Қазақ тілін меңгеруіме ауыл адамдары көмектесті – қызылордалық мұғалім

None
Фото: Н. Баркованың жеке мұрағаты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын Наталья Баркова қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Қазір жергілікті мектепте бастауыш сыныпта сабақ беретін ол сан алуан қоғамдық шараларда белсенділігімен көзге түседі. Қазақ жігітімен отау көтеріп, бүгінде шуақты шаңырақта келіндік міндетін атқарып келеді. ҚазАқпарат тілшісі Натальямен сұхбатында оның қазақ тілін үйренуі, қоғамдық қызметі және өзге де тақырыптар бойынша ой бөліскен еді.

- Алдымен өзің жайлы айта кетсең. Қайда дүниеге келдің? Сыр өңірінде ұзақ жылдан бері тұрасың ба?

- Мен Ресейдің Брянск облысы Клинцы қаласында 1988 жылы дүниеге келгенмін. Сол жақта алғашқыда балабақшада тәрбиелендім. Әкем - орыс, анам - қазақ. Екеуі сол Брянск облысында танысқан. Анам сол өңірге жұмысқа барған. Екеуінің танысуы кейіннен шаңырақ көтеруіне жалғасқан. 1994 жылы әкем, анам және мен үшеуіміз Қазақстанға келдік. Мұнда Қазалы ауданына қарасты Жалатөс баһадүр ауылында анамның туысқандары тұрады.

Қазалы ауданында негізінен жергілікті ұлт өкілдерінің саны басым. Ал Жалаңтөс баһадүр ауылында да қазақтар көп. Бала кезімнен сол ауылдың балаларымен бірге ойнап өстім. Қазақ тіліне үйренуіме ең алдымен сол қатарлас балалардың көп көмегі тигені анық. Сол жылы мен ауылдағы қазақ мектебінің табалдырығын аттадым. Қазақ тілін үйренуге нағашыларымның, ауыл тұрғындарының, сыныптас балалардың көп көмегі тиді.

Мектепте оқып жүргенде кітапқа деген қызығушылығым ерекше болды. Кітапханаға жиі баратын едім. Қазақ тілінде жазылған ертегілерді көп оқитын едім. Одан кейін ауыл кітапханасына барып тұратын болдым. Сол жердегі кітаптарды көбірек оқып, қазақ тілін жетік меңгердім десем де болады.

Бұған байланысты алғашқы ұстазыма рақмет айтамын. Ол кісі менің кітапқа деген қызығушылығымды арттырды. Мектеп мұғалімдері де маған көп көмегін тигізді. Олардың барлығына алғысымды жеткізгім келеді.

- Қазақ салт-дәстүрін жақсы білесің бе?

- Жергілікті ұлт өкілдері тұратын ауылда өстім емес пе? Сондықтан маған қазақ салт-дәстүрін меңгеру қиынға соққан жоқ. Сондай-ақ, оған қоса ырым-тыйымдарын жетік білемін. Нағашым әжем Айшагүл бұл жөнінде маған көп нәрсе үйретті. Сол кісінің тәрбиесінде болдым.

- Ауылдық жерде өскеннен кейін диірмен тарту, күбі пісу секілді салт-дәстүрлерін де үйренген шығарсың.

- Қашанда ауыл тіршілігі қайнап жатады ғой. Таң атқаннан күн батқанша сол тіршілік тоқтаған емес. Қазіргідей емес ол кезде ел арасында күбі пісу, диірмен тарту, тоқыма тоқу, кесте тігу секілді дүниелер ұмытыла қойған жоқ еді. Олардың әрбірінің ерекшелігі бар. Бірден үйреніп кете алмайтының анық. Зейін қоя білсең, барлығын жете меңгеріп кетуге болады. Мен үлкендердің көмегімен сол дүниелерді үйрендім. Соңымнан ерген інім мен сіңлім де сол қазақы өмірдің қазанында қайнап өсті.

- Өзің қазақ азаматына тұрмысқа шыққан екенсің.

- Биыл шаңырақ көтергенімізге он төрт жыл болды. Қазір үш баланың анасымын. Рүстем есімді қазақ жігітімен отау құрдым. Өмірге Нұрдәулет, Нұрислам есімді ұлдар мен Наргиза атты қыз бала келді. Тату-тәтті өмір сүріп, отағасымен елімізді өркендету жолында аянбай еңбек етіп келеміз.

- Қазір өзің мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүрсің. Балаларға білім беруде қандай әдіс-тәсілдерге сүйенесің?

- Ауылдағы №103 мектепті аяқтаған соң Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде дәріс алдым. Біршама жылдан бері №95 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етемін. Педагог-сарапшымын. Қазалы аудандық «Бірлік-Единство» этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде қоғамдық шараларға белсене қатысып келемін. Түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысып жүрмін. Жеке дауыста ән салағанды ұнатамын.

Мұғалім болу ерекше мамандық қой. Жас өреннің болашағының жарқын болуы мектепте алған біліміне байланысты. Оның ішінде бастауыш сыныпта алған білімі кейін өзінің жақсы оқып кетуіне оің әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір сабағымызға тыңғылықты дайындалып баруға тырысамыз. Бұл орайда Абай, Ыбырай, Ахмет секілді тұлғалар мен ұлт ұстаздарының білім берудегі әдіс-тәсіліне назар аударған артық емес. Сол кезде олар балаларды қалай оқытты? Ұлт ұстаздарының сол құндылықтарын қағида етіп, балаларға білім беруге пайдаланамын.

- Қазір ауылда кім тұрады?

- Қазір ауылда анам мен інім тұрады. Сіңілім де қазақ отбасына келін болды. Мен шаңырақтың сүт кенжесіне тұрмысқа шықтым.

Айта кетсек, бұдан бұрын қызылордалық Елена Рыбина қазақ тілінде жетік сөйлейтінін жазғанбыз. Қызмет барысында мәтіндер мен баспасөз релизін мемлекеттік тілде дайындайды. Бала кезінен қазақша жетік білетін ол бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет етеді.

- Ата-анамның қазақ топырағына қадам басқанына биыл тұп-тура 40 жыл толып отыр. 1983 жылы Ресейдің Самара қаласынан Сыр өңіріне құрылысшылар пойызымен бет түзеген екен. Содан бері Қызылорда қаласында тұрады. Қазір Белкөл кентінде өмір сүріп жатыр. Ол кісілер Қызылордада әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын салуға атсалысты. Кейін Кеңес одағы тараған тұста өзге туыстарымыз қайтадан тарихи отанымызға бет алды. Ата-анам ешқайда кеткен жоқ. Өздері үйренген, бауыр басқан Қызылордада қалып қойды.

Мен Белкөл кентіндегі сол кезде аралас білім беретін №189 мектепте оқыдым. Кентте негізінен жергілікті ұлт өкілдері басым тұрады. Біз бір-бірімізді жатсынған жоқпыз. Өзіміз қатарлас балалармен екі тілде сөйлесіп жүрдік. Бұл менің қазақша жан-жақты үйренуіме септігін тигізді. Мектеп бітіріп жоғары оқу орнына келгенімде мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергенімді байқадым. Қорқыт Ата университетінде педагог мамандығы бойынша қазақ тілінде білім алдым. Қазір сол университетте магистратурада қазақ тілі педагогтерін даярлау бағдарламасы бойынша білім алуды жалғастырып жатырмын, - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар