Қазақ тілі мұғалімі Алена: Тіл үйренем деушілерді шама келгенше қатарымызға тартып жатырмыз

None
Фото: А. Малькова-Солопова жеке мұрағаты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік тілді білу - еліміздің кез келген тұрғынының азаматтық парызы. Шәкірттеріме осыны үнемі миына құйып келемін. Көкшетау қаласындағы құрылыс-технологиялық колледжінің биология, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің оқытушы Алена Малькова-Солопова ҚазАқпарат тілшісіне осылай деді.

Бүгінде Алена Юрьевна негізгі жұмысынан бөлек, білім орталығында қазақ және ағылшын тілдерінен сабақ береді. «Сөйле» тілдесу үйірмесінің жаттықтырушысы.

Оның қазақ тіліне деген махаббаты өмірін өзгертіп, мақсатына жетелеген.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген кейіпкеріміз Зеренді ауданының Троицкое ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.

Отбасындағы жалғыз қыз мемлекеттік тілді мектепте оқып жүргенде үйреніпті.

Алтыншы сыныпта өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған аудандық тіл байқауында үздік атанған оның жергілікті ұлт тілі мен әдебиетіне деген махаббатының оты маздай түскен.

«Маған қазақ тілін үйретуде Сайран Ликерова, Толтыр Әбішева сияқты ұстаздарым көп еңбек сіңірді», – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – Сол жылдары облыстық байқауларға қатысып, қазақ тілінен білімімді жетілдірдім. Университеттің бірінші курсында оқым жүргенімде облыстық «Тіл – парасат» байқауының жеңімпазы атанып, республикалық байқауға жолдама алдым. Нәтижесінде, осы додада облысымыздың намысын қорғап, үшінші орынға ие болдым. Мен орыс мектебі бітірдім, университетте де орыс тобында оқыдым. Алайда, бұл менің мемлекеттік тілге деген махаббатым мен құштарлығыма кедергі келтіре алмады».


Сонымен бірге, Алена қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың отыздан астам өлеңін жатқа біледі.

«Абайдың поэзиясы маған ұнайды. Оның шығармаларын сүйіп оқимын. «Заман ақыр жастары», «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңдері жүректі жаулап алады», - деп қосты кейіпкеріміз.

Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты Алена Юрьевнаның спортта да жетістіктері жоқ емес.

Қазақстан Республикасының паурлифтингтен спорт шебері, пауэрлифтинг және зілтемір жатып көтеруден 3 дүркін Азия, 13 дүркін ел чемпионы.

Жолдасы Владимирдің негізгі мамандығы - өрт сөндіруші, паурлифтингпен айналысады.

Осы күні кейіпкеріміздің шәкірттері де облыстық және республикалық тіл сайыстарда топ жарып жүр.


«Шамамыз келгенше мемлекеттік тілді үйренемін деушілерді қатарымызға тартып жатырмыз. Өзге ұлт өкілдеріне өкпе жоқ. Жергілікті ұлт өкілдерінің өз тілін білмеуі, білуге асықпауы жаныңа батады. Көңілім құлай сүйген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мемлекеттік тілді білу еліміздің кез келген тұрғынының азаматтық парызы деп санаймын. Шәкірттеріме де осыны үнемі миына құйып келемін», – деп түйіндеді Алена Малькова-Солопова.


Соңғы жаңалықтар