«Қазақ тілі» қоғамының Орталық кеңесінің жаңа құрамына 47 адам сайланды
2021 жылғы 26 қараша 16:25

«Қазақ тілі» қоғамының Орталық кеңесінің жаңа құрамына 47 адам сайланды

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - «Қазақ тілі» қоғамының Орталық кеңесінің жаңа құрамына ҚР Парламентінің қос палатасының депутаттары мен филиал төрағалары және зиялы қауым өкілдерінен құралған 47 адам сайланды. Ал Орталық кеңес басқармасының жаңа құрамына 18 адам сайланып, қызметке кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Президент әкімшілігі мен ел үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жоспарларды саралап, тиісті тапсырмалар мен жоспарларды бекітті.

«Бұл құрылтайды Түркістанда өткізуімізде мән бар. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамып келеді. Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар. Елорданы көріп жүрсіздер, бұл жолы Түркістанның жаңа келбетін көрсін, қуансын деп құрылтайды осында ұйымдастыруды жөн көрдік», – деді Қ.Көшербаев.

Келелі басқосуда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары да баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Құрылтайда делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді.

«Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді ортада ғана талқылай бермей, орыс тілді ортада да талқылап, мемлекеттік тілдің маңыздылығын кей ағайындарға түсіндіру керек. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті», – деді ол.

Құрылтай барысында өңірлерде қоғам филиалдарының жұмысы күшейтіліп, бас кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілетіні айтылды. Бас ұйым мен филиалдардың жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ жиын барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Оларды Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арнайы марапаттап, қазақ тіліне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Маңызды басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских әлеуметтік желілер мен ғаламторда қазақша контенттерді көбейтіп, жастардың сұранысын қанағаттандыру керек деген пікірін білдірсе, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен тіл жанашыры Асылы Осман мемлекеттік тілді толық тұғырына қондыруға кері әсерін тигізіп отырған факторларға тоқталып, қазақ тілінің болашағы үшін нақты жұмыстар атқарылуы керектігін жеткізді.

Түркістан облысында 2 күнге созылған құрылтайға қатысушылар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым етті. Осы сапарда делегаттар тіл жанашырлары әрі қоғам қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Өмірзақ Айтбаевты еске алды. Жиынға қатысушылар Түркістандағы оң өзгерістерге ризашылықтарын білдіріп, құрылтайдағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға бар күштерін салатындарын жеткізді.


Jańalyqtar

MURAǴAT