Қазақ пен қырғызды әдеби-мәдени байланыс жақындата түседі - Жансейіт Түймебаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Қырғызстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысты. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қырғыз елінің астанасы - Бішкек қаласындағы «Эне-Сай» мемлекеттік резиденциясында өткен шараға жоғары лауазымды тұлғалар, мемлекеттік орган басшылары, республиканың түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттен делегаттар шақырылған.

Салтанатты іс-шараны Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков сөз сөйлеп ашты. Ел президентінің сөзінен кейін көршілес Ресей, Қазақстан, Өзбекстан мемлекеттерінің өкілдері сөз алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзінде көпұлтты Қырғызстанның ішкі және сыртқы саясатын азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағыттап отырғанына тоқталды. Сондай-ақ, Қырғызстан халқы Ассамблеясының этносаралық өзара іс-қимыл жасаудың тиімді институтына және бірліктің мызғымас тұғырына айналғанын атап көрсетті.
Жансейіт Түймебаев екі ел тарихы мен әдебиетінен қазақ-қырғыз арасын жақындататын мысалдар келтіре отырып, түп-тамыры терең мәдени байланыстар қос елді біріктіре түсетініне тоқталды.

«­­­­Көне түркі дәуірінен бастау алатын қырғыз әдебиеті қай кезде де қазақ әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әдебиеттің кейбір үлгілерінің екі елде бір мезгілде дамуының мысалдары өте көп. Біздің Асан Қайғы, Кет Бұға, Алдар көсе, Толыбай сыншы сияқты тұлғаларымыз да ортақ. Халық ақыны Аалы Тоқомбаев өзінің әдеби еңбегінің алғашқы күндерінен бастап Абайды ұстаз тұтып, ұлы ақынның өлеңдерін түгелге жуық қырғыз тіліне аударды», - деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.

Қырғыз ауыз әдебиетінің жарқын үлгісі «Манас» жырының хатқа түсіп, сақталуына үлес қосқан Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтің еңбектері де еске алынды. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазақ ақын-жазушылары Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазамен достық қарым-қатынасын кейінгі буынға үлгі етті.

Сонымен қатар, қос мемлекеттің ассамблеялары арасындағы достық, серіктестік қатынастың қалыптасқаны, Қазақстанда тұратын қырғыз этносына көрсетіліп отырған қолдау туралы кеңінен әңгімеледі. Мысалы, Қазақстанда 9 этномәдени бірлестік тіркелгені, жексенбілік екі мектеп жұмыс істейтіні, оларға қажетті оқу құралдарының мемлекеттік бюджет есебінен шығарылатыны, Қазақстанда еңбек етіп жатқан қырғыздан шыққан белгілі азаматтар туралы ақпаратты зал қошеметпен қабылдады.

Соңғы жаңалықтар