Қазақ спортшылары тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында топ жарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тоғызқұмалақтан IV Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Онда Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия спортшылары жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, тоғызқұмалақтан ІV Әлем чемпионатының ашылу салтанаты Астанада 3 қыркүйек күні өткен болатын.

Сайысқа АҚШ, Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сынды әлемнің 25 елінен келген 70-тен астам спортшы қатысты. Олардың ішінде Австрия, Камерун, Польша және Украина спортшылары тұңғыш рет әлемдік аренада тоғызқұмалақтан өз шеберліктерін көрсетті.

null 

«Тоғызқұмалақ жарыстары біз үшін тек мықтыларды анықтайтын жарыс емес, ұлттық зияткерлік ойындарымызды, ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытудың бір жолы да. Осы орайда, биылғы Әлем чемпионатына төрт құрлық өкілдерінің келіп қатысуы бізді қуантады. Қатысып қана қоймай, шетелдік бапкерлермен тоғызқұмалақты қалай дамытамыз, қайтсек бұқаралық спортқа айналдырамыз деген тақырыптарды талқылап, бірқатар оң шешімдер қабылдадық. Шетелдік жанашыр достарымыздың көмегімен тоғызқұмалақтың келесі V әлем чемпионатын 2019 жылы Түркияда, Еуропа чемпионатын - 2018 жылы Францияда, Азия чемпионатын - 2018 жылы Моңғолияда өткізуге уағдаластық», - деп мәлімдеді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов үздік тоғызқұмалақшыларды марапаттау рәсімінде.

Қыздар арасында алғашқы екі орынды қазақстандық Қымбат Нөсерова мен Диана Кенина иеленді. Жүлделі үшінші орынды қырғызстандық Адина Әсеева жеңіп алды.

Ерлер арасындағы әлемдік тоғызқұмалақ чемпионатында қырғызстандық спортшылар топ жарды. Бірінші және екінші орын Кубан Ибрагимов пен Анарбек Жамакеевке берілсе, үшінші орын қазақстандық Сайлан Матыловтың қанжығасына байланды.

Рапид бойынша қыздар арасында қазақстандық Лина Каримова, ерлер арасында - қазақстандық Нұрбек Қабиев үздік деп танылды.

Классика түрінен де отандастарымыздың бағы жанды. Қыздар және ерлер арасындағы алғашқы орындар қазақстандық Әсел Далиева мен  Хәкімжан Елеусінов топ жарды.

null 

Сонымен бірге, марапаттау кешінде тоғызқұмалақтан командалдық әлем чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Нәтижесінде, Қазақстанның №1 және №2 командалары алтын және күміс медальдарды иеленіп, Моңғолия спортшылары қола жүлдені місе тұтты.

Айта кетейік, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізіліп, 16 елдің спортшылары қатысқан болатын. 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен ІІ Әлем чемпионатына 10 елдің спортшысы қатысса, ІІІ Әлем чемпионаты 2015 жылы Алматыда өткізіліп, 23 елдің спортшылары бақ сынады.

null

Тоғызқұмалақ Лондон (2006), Пардубице (2007), Канн (2009) дүниежүзілік зияткерлік фестивальдер мен олимпиадалардың бағдарламасына енгізілген. Ұлттық ойыннан халықаралық жарыстар Антигуа мен Барбуда, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария және өзге де мемлекеттерде өткізілді. 

null 

2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, тоғызқұмалақ әлемдік ғаламторда www.iggamecenter.com сайтында зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, онлайн жүйедегі ойын бағдарламасы жасалды. Қазіргі уақытта қазақтың ұлттық ойыны сайттағы ойындар рейтингінде көш бастап тұр.

null 

Соңғы жаңалықтар