Қазақ полициясының тарихы қай кезеңнен басталады: Алаш кезеңі, Қазақ хандығы...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ полициясы күні қарсаңында бұл сұрақты танымал тарихшылар Берік Әбдіғалиұлы, Жамбыл Артықбаев пен алаштанушы Дихан Қамзабекұлына қойып көрдік.

Алаш милициясы - сақшылар ма, сарбаздар ма ?

1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері аралығында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіндегі 10 мәселенің төртіншісі «милиция туралы» болғаны белгілі. Осы мәселе бойынша Алаш қозғалысының белгілі өкілі Халел Ғаббасов баяндама жасайды. Съез Алаш автономиясы аталған ұлттық мемлекетті аяғынан тік тұрғызу үшін «халықтық милиция» атанған ұлттық әскер құру бағдарламасын бекітті. Осыған сәйкес Алаш автономиясына кіретін облыстар мен уездерде құрылуға тиісті милиция бөлімдерінің саны анықталып, оларды соғыс өнеріне үйрету, қажетті қару-жарақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдары айқындалды...

...Әлихан Бөкейханның 1919 жылы Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіссөздерінде келтірілген мәліметіне қарағанда, Алаш қарулы күштерінің саны 3 мыңнан асқан. Ал бұл ретте Алаш милициясымен, әскерімен қазақ полициясының тарихы басталды деуге бола ма? Бұл сұрақты «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 жж.)» кітабының авторы Берік Әбдіғалиұлына қойып көрген едік.

«Әлихан Бөкейхан Сібір үкіметі өкілінің «Милицияны қалай түсінуге болады?» деген сұрағына: «Милиция - біздің әскеріміз. Ол қазір іс жүзінде бар...» деп жауап берген. Бұл ретте милиция - жасақ дегенді білдіреді. Милицияның не мағына білдіретінін өз еңбегімде толыққанды жазғаным бар. Яғни, Алаш армиясы өз халқын, қызылдардың да, ақтардың да шабуылдарынан қорғады. Алайда құқық қорғау органдарының қазіргі жұмысына сай тергеу, анықтау, ішкі тәртіпті қадағалау жұмысымен айналысып үлгерген жоқ. Тарихи жағдайлар мүмкіндік бермеді. Сол себепті, Алаш милициясы аталған Алаш әскерін - қазақ даласындағы алғашқы ресми армия деп атар едім», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

«Сақшылық тарихын еуропалық атаумен өлшеудің қажеті жоқ»

Белгілі алаштанушы Дихан Қамзабекұлы болса жалпы, өз тарихымызды тануға байланысты қайшылықты қағидаттар қалыптасқанын айтады. Мысалы, бір жерде кейбір оқиғаларды тәуелсіздіктің басталуымен байланыстырсақ, кейбір оқиғаларды советтік кездермен өлшеу үрдіске айналған.

«Мысалы, әскердің қалыптасуын 7 мамыр деп тәуелсіздіктен бастасақ, милицияны ары жаққа апарамыз. Бұл жерде қағидатты мәселе бар. Әрине, тәуелсіздік - көздің қарашығындай сақтайтын дүние бірақ, біздің тарихымыздың ары барғаны, арғы Қазақ хандығы, Алаш кезеңі, Түркістан автономиясы секілді мемлекеттік құрылымдардың барлығы - біздің тарихымыздың сабақтастықта, жалғастықта екенін, яғни мемлекетшілдік негіздердің, идеялардың сабақтас екенін көрсетеді», - дейді алаштанушы Дихан Қамзабекұлы.

Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Қазақ хандығы тұсында да елдің әскері, ханның күзеті болған.

«Әйтпегенде хандық билік болмас еді. Ал енді тура милиция деген ұғымның шығуы Алаш зиялыларының тұсына сай келеді. Бірақ, Әлихан Бөкейхан «Біздің милиция - ол әскер» деп айтады. Яғни, ол кезде милиция ұғымына бір жағынан қорғаныс, ішкі тәртіп, ішкі қауіпсіздік - бәрі кірген. Кейін советтік кезеңде де солай жалғасты. Әу баста ОГПУ, НКВД, ГПУ дегендердің бәрі де бір ұйымнан, бір ұядан шығып отыр. Яғни, бәрі қауіпсіздікке байланысты дүние. Сол себепті, полицияның тарихын Алаш кезеңімен де байланыстырған абзал. Ал егер арғы жағын зерттейтін болсақ, Қазақ хандығы тұсындағы кезеңнен бастау керек», - дейді ол.

Алаштанушының айтуына қарағанда, тарихшылар бәрін реттейтін болса, полиция ұғымының тарихын бір қалыпқа келтіруге болады.

«Қағидат мәселесінде өте сақ болуымыз керек. Қазақстан аумақтарының тарихын жазған кезде кейбірінің тойын Патша үкіметінің тарихымен байланыстырып тойлап жатырмыз. Мысалы, осындай округтің ашылғанына 170 жыл болыпты-мыс деген әңгіме көп. Алматының тарихын жазған кезде тарихшыларымыз қала тарихы Верный кезеңінен ары кеткенін дәлелдеп, мың жылдық тарихқа апарды. Сөйтіп жатқан кезде кейбір қалалар Патша үкіметінің тұсында бекініс ретінде ашылғанынан бастап тойлап жатыр. Бұл қалай болады? Тарихшылар бірігіп, мекеменің, мекеннің, аудан, облыстардың тарихын қалай бастауымыз керек деген тұжырымдамалық негіз болуы керек. Кейбір аудандардың 80 жылдығы аталып өтуде. Ол жерге сонда одан бұрын қазақ аяғын баспап па мысалы?» - дейді Дихан Қамзабекұлы.

Профессор Алаш милициясының кезі - қазақ полициясының тарихының бір кезеңі деген тұжырымды алға тартты.

«Қазақ полициясының тарихын Алаш кезеңімен келте қайырсам, бұған дау айтар тарихшылар шығуы мүмкін. Себебі, хандарды қорғаған батырлардың болғаны өтірік емес. Оның алдындағы қазақ хандарын, билігін қорғаған әскер бір басқа, ішкі тәртіпті қорғаған адамдар бір басқа болды. Солардан бастау керек. Хандық - мемлекеттік құрылым. Мемлекеттің ішкі күзеті, қорғанысы болмаса ол қалай хандық болады? Сонда біз барлық жүйені полиция, милиция деген еуропалық атаумен өлшемеуіміз керек», - деп түйді Дихан Қамзабекұлы.

«Полицияның тарихын көне замандардан бастасақ - артықтық етпейді»

Ал тарихшы Жамбыл Артықбаевтың пікіріне сүйенсек, кез келген мемлекетте ішкі тәртіп сақтайтын арнайы күштер болады. Онсыз мемлекет өмір сүре алмайды. Өйткені, ішкі тәртіп, ішкі қарым-қатынасты реттеп отыратын тетіктер болуы керек.

«Ішкі қарым-қатынас, сыртқы саясат дейміз - біріне басымдық беріп, екіншісін ұмытып кетуге болмайды. Бәрі бір-бірімен байланысты. Көне замандарда да, көне хандықтарда да, біздің заманымызға дейінгі сақ пен ғұн дәуірінде де атақты патшалардың, шанью мен қағандарының жанында арнайы қызметкерлер болған. Көбінесе ішкі тәртіпті ұстап отырған төлеңгіттер болды. Енді төлеңгіттер - қазіргі кездегі мемлекет қызметкерлері. Орта, төменгі деңгейлерде қызмет ететіндерді - төлеңгіт деп айтады. Жоғары деңгейдегілер аталықтар болады. Ал енді төлеңгіттер ішкі тәртіпке, сауда керуендері мен елшіліктердің аманшылығына жауап берді. Ішкі қорғаныс пен тәртіпті ұстанып отырды», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Тарихшының айтуына қарағанда, қауіпсіздік мәселесіне жауап беретін қызметкерлер ұйымы - қазір пайда болған институт емес, ертеден бар.

«Ал енді отаршылық дәуірінде орыстың өзінің жандармериясы тәртіпті ұстап отырды. Бізге ондай құрылымдарды ұстауға мүмкіндік болмады. Ал енді Алаш автономиясы болған уақытта қайраткерлердің жасаған бірден-бір шаруасы - Алаш милициясы. Яғни, революцияның зобалаң уақытында елдің амандығын, ішкі тәртіпті сақтайтын құрылымдар керек болды. Өйткені, 1917 жылы басталған революциядан кейін сырттан келген қауіп те, қазақтың өз ішіндегі ұрлық-қарлық та күшейіп кетті. Солардың бәрін тыйып, ауыздықтап отыру үшін, қорғаныс мәселесін шешу мақсатында Алаш милициясы құрылды. Кейін келіп, ол советтік милицияға ауысты. Сондықтан, полицияның тарихын көне замандардан бастасақ, артықтық етпейді. Белгілі бір тарихи кезеңмен шектеуге болмайды», - деді Жамбыл Артықбаев.

Жамбыл Артықбаев алаштанушы Дихан Қамзабекұлының ойымен үндес мәселені көтерді. Тарихшының айуына қарағанда, соңғы уақытта Қазақстанда барлығын совхоз, колхоз заманынан бастау дәстүрге айналып барады.

«Бәленше ауданның сексен немесе тоқсан жылдығын тойлап жатырмыз дейді. Оған дейін ол жерле аудан болмады ма, ру немесе жүз болмады ма деген ой туындайды. Ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ. Сондықтан, біз тарихымызды неғұрлым тереңге апарғанымыз дұрыс», - деді Жамбыл Артықбаев.

Соңғы жаңалықтар