Қазақ тілін реформалаймыз десек, тәуекелшіл қадамдар қажет – Болат Жексенғалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғам сенім кеңесінің екінші отырысында тіл мәселесіне де арнайы тоқталып, басты міндетті белгілеп берді. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы БҚО бойынша филиалының оқытушысы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев өз пікір-пайымын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Президенттің қазақ тілін реформалау қажеттігін атап өтуі жаңа бағытқа жол ашады.

Қазақ тілін жалпыұлттық тілге, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсаты қойылып, қазақ жазуына реформа жасау шаралары басталған мезгілде мұндай шешуші қадамдар шынында да қажет еді.

- Болат Өтеғалиұлы, қазақ тілін реформалау үшін алдымен не істеу қажет деп ойлайсыз?

- Қазақ тілін реформалаудың басты мақсаты – ең алдымен, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау деп түсінеміз. Мемлекет басшысының айтқанындай, тіл жаңғырмай, рухани жаңғыру болуы мүмкін емес. Тіл табиғи болмысын сақтау үшін өзге тілдің ықпалына түспей, өз заңымен өмір сүруі керек. Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің болашағы үшін, «қазақ тілін жаңғырту үшін», қазақ тілін өзге тілдердің тіл бұзар ықпалынан қорғау үшін қажет. Ал қазіргі қазақ тілі жат тілдік ықпалдан аман ба? 1940 жылдан бері тіліміздің жазу, айту жүйесінде қос тілдің нормалары қатар қолданылып келгені, әлі де қолданылып отырғаны анық қой. Тіліміздегі осы «тіл бұзар ережелерден» тек жазу әрпін ауыстыру арқылы ғана құтыла аламыз ба? Ұсынылған әліпби үлгілері мен емле ережелерінің жобасы бұл сұрақтарға нақты жауап бере алған жоқ.

Біз жазу реформасын бастадық, бірақ қазақ жазуының басты ұстанымы мен емле ережелерінің басты қағидаты (шет тілдік сөздердің жазылымы) нақты анықталмағандықтан, қиындықтарға ұшырап жатырмыз. Әңгіме әріп ауыстыруда емес, жазудағы тілімізді тығырыққа тіреген қосамжар емле мен өзге тілдік заңдылықтарда екендігі анық болып отыр. Қазақ тіліндегі жат тілдік заңдылықтар және халықаралық сөздердің қазақ тілінде айтылымы мен жазылымы мәселесі қазіргі жағдайда тіл болашағымен тікелей байланысты ең қиын, күрделі мәселеге айналды. Бұл мәселені түбегейлі шешпей, ұлттық жазу туралы айту да қиын.

- Дұрыс айтасыз, латын қарпіне көшу мәселесі қоғамда кеңінен талқыланып, әлі түбегейлі тоқтамға келе қойғанымыз жоқ. Мұны шешу жолдары қандай деп ойлайсыз?

- Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпби реформасына қатысты «Ұсынылған нұсқалар жетілмеген болып шықты. Сондықтан бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Оны жеңілдетуге болмайды. Біз тек кириллица алфавитін латын әліпбиіне көшіру туралы айтып отырған жоқпыз» «Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмейді. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеру, жан-жақты талдау және пысықтау қажет» деп пікір білдіруі де осы өзекті мәселелерден туындап отырғаны сөзсіз.

Бізге бүгінде жат (кірме) дыбыс пен таңбалардың, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс. Өзге тілден сөздерді біз қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, сөздік қорымыздағы барлық сөздер (кірме сөздерді қоса) тіл заңына бағынуы керек.

Бізге бір үлгідегі тұрақты ереже қажет.

Бұл мәселелерді қазақ ғалымдары айтпай жүрген жоқ. (Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы, Ә.Жүнісбек, Ш.Құрманбайұлы т.б). Ғылыми негізделген әліпби үлгілері де бар. Тек бұл пікірлерді ескеру жағы жетпей жатты. Сондықтан «Мәңгілік елдің» мәңгілік әліпбиін қабылдаймыз десек, жазу жүйесі тілдің заңына бағынып, тілге қызмет етсін десек, ең алдымен, осы ғалымдардың пікір-ұсыныстары мұқият қаралса деген тілек бар.

- Мемлекет басшысы осы орайда ғалымдардың беделді ұсыныс-пікірлері қажет деп отыр ғой. Ендеше, іске сәт деу керек шығар?

- Иә, қай ғалым да бұған өз үлесін қоса алады деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, ұлттық санасы, рухы күшті халық қана өз мақсатына жететіні анық. Туысқан түрік елі тарихынан бір сабақ. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Түркияда жазу реформасын жүргізген М.Ататүріктің басты мақсаты түрік тілін өзге тілдердің ықпалынан босату болды. «Өз отанының биік азаттығын қорғай алған түрік ұлты тілін де өзге тілдердің бұғауынан босатуы тиіс». Тәуелсіз қазақ ұлты да туған тілін жат тілдік ықпалдан босатуы керек, қазақ тіліне де тіл тынысын ашатын тәуекелшіл қадамдар қажет. Бүгінде біз туған тілімізді шын мағынасында жаңғыртамыз, азып-тозудан сақтап қаламыз, болашақ ұрпаққа асыл қалпында жеткіземіз десек, осы тәуекелшіл қадамдарды жасауымыз керек деп ойлаймыз.

Соңғы жаңалықтар