Қазақ пен өзбек кәсіпкерлері қандай құжаттарға қол қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір ғасыр бұрын Өзбекстан қазіргі тілмен айтсақ, қайнаған бизнестің ортасы еді. Әйтпегенде, «Ташкен көрген» деп, өзбек жеріне барып келген қазақты қолы сәтті саудагерге баламас еді. Дегенмен, ыдыраған Кеңес одағы өзбек экономикасын да мұздатып, өзбек ағайын көршілес елдерге ала дорбасын көтерген кедей саудагер ретінде танылуға мәжбүр болды. Оның үстіне, жаңадан сайланған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің алдында ел басқарған марқұм Ислам Кәрімов өзбек нарығын, өзбек саудасын «тұмшалап» ұстағаны жасырын емес.

Ал, сайланғанына жарты жыл енді тола бергенде, жаңа президент Қазақстанға тұңғыш ресми сапарын жасады. Өзі ғана келіп кетпей, өзбек бизнесмендерін де қоса ерте келді. Осылайша, Астанада өткен аптада тұңғыш рет қазақ-өзбек бизнес форумы өтті. Форумнан бұрын өзбек кәсіпкерлері өз өнімдерін көрмеге шығарып, шыны керек, қазақ ағайындарын таң қалдырды. Өзбек кәсіпкерлері қыл аяғы ағаштан визитка салатын бұйым жасап, кәдімгі кәсіп қылып отыр екен. Не керек, көрмеден өзбектің қолынан шыққан аяқ киімді де, велосипедті де, бокс қолғабын да, шұлықты да, тіпті, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пешті де көрдік. Өзбек бизнесмендері бұл көрме мен форумға баратынымыз бірнеше апта бұрын ғана белгілі болды, сондықтан, көрмеге Өзбекстанда өндірілетін тауарлардың тек 30 пайызы ғана әкелінді дейді.

Жалпы, Шавкат Мирзиеевтің де, кәсіпкерлердің де бұл сапарында бір астар жатыр - «жабық» нарығы ашылған Өзбекстанға тұтынушы керек. Ал, өзге елдермен әлдеқайда сауда-саттығын түзеп алған Қазақстанға Өзбекстанмен бірлескен кәсіпорын аша отырып, өзі қанағаттандыра алмай отырған нарықтарға өнім жеткізу керек. Яғни, өзара екі елдің экономикасына табыс түсіріп, экспорт көлемін, сауда айналымның көлемін арттыру.

«Тұңғыш рет өткен қазақ-өзбек іскерлік форумы екі елді қосқанда, бес жүз кәсіпкердің басын қосты. Форум аясында өте маңызды келіссөздер өтті. Біздің ойымызша, бұл екі ел арасында жаңа экономикалық қарым-қатынас орнатудың алғашқы қадамы. Өздеріңіз білесіздер, бұрын даулы мәселелер көп еді. Екі елдің кәсіпкерлері ынтымақтастықтан гөрі, бәсекелестікке көп назар аударды. Бірақ, екі елдің де жанында өте алпауыт нарықтар орналасқанын түсіндік. Мысалы, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы. Сондықтан, бауырлас екі елге ынтымақтастық орнатып, жұмысты үйлестіріп, осы үлкен нарықтарға бірге шығу керек. Мәселен, Қытай нарығының, әсіресе, азық-түлік нарығының сұранысы өте жоғары. Бір Қазақстан кәсіпкерлерінің күшімен ол нарықты қанағаттандыру мүмкін емес, сондықтан, бірігу керек. Сондай-ақ, климаттық жағдайға байланысты, басқа да себептерге байланысты Қазақстанда өндірілмейтін өнімді Өзбекстанда бірлесе шығарып, өзара тиімді бағада сата алар едік. Сондықтан да, форумға келген әрбір өзбек кәсіпкері осы жерден серіктес тауып кетуге тырысты»,-дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Осы сапардың аясында құны 840 млн доллар болатын 92 келісімшартқа, ал бизнес форумның аясында құны 94 млн долларлық тағы 10 құжатқа қол қойылды. Ал, Өзбекстан сауда-кəсіпкерлік палатасының төрағасы Əлішер Шайхов екі елдің сауда айналымын 5 млрд. долларға жеткізу мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Бизнес форумның алдында 800 млн. доллардан астам келісімшарттарға қол қойдық. Жалпы, екі елдің арасындағы сауда айналымды бес млрд. долларға жеткізу міндеті тұр», - дейді Əлішер Шайхов.

Бұл ретте, инвестиция тарту мəселесіне тоқталған ол: «Инвестиция көлемі кəсіпкерлердің өзіне байланысты. Инвестиция тарту үшін екі елдің əлеуеті жетеді. Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға сапары аясында бір топ кəсіпкерлер осы бизнес форумға келді. Бұл бизнес форум екі елдің экономикалық байланысы мен сауда-саттығын қайната түсті. Сыртқы нарықтарға жол ашу үшін Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен кəсіпорындар құру керек деп пайымдап отыр»,-деп жауап берді.

Сонымен, Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіпкерлері екі ел үшін ең маңызды он құжатқа қол қойды. Олар нендей құжаттар? Басты бес құжатқа тоқталсақ, олар: автокөлік жасау саласында бірлескен «ДжиЭм Өзбекстан» кәсіпорнын ашу үшін «Сарыарқа» Автоөнеркәсіп» ЖШС мен «Узавтосаноат» АҚ өзара келісімге қол қойды. Ал, мұнай тасымалы саласында байланыс орнату үшін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Өзбекмұнайгаз» Ұлттық компаниясы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қаржы нарығындағы операцияларды жүргізудің жалпы талаптары жөніндегі келісімге Қазақстан тарапынан «Тенгри Банк» АҚ, ал, Өзбекстан тарапынан «Асака» банкі келісімшартқа қол қойды. Ташкент пен Шымкентте жоғарыда айтқан екі сауда үйін ашу үшін Қазақстан тарапынан «Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластер қауымдастығы» мен Өзбекстан тарапынан «Узфармасанот» мемлекеттік акционерлік концерні өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Ең бастысы, «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС басқарма төрағасы Аян Еренов пен Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Алишер Шайхов екі ел арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойды.

«Осы он келісімшарттың ішінен екеуін ерекше бөліп атар едім. Біріншісі - «Узавтосаноат» АҚ мен «Сарыарқа» автоөнеркәсіп» ЖШС-ның арасында қол қойылған құжат. Осы құжат негізінде енді «ДжиЭМ Өзбекстан» АҚ автомобиль өндірісін ұйымдастыратын бірлескен кәсіпорын құрылады. Екінші құжат - Қазақстан фармацевтері қауымдастығы мен Өзбекфармцана кәсіпорыны арасында қол қойылған құжат. Осы келісімшарт негізінде Ташкент пен Шымкентте екі сауда үйі ашылады. Ташкенттегі сауда үйінде Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмек, ал, Шымкенттегі сауда үйінде керісінше, Ташкентте жасалатын дәрі-дәрмектер сатылмақ»,-деді сөзін түйіндеген Нұржан Әлтаев. 

Соңғы жаңалықтар