Қазақ пен тәжік халқының арасында көп ұқсастық бар - Умар Шоназаров

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақ пен тәжік халқының арасында көп ұқсастық бар. Әсіресе, екі ұлтта да қонақжайлық пен баршаны бауырына басып тұратын мамыражай мінез басым. Бұл туралы «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Умар Шоназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз елімізде тұрып жатқан түрлі ұлттардың этносаралық бірлігі мен өзара татулығы туралы көп айтамыз. Алайда, кейде осынау ауқымды ұғымдардың қарапайым адамдар арасындағы достықтан басталатынын ескере бермейміз. Елдің бірлігі аға мен інінің, көрші-қолаң, туған-туыстың арасындағы өзара ынтымақ пен ыстық ықыластан бастау алады. Бұл жерде бір ғана қарапайым қағида бар. Ол - адамдардың бір-біріне мейіріммен қарауы. Біздің басты кейіпкеріміз Умар Шоназаров осы тұжырымды өзінің өмірлік қағидасына айналдырған.

«Мен өз кәсібімнің аясы кеңейген сайын ел-жұрттың алдындағы жауапкершілігім артқандай сезінемін. Адамды адам ететін оның адамгершілік қасиеттері ғана. Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында мемлекет барша халықтың тұрмысын тең етіп жасап бере алмайды. Алайда, елімізде ауқатты адамдар баршылық қой. Солар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бір отбасын болсын, қанатының астына алса, елде кедейлік, теңсіздік деген ұғым бой көрсетпес деп ойлаймын», - дейді ол.

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде Умар Шоназаров өзінің әріптестерімен, Қазақстан халқы ассамблеясының Ақмола облыстық филиалының және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерімен бірлесіп, «Біз біргеміз» акциясы барысында мұқтаж жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуде белсенділік танытып жүр.

«Адамға ауа жұту мен ас ішу қандай қажет болса, маған қайырымдылық жасау сондай қажет. Төтенше жағдай кезінде өмірдегі басты байлық - денсаулығынан айырылған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, біреудің көмегіне зәру жандарға көмек көрсетуді азаматтық парызым деп санаймын», - дейді ол.

Бүгінде Умар Шоназаров туған жері жырақта болса да, Қазақстанды өз Отаны санайтын тәжік ұлтының өкілдерінің басын біріктіріп отырған «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы. Оның бастамасымен КХА Ақмола облыстық филиалының спортшы жастар командасы құрылған, ол өзара араласатын, достасып жүрген түрлі этностардың 200-ге жуық өкілін біріктірген. Әр ұлттың өзінің тілі мен мәдениетін дамытуына мүмкіндік беріп отырған олардың Елбасы мен Мемлекет басшысына айтар алғыстары шексіз.

Айта кетейік, осы күні Ақмола облысында 18 этносты біріктіретін 50-ге жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Солардың бірі – «Санги-Кабуд» тәжік орталығы. Аталмыш бірлестік 2017 жылдың қарашасында ашылған. Содан бері «Жас келсе – іске» демекші, кәсіби спортшы, қазақ, араб, парсы тілдерін еркін меңгерген іскер жас Умар Шоназаровтың жетекшілігімен тәжік ұлттық-мәдени орталығы ашылған күннен бастап-ақ жұмысқа қызу кірісіп кетті. Орталық мүшелері бірлесіп еліміздегі барлық мерекені атап өтеді. Түрлі ұлттардың ұлттық тағамдарын әзірлеп, әндерін шырқап, билерін билейді.


Соңғы жаңалықтар