Қазақ тілін Google Translate-ке қосуымыз Тәуелсіздік күніне арналған тарту - Рауан Кенжеханұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақ тілі күніне 500 миллион адам қолданатын әлемнің ең танымал автоматты аударма қызметіне қосылды. Бұл - біздің қорымыздың Қазақстанның Тәуелсіздік күніне жасаған сыйлығы. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Wikibilim" қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы айтты.

Айта кетейік, қазақ тілін Google аударма жүйесіне қосу жобасын "Wikibilim" қоғамдық қоры "Beeline Қазақстан" компаниясының қолдауымен жүзеге асырды.

"Қазақ тілінің Google аударма жүйесіне қосылуы жүйеде бар 90 тілдің арасында сөздерді, сөз тіркестерін, мәтіндерді және тұтастай веб-парақшаларды бір мезетте әрі тегін аударуға мүмкіндік береді. Бұл жүздеген еріктілер мен ана тілі үшін жеке уақыты, күші мен білімін аямаған шын патриоттардың екі жылдық жұмысының нәтижесі. Технологиялық жағынан аса күрделі бұл лингвистикалық платформаға кіре алған небәрі 90 ғана тіл бар, бұлар сол тілде сөйлейтін тегеурінді ортасы бар, іздеушісі мен жанашыры бар тілдер. Аталған платформа болашақтан үмітті тілдердің күрес алаңы", - деп атап өтті Р.Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, "Beeline Қазақстан" компаниясы бұл жобаны 2012 жылдан бері қолдап келеді. Серіктестік аясында компания мобильді және "Үйдегі интернет" қызметін пайдаланатындарға Google Translate-ке және аудармашының арнайы парақшасына тегін кіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ компания еліміздің жоғары оқу орындарында жобаға қалай үлес қосуға болатындығы туралы студенттерге арналған кездесулер ұйымдастырды. Қор тарапынан білікті аудармашыларды жобаға тарту мақсатында грант та бөлінді.

Қор жетекшісінің айтуынша, Google аудармашының аударма жүйесі статистикалық алгоритмге негізделген, яғни машинаның жадында әр сөз бен сөз тіркесінің аударма нұсқалары неғұрлым көп болса, аударма сапасы соғұрлым жақсы бола бермек. Сондықтан аударма жүйесі өзін-өзі жетілдіруге бапталған, ал қолданушылар аудармалардың сапасын жақсартуға үлес қосу мүмкіндігіне ие.

"Аударма сапасын жақсартуға үлес қосуға ниетті кез келген адам қатені байқаса, қарындаш суретін басу арқылы түзету енгізіп, "аударманы жақсарту" деген батырманы баса алады", - деп атап өтті қор жетекшісі.

Соңғы жаңалықтар