Қазақ радиосына 99 жыл: Ардагерлер эфирге шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы 1 қазанда Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына 99 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, Қазақ радиосының халыққа арнаған өзіндік сыйы бар.

Яғни, биылғы 1 қазан күнгі бағдарламаларды радио ардагерлері - Ұлжан Пармашқызы, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Бүркіт Бекмағамбетов, Құсман Игісінов, Күләш Молдахметова, Әбдірәлі Бөлебай, Нұржан Жалауқызы жүргізетін болады.

Атап айтқанда, сатирик Көпен Әмірбек «Қайырлы таңда» тыңдарманға тамаша көңіл-күй сыйласа, барқыт үннің иесі Сауық Жақанова «Жырлайды жүрек» хабарын жүргізеді. Ал Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сынды дикторлар жаңалықтар жаршысы болып, еліміздегі және жаһандағы соңғы ақпаратпен таныстырады. Күләш Молдахметова балаларға арналған «Тапқыр бала» хабарын тікелей эфирде жүргізсе, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын дайындайды. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» хабарының тізгінін ұстайды. Радиомыздың тағы бір топ ардагер журналистері «Достық», «Біз жанбасақ», «Радиомедицина», «Ақ тілек» хабарын жұрт назарына ұсынады.

«Келер жылы ғасырлық мерекесін атап өтетін, тәулік бойы бойы хабар тарататын еліміздің бірінші радиосын тыңдап өстім, тыңдап келемін. Оның үстіне, Сауық апамыздың ертегілерін, Аманжан ағаның қоңыр үнін естіп есейген ұрпақтың бірі ретінде бұл тартуды ерекше қабылдадым. Қазақ радиосы үнемі қосулы болсын!», - деп жазды Facebook-те министр.

Ал «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады.

Алғаш 1921 жылдың күзінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан хабар таратқан, ғасыр куәсі болған қара шаңырақ, әр қоғамның тұсында әрқалай дамып, уақыт өткен сайын заман талабына сай жаңғырды.

Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ даласына ақпарат таратады.

Qazaq radiosy пандемияға бейімделіп, елдің әлеуметтік, құқықтық тақырыптардағы қажетін өтеуге біржолата ден қойды. Ал Shalqar болса, таза ұлттық бағыттағы таным, тарих пен пайым-парасаттың өзегіне айналды.

Қазір «Qazaq radiosy» республиканың 89% аумағына тараса, ал «Shalqar» радиосын елдің 64% тыңдайды. «Жол картасына» сәйкес 2025 жылға қарай оның деңгейін 95%-ға жеткізу жоспарланған. Қазір осы мақсатта шекаралық аймақтарда радиосигналдың қамту деңгейін кеңейтуге қатысты бірқатар жұмыстар қолға алынды.


Соңғы жаңалықтар