Қазақ тазылары Швейцариядағы иттер көрмесіне қатысып жатыр

None
ЖЕНЕВА.ҚазАқпарат – Қазақстандық кинологтар тазы тұқымдас екі итпен ұзақ жол жүріп (7,8 мың шақырымнан астам) Женеваға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

World Dog Show-2023 әлем чемпионаты қарсаңында «Женева Гран-приі» халықаралық көрмесі өтіп, оған біздің иттер алғаш рет қатысты.

Тұмар есімді тазы CAC атағын алды. Бұл иттің ұлттық чемпиондыққа, яғни «Швейцария чемпионы» атағы үшін күресетінін білдіреді.

Вангелия есімді екінші тазы «ардагерлер» класы бойынша «Үздік тұқым өкілі» (ЛПП) атағын алды, сонымен қатар ұлттық чемпиондарға (CAC атағы) үміткер болды.

«Швейцария гран-приі» Швейцарияда 23-27 тамыз аралығында өтетін халықаралық кинологиялық қауымдастықтың (FCI) ағымдағы жарыстарының сериясын ашты.

Осы жарыстар аясында 27 тамыз күні қазақ тазы иттері World Dog show 2023 әлем чемпионатының басты шарасына қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, World Dog Show-2023 шарасына әлемнің әртүрлі елдерінен 20 мыңнан астам ит бақ сынайды.

200 түрлі ит тұқымын 150-ге жуық халықаралық төреші бағалайды.

Халықаралық санаттағы сарапшы, FCI Халықаралық кинологиялық федерациясының сарапшысы Омаров Заза (Грузия) тазы туралы пікірін бөлісті.

Ол тазы - иттердің ерекше тұқымына жататынын және еуропалық көрермендердің үлкен қызығушылығын туғызғанын атап өтті.

Оның пікірінше, тазы мінезі мен түрі бойынша ерекшеленеді.

«Тазы - өте қызық, маған ұнайды. Мықты тазылар көп, мен оларды Қазақстанға барғанда көрдім. Ең бастысы, бұл тұқымды қазір өз деңгейінде ұстауымыз керек», – дейді грузин сарапшысы.

Сондай-ақ З.Омаров Қазақстанның FCI халықаралық кинологиялық федерациясының толыққанды мүшесі атану арқылы алға үлкен қадам жасағанын атап өтті.

«Бұл елдің кез келген FCI ассамблеясында дауыс беруге құқығы бар екенін білдіреді. Ең бастысы, қазір халықаралық деңгейдегі барлық шараларға үнемі қатысу», - деді З.Омаров.


Соңғы жаңалықтар