмет етеді. Талай халықаралық байқауларда топ жарып, бірқатар шетелдің үлкен сахнасында өнерімен көрерменнің зор сүйіспеншілігіне бөленген опера әншісі бірнеше күн бұрын Италияның «Италия Жұлдызы» орденімен марапатталған да еді. Осыған орай «Астана Опера» театрына барып, қазақтың Павороттиі атанған әншімен азды-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

- Медет, алдымен өзіңіз, өнерге қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз.

- Бала кезімнен музыканы, әнді жақсы көргеніммен, мектепте оқып жүргенімде жұртшылық алдына шығып, сахнада өнер көрсеткен емеспін. Шынын айтқанда, сахнаға шығып ән айтудан қорқатынмын, ұялшақтығым да басым еді. Эстрадалық әндерді - Батырхан Шүкеновтің, Валерий Меладзенің әндерін сүйіп тыңдайтынмын. Үйіміз үлкен, бөлмелері кең болғандықтан, айтқан дауысым жаңғырып шығатын. Маған сол ұнайтын.  Достарыммен көшеде гитараға қосылып ән де айтатынмын, бейімім бар екенін байқайтынмын.

Бірінші сыныпты бітірген жылы марқұм әкем мені ауылға жіберді. Өйткені тілім орысша шыққаннан кейін қазақша білмейтінмін. Үйге туыстар келгенде  қазақша сөйлейтін оларға шетелдіктер, жат жұрттықтар көргендей таңырқай қарайтынмын. Әлі есімде, туыс ағам «бір, екі, үш, деп онға дейін» санап үйрететін.

Ол кездегі ауыл өмірі керемет еді. Мал көп, қой қоздап, бұзау жамырап, абыр-сабыр тіршілік қайнап жататын... Қалада туып, ауыл өмірін көрмеген мен үшін мұның барлығы да таңсық болды. Әлі есімде, ауылдағы қазақтілді ағаларым мені, ал орыстілді мен оларды түсінбей жататынбыз. Әжеммен де түсінісу қиынға соқты. Бірдеңе сұрасам, әжем атамнан: «Әй, шал, мына орыс бала не сұрап жатыр?» дейтін. Марқұм атам қалжыңдап: «Сені жамандап отыр» деп жауап беретін. Сол ауылда атқа алғаш мініп, қой бағуды үйрендім. Бала кезімнен әжемнің құрт қайнатып, соның көбігін жалаған кез есімде. Сол көбік әлемдегі ең дәмді тағам болып көңілімде жатталып қалыпты... Кешке малды өрістен айдап келе жатып, ағаларым ән салатын, сол әуезді әуен әлі де құлағымда тұр.

Ауылдан қалаға келгеннен кейін орыс мектебіне бардым. 9-сыныпта оқып жүренімде өзім сияқты әнді жақсы көретін досым болды, бірақ ол рэп орындайтын. Бір күні досым Семейдің жастар үйіндегі вокал курсына баруға ұсыныс жасады. Бардық, қабылдады. Бірінші сабақта досыма Батырхан Шүкеновтің «Джули» әнін берсе, маған «Ах, какая женщина» әнін бергені есімде. Бірақ бұл курсқа көп қатыса алмадым. Өйткені 9-сыныпты тәмамдайтын кез келген еді.

Емтихандарды тапсырып, үйге келгеннен кейін дастарқан басында музыкалық колледжге түскім келетіндігін айттым. Әкем бірден құптамады: «Мұның қажеті қанша? Музыка ер-азаматтың жұмысы емес», - деді. Әкемнің айтқанын түсініп, үнсіз қалдым. Дегенмен, музыкаға деген құштарлығым зор еді. Сол кезде анам оңаша шығарып алды да: «Балам, бағыңды сынап көрейік. Түссең - оқисың, түсе алмасаң - бізге ренішің жоқ» деп шешімін айтты.

Сонымен музыкалық колледжге барып, бағымды сынайтындығым шешілді. Бірақ осы орайда бір қызық жайт орын алды. Семейде Старая крепость деген ауыл бар. Сол ауылда ағам жұмыс істейтін. Анда-санда сол жаққа барып, ағама қол ұшын беріп тұратынмын. Ауылда жүрсем, анам хабарласып: «Балам қайда жүрсің? Ертең музыкалық колледждің іріктеу емтиханы болады ғой. Үлгере алмасаң, қаласың!» деп ескертті. Ертеңінде таң азанымен тұрып, ең бірінші автобуспен колледжге келдім. Бұтымда тізесі шыққан трико, үстімде мойны ырсиған футболка, шаш алба-жұлба. Үйге барып, киім ауыстыруға да уақыт жоқ. Колледж маңы құжынаған адам, біреу тізім алып жүр екен, тіркелдім. Анам іріктеуге кіргенде еш қысылмай, кәсіби әншілер сияқты өнер көрсетуді, қажет болса билеп те беруімді құлағыма құйып қойды. Кезегім келіп, кірсем, залда - 2-3 бала, төрде - емтихан алатын кісілер отыр.

Комиссия төрағасымен арадағы сұхбат былай өрбіді:

- Қазақ халық  әнін, орыс халық әнін білесің бе?

- Жоқ.

- Онда қай әнді білесің?

- Батырхан Шүкеновтің, Валерий Меладзенің әндерін білемін.

- Ал, онда айта ғой.

Өзім білетін бір әнді билеп тұрып, бар жан-тәніммен беріле орындадым. Бір сәт залға көз қиығымды салсам, балалар күлкіден жарылардай болып отыр екен. Көңілге күдік кірсе де, соңына дейін айтып шықтым. Содан кейін тағы да бір екі жаттығу жасатып, кейбір әуендерді орындатты.

Біраз уақыттан кейін сыртқа шыққан комиссия төрағасы қолын иығыма қойып тұрып: «Мына бала кіммен келді?» деп сұрады. Ығы-жығы адамның ортасында тұрған анам именшектей алға шығып: «Менімен келді» деп жауап берді.

«Бала ертең ақ көйлек, қара шалбар киіп келсін», - деді комиссия төрағасы.

Ертеңінде емтихан тапсырып, оқуға түстім. Осылайша музыкалық өмірім басталды. Алғашқы ұстазым, консерваторияны енді ғана бітіріп келген Нұрлан Көшеровпен таныстым. Ұстазым алғашқы сабақта дауысты көрсетуге арналған жаттығулар берді. Сол кезде-ақ опера класына түскенімді ұғып, ойланып та қалдым. Өйткені, бала кезімде теледидардан опера болып жатқанда каналын ауыстырып жіберетінмін. Бірақ, шегінер жер жоқ. Оқуға түсер кезде үйдегі болған әңгіме есімде.

Бірнеше айдан кейін дауысым өзгеріп, жақсара түсті. Бір жылдан соң колледждер арасындағы республикалық байқауға дайындалдым. 2002, әлде 2003 жылы Алматыға барып, сол байқаудан екінші орын алып, жеңімпаз атандым. Қазір бар ма, жоқ па, білмеймін, сол кезде лауреаттарды бірден консерваторияға қабылдайтын заң болатын.

Музыкалық колледжді бітірдім, енді консерваторияға баруым керек. Бірақ ақша жоқ. Анам жанталасып жүріп, қарызданып-қауқаланып, жолға салып жіберді. Консерваторияға келсем, құжаттарды қабылдау комиссиясы бір күн бұрын бітіп, менің орным басқа біреуге берілген екен. Ал оқуға келесі жылы келейін десем, бір жыл бойы дайындықсыз, ұстаздың ақыл-кеңесінсіз дауысымның құритындығы анық. Осы кезде Алматыға кетіп бара жатқанда ұстазым Нұрлан ағаның Бекен Жылысбаевтың телефонын бергені есіме түсті. Жалма-жан сол кісіге хабарласып, жағдайымды айттым да, бірден үйіне бардым. КСРО-ның халық әртісі, профессор Бекен ағамыз Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, бір аяғы протез, бір көзі жоқ еді. Ағамды ертіп, консерватория ректорының кабинетіне келдім. Бекен аға әйтеуір ректорды көндіріп, оқуға қабылдандым.

Бірде консерваторияға Италиядан маэстро Марио Мелани келіп, шеберлік сабағын өткізді. Кезегім келгенде сахнаға шығып, итальян тілінде бір ән айтып бердім. Басқа қатарластарым шыққанда оларды алдымен бір тыңдап, екінші мәрте айтқанда тоқтатып қойып, кемшіліктерін көрсетіп, түзетіп беріп отырған маэстро маған қолын шапалақтап: «Bel canto!» деді. Содан үшінші курстың басында «Дегдар» гуманитарлық қоры Италияға  оқуға жіберіп, екі жыл білім алдым. Ал 5-ші курсты Бекен аға демалысқа шығуына байланысты Шахмардан Әбіловтің класында бітірдім. Жалпы Бекен аға маған көп көмегін берді. Мәселен, консерваторияны бітіргеннен кейін Глинка атындағы халықаралық байқауға қатысып, бірінші орынға ие болдым және «Казловский» атындағы үздік тенорға берілетін арнайы сыйлықты алдым. Сол байқауға баруға қаражатым болмады. Сонда Бекен аға жинап жүрген зейнетақысын түгелімен бергені әлі есімде.

- Әншілік өнеріңіз Алланың берген сыйы ма, әлде қажырлы еңбектің арқасы ма?

- Өнер ана сүтімен келеді. Анам шығармашылық адамы десем, артық айтқаным емес. Кішкентайынан музыканы жақсы көрген. Педагогикалық колледжде оқыған кезінде музыка сабағында  мұғалім үйреткен әуенді бірден қағып алып, сол сәтте мүлтіксіз қайталап орындайды екен. Мұғалімдері таңғалып, «музыкалық білім алғансың-ау» деп, музыкалық білім алуға да кеңес беріпті. Айтпақшы, анам суретті де керемет салады. Алматыға барып, Көркемсурет институтына да түспек болғанымен, көпбалалы отбасында дүниеге келгеннен кейін сол заманның қиыншылықтарына байланысты жұмысқа тұруға тура келген. Сондықтан да менің бойымдағы өнер ана сүтінен дарыған деп ойлаймын. Дегенмен, қажырлы еңбек те бар. Еңбектенбесең, бойдағы өнерді шыңдап, одан әрі дамыта алмайсың.

- Бүгінде қанша рөл ойнадыңыз?

- Сахнада орындаған рөлдерімнің санын нақты білмеймін, бір күні отырып алып санау керек шығар. Жалпы, алғашқы жұмыс орным - Алматыдағы Абай атындағы опера театры. Бұл менің жолымды ашып, опера өнері сахнасына қанат қақтырған алтын ұяма айналды. Сол театрда жүргенімде «Любовый напиток», «Риголетто» операларын орындадым. Ең бірінші орындаған операм Чайковскийдің «Евгений-Онегині» болды. Мына қызықты айтайын, алғаш сол операны орындайтын кезімде, сахнадан қашып кеткім келді. Өйткені сахнадан қорықтым. Опера орындау сахнаға шығып бір әнді айта салатын дүние емес. Ол жерде ойнау керек, жүру керек, қалың кітапты жатқа білу керек десем артық айтқандық емес. Сахнада ұмытып қалсаң, бітті, масқараң шығады.  Бірінші рет опера орындап шыққаннан кейін дауысым бітіп қалды. Сол кезде опера әншісі болу не деген қиын деп ойлаған едім. Класта ән айту бір бөлек, сахнада айту бір басқа. Ең маңыздысы - сахнада өнер көрсету. Оның аурасы бөлек.

- «Астана Опера» театрына қалай келдіңіз?

- Бұл театр ашылған кезде келдім. Үлкен конкурс болды, сол арқылы қабылдандым. Анда-санда шетелге барып, келісімшартпен де жұмыс істеймін.

Елбасымыз салып берген бұл театрда біз үшін тәжірибе жинауға, шыңдалуға, кәсіби тұрғыдан өсуге барлық мүмкіншілікті жасап отыр. Шетелден әріптестеріміз келгенде театрымызды көріп, таңғалады. Қазір Италияда «Астана Опера» десеңіз, барлығы біледі. Соған ризамыз.

Бүгінде қазақстандықтардың да опера өнеріне қызығушылығын байқап жүрмін. Театр залы көрерменге лық толы болады. Бұрын ондай болмайтын, жарты зал, тіпті одан да аз келетін. Қазақ операны түсінбейтін шығар деп ойлайтынмын. Тіпті қазір жастар өте көп келеді. Опера аяқталғаннан кейін сахна сыртына келіп құттықтап, ұнағанын айтып жатады. Демек, сахнадағы көрсеткен өнеріміз бекер емес екен деп шүкіршілік етемін.

null  

- Кезінде Мәскеудегі үлкен театр жұмысқа шақырғанын білемін. Ал қазіргі уақытта шетелдік театрлардан  ұсыныс бар ма?

- Иә, Глинка атындағы байқаудан кейін шақырған. Үлкен театрдың жанында жас әншілерге арналған 2 жылдық академия бар. Алдымен соған ұсыныс түсті. Бұл академияда оқысаң, Үлкен театрдың сахнасына анда-санда  шығып тұруға мүмкіндік бар. Аталған академияны бітірген біраз адамды танимын.  Олар дүниежүзіне шығып ән айтатын, мықты әншілерге айналды.

Шақыру келген кезде консерваторияда оқып жаттым, алдымда диплом алу мақсаты тұрды. Дипломсыз ешімге де қажетің жоқ. Ал консерваторияны бітіргеннен кейін басқа мүмкіншіліктер ашылып, бар мақсатым Италияға қайта бару болды. Жалпы Италияда көп байқауға қатыстым. Мәселен, Астана опера театры ашылған кезде Италияға барып, бір байқауда жеңіске жеттім. Содан кейін қойылымдарға шақырып, екі ай Италияда болдым, Лео Нуччи деген маэстродан сабақ алдым.  

- Осыдан 5 жыл бұрынғы сұхбаттарыңыздың бірінде «Ла Скалада өнер көрсету - арманым!» депсіз. Арман орындалды ма?

- Жоқ, орындалмады. Ла Скалада өнер көрсету өте қиын. Неге десеңіз, оған өсу керек. Алла бұйырса, Ла Скала, Ковент-Гарден, Метрополитен сынды опера театрларында өнер көрсетемін деп ойлаймын. Бұл сахналарда өнер көрсету - кез келген опера әншісінің арманы. Біреуде орындалады, біреуге арман-мақсат болып тұрады. Бәрі де бір Алланың қолында. Тек қана еңбектенсең, ерінбесең - Алла Тағала береді деп ойлаймын.

- Операның отаны саналатын Италияда бірнеше мәрте өнер көрсеттіңіз, жұртшылық қалай қабылдады?

- Бұл елде Вердидің «Луиза Миллер» операсын орындадым. Жалпы опера итальяндықтардың халық әні сияқты ғой. Мәселен, қазақтың қара домбырасымен халық әндерін орындаған адамның өнеріне тамсанып, жоғары бағалап жатамыз. Ал Италияда опера қатты бағаланады. Бірде Италияға ұшып келіп, ұшақтан түскен соң төлқұжат тексеруінен өтпек болдым. Сол жерде отырған полиция қызметкері төлқұжатыңды, визаңды тексеріп, мөр соғады. Менен полиция қызметкері қандай себеппен келгенімді сұрады. Опера әншісі екенімді айтып түсіндірдім. Басында қабағы қатулы отырған полиция қызметкерінің түсі бірден жылып, «Боритон, тенор?» дейді. «Тенор» дегенімде қабағы ашылып, досын көргендей болды. Дәл осы жайт мені таңғалдырды. Сонымен қатар Италияда операдан кейін далаға шықсаң, көшедегі адамдар бірден танып, суретке түсіп, қолтаңба алып жатады. Жалпы Италияда опера айту өте қиын, сыни көзбен қарайды. Бірақ мен жоғары бағаларына ие болдым деп ойлаймын.

- Медет, өткен жылы қазақ операсынан «Қыз Жібектегі» Төлеген бейнесін сомдадыңыз. Дегенмен, қазақ тілінде опера орындауға неліктен кеш келдіңіз?

- Опера итальян тілінде туғаннан кейін сол тілде айтсаңыз, дауысыңыз ашылып, керемет шығады. Орысша мүлдем басқа. Әрбір тілдің опера айту әдісі, тәсілі, өзіндік бояуы бар. Мәселен, мен итальян мәнеріне салып қазақ әнін айтар болсам, онда тыңдарман түсінбей қалады. «Қ, ғ, ң, ұ, ә» сынды қазаққа ғана тән әріптерді операда айту бастапқыда ыңғайсыздықтар тудырғаны рас. Қазір ондай проблема жоқ.

Жалпы «Қазақсыз, неге қазақша айтпайсыз? Қазақша айту керек қой» деген ескертулер көп болды. Алла бұйыртса, айтамын деп жүргенмін. Өткен жылы Елбасының қатысуымен «Қыз Жібек» операсының премьерасы өтіп, сонда Төлегеннің ариясын қазақша айттым. Жақсы болды. Халық: «Медет сахнада қазақша опера неге айтпайды» дей ме деп қобалжып, қысылыңқырап жүр едім. Одан өттім. Жаман емес, әр спектакль өткен сайын жақсарып келеді. Әріптестерімнің бәрі кәсіби шебер, соларға қарап тырысып жүрмін. Тоқ етері, «қазақша опера айтсам» деген арманым орындалды!

Ендігі  уақытта «Біржан-Сара» операсындағы Біржанның рөлін сомдасаң деген ұсыныс бар. Бірақ Біржанды орындауға әлі де болса жетіле қоймаған сияқтымын. Оған уақыт керек. Алла бұйырса, таяуда «Тұрандот» операсы қойылмақ. Сонда басты рөлді сомдап көрмекпін.

null 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар