Қазақ тілінде хабар тарататын «Шалқар» арнасының мәртебесін көтеріп, қамту аумағын арттырған абзал - З. Алшымбаев

None
None
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Мемлекеттік тілде хабар тарататын «Шалқар» арнасының мәртебесін көтеріп, күшін арттырған абзал. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Байланыс және ақпарат министріне сауал жолдаған депутат Зейнолла Алшынбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шалқар» ұлттық арнасы - мемлекеттік тілде ғана хабар тарататын республикадағы жалғыз арна. Бұл қырық жылдан бері халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан, тілі мен ділін, әні мен сазын, әдет-ғұрып, салт-санасы мен дәстүрінің озығын насихаттап келе жатқан арна. «Шалқар» радиосының ауылдарға тарату мүмкіндігінің жоқтығына байланысты қазіргі негізгі бағыты қазақ халқының қалалық бөлігіне қызмет ету болып отыр. Атап айтар болсақ, әрқайсысы қуаттылығы 1000 киловаттық FM диапазонды хабар таратқыштарымен Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталықтарында, бірқатар елді мекендерде ғана хабар таратылады. Арнада бүгінгі әдебиетіміз бен мәдениетіміздің мақтанышы ақын, жазушылар, белгілі өнер адамдарының еңбектеріне олардың ұлағатты өмірлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен бірге алыс-жақын шетелдердегі қандас бауырларымыздың бүгінгі жайы мен ертеңіне арналған хабарларда ұлттық болмысымыз, халық психологиясындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, шеттен елге келген ағайынға көрсетілер көмек жайы көтеріліп келеді. Хабарлардың басты сипаты халықты қазақ руханиятына сусындату, жастардың қазақ елінің патриоты болып қалыптасуына атсалысу», деді З. Алшымбаев.

Сонымен бірге, депутат 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан «Шалқар» радиосының хабарларын кезінде Қазақстаннан тыс Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғаныстан және басқа да шет елдерде тұратын қандастарымыздың тыңдап келгенін, бірақ қазіргі күні арна хабарлары тек өз тұрғындарымыздың 61,31 пайызын ғана қамтып отырғанын айтты.

«Республикадағы қиыншылықтарға бола кезінде жабылған «Шалқар» радиосы 2002 жылы қаңтардың 16-сынан бастап қайтадан FM дипазонынында эфирге шыға бастады. Бірақ, «Шалқар» арнасы еліміздің барлық аумағын қамти алмай келеді. Бүгінгі күні еліміздің экономикалық мүмкіндіктері артып келе жатқан тұста «Шалқар» арнасын бұрынғыдай берілуін тәулігіне 24 сағатқа жеткізіп, Ресейдегі, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Орталық Азия аймағында тұратын қандастарымыз да тыңдай алатындай етіп қуатын күшейткеніміз абзал. Бұл шара үшін арнаның ішкі шығармашылық және техникалық мүмкіндіктері жеткілікті», деген депутат Байланыс және ақпарат министрлігіне бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

Атап айтқанда, депутат республикадағы тек қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз «Шалқар» ұлттық арнасының мемлекеттік ақпарат құралы ретінде мәртебесін арттырып, жеке радио мәртебесін беру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар