Қазақ тілі астрономия терминдеріне өте бай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тілінің астрономиялық термин қоры ағылшын, орыс тілдерінің термин қорынан анағұрлым бай.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанадағы терминжасам мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңесте ғалым қазақ тілінде астрономия, геология және геодезия салалары бойынша термин сөздердің мол қоры жинақталғанын ерекше атап өтті.

 «Мәселен, мен астрономия институтының директорын танимын. Ол қазақ тілінің астрономиялық термин қоры ағылшын, орыс тілдерінің термин қорынан анағұрлым бай, бұл қалай деп таңғалады. Ерте заманда көшпелілердің картасы аспанда болған деп түсіндіремін. Халқымыз астрономиялық терминдерді өте терең, егжей-тегжейлі дамытқан. Ең қызығы, геология мен геодезия терминдері де қазақ тілінде өте бай. Біз ұңғылау, үңгілеу секілді қарапайым бір сөзбен беретін терминдер ағылшын, орыс тілдерінде үш-төрт терминмен беріледі. Себебі, геология мен геодезия - түркі халықтарының ежелгі салалары», - деп атап өтті Ерден Задаұлы.

Сондай-ақ, Е.Қажыбек қазақ тілі тек филология, гуманитарлық пәндердің тілі болып қалмауы үшін, ғылым мен өндірістің тілін қалыптастыру мәселесіне көңіл бөлу қажеттігін баса айтты.

«Әр сала үшін терминология ғылымында дәлелденген мөлшер бойынша, кемінде 5 мың, әрі кетсе 10-15 мың термин керек екен. Ал біз соңғы 20-30 жыл ішінде 30 мыңға жуық терминді бекіттік. Қоғамда100 сала бар десек, кемінде 500 мың термин керек екен, біз 500 мыңның орнына 30-40 мың терминді бекітіп отырмыз. Екіншіден, әр саланың терминологиялық қорында кемінде 5-10 пайыз, әрі кетсе 10-20 пайыз математикалық «синус», «косинус», «котангенс» секілді өзгермейтін категориялық ұғымдар болады. Ал қалған 90-80 пайызын «қосу», «бөлу», «алу», «көбейту» сынды төл тілдің негізінде қалыптастыру керек», - деді ол. 

Еске салайық, бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазіргі терминжасамның бағыттарын айқындау мәселелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Оған ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, терминолог-ғалымдар, ҚР министрліктерінің тіл саласына жауапты қызметкерлері қатысып, терминология мәселелері жөнінде ой-пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар