Қазақ телевизиясының ардагері Хамит Хасеновке ескерткіш тақта қойылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ КСР Министрлер кеңесіне қарасты Радиохабарлар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы қызметін атқарған Хамит Хасеновке ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1975-1978 жылдары - Қазақ КСР-і Министрлер кеңесіндегі Радиохабарлар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы болған Хамит Хасеновке Абылай хан даңғылының бойында, бұрынғы өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақтасы ілінді.

Қазақ телевизиясының кірпішін қалауға үлес қосқан Хамит Хасенов тұсында «Тамаша», «Қымызхана», «Айтыс» сынды бағдарламалар жарыққа шыққан еді. Салтанатты шараға қонақ болған телевизия ардагері, бірнеше буын журналистердің ұстазы Құсман Игісінов қайраткерді еске алды.

«Мен Қазақ радиосына 1966 жылы келдім. Ал Хамең, Хамит Хасенұлы біздің радиоға төраға орынбасары болып 1969 жылы келді. 1975 жылға дейін 6 жыл бойы орынбасар болып отырды. 1983 жылға дейін 8 жыл жыл төраға болды. Екеуін қосқанда 15 жыл. Мен радиода 20 жыл, теледидарда 20 жыл, бәрін қосқанда 40 жыл істедім. 15 жылым Хамеңмен бірге өтті. Хамеңнің сырттай ерекшелігі былай қарасаң сұсты көрінетін, қабағы түйіңкі. Ал енді ішкі жан дүниесіне келгенде сондай мөп-мөлдір, таза, адамгершілігі, кісілігі керемет еді», - деді Құсман Игісінов.
null  

Қазақ телевизиясы комитетінің басшыларының бірі, арнаның аймақтардағы филиалдарының эфирге шығуына тікелей түрткі болған Кеңесбай Әбенов те аға буын еңбегіне баға беріп өтті.

«Хамит Хасенұлы біздің комитетте көп жұмыс істеген. Әуелі радио жөнінде орынбасар болып келді бізге. Сол кездерде мен Қазақ радиосының бас инженері едім. Бірге жұмыс жасадық. Әр хабарды әрлеп, кереметтей жасайтын. Телевидение Қазақ радиосынан бөлініп шықты. Өйткені көптеген кадрлар радиодан телевидениеге ауысты. Өз уақытында сол төрағалар жақсы жұмыс істеді. Ардагерлерді ұмытпайық», - деді Кеңесбай Әбенов.

Шара тізгінін ұстаған Нұртілеу Иманғалиұлы өз кезегінде телевизия саласындағы қолға алынуға тиіс шаруаларды құлаққағыс етті.

«Қазақтың қара шаңырағы қазақ телевизиясының, қазақ радиосының киесі бізге бір қарап, кетіп қалғысы кеп, әлі кете қоймай жүрген секілді көрінеді маған. Сол киені оралтудың бүгін аса маңызды бір шарасын істеп жатырмыз деп есептеймін. Тарихымызды тану - өзімізді тану. Қазақ телевизиясының 60 жылдан, Қазақ радиосының 90 жылдан астам тарихы бар», - деді Нұртілеу Иманғалиұлы.

Ол Хамит Хасенұлының іздеушісі бар екенін айтып, кіндігінен тараған 5 қызы - Алма, Ләйлә, Зухра, Гүлмира, Эльмираны ортаға шақырып, сөз берді.

«Қазақстан телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы филиалы директоры Марат Сандықбаевқа және Алматы әкімдігі мәдениет және архивтер басқармасын ерекше атап өтейін. Рахмет сіздерге бізді қолдап, көмек көрсеткендеріңізге. Біздің әкеміз мемлекет қайраткері болған, сонымен қатар үлгілі, қамқор әке болды. Анамыз Әнуар Қадырқызымен 40 жыл тату-тәтті өмір сүрді. 5 баланы өсірді. Бізге жақсы тәрбие, жоғары білім берді. Біз бүгін әкеміздің 90 жылдығына арнап ескерткіш белгі қойып, парызымыздың бір парасын өтедік», - деді Гүлмира Хасенқызы.
null 

Соңғы жаңалықтар