«Қазақ пен қала» атты прозалық байқау жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық «Жас Алаш» газеті мен «Алтын қалам» қоры Қазақстан жазушылар одағымен бірлесіп қала прозасына арналған «Қазақ пен қала» республикалық байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқауға Алматы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы қаржылық қолдау көрсетіп отыр.

«Қазақ прозасында бірлі-жарым шығармалар болмаса, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі мен қала адамдарының ойлау жүйесі, дүниетанымы мен мәдениеті, қазақтың қалаға бейімделуі мәселелері - әлі күнге толық қамтылмай келе жатқан тақырып. Байқаудың негізгі мақсаты - соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген осы мәселеге ­- қазақ әдебиетінің қала прозасы жанрын дамытуға үлес қосу. Сонымен қатар, жазушыларға шығармашылық қолдау көрсетіп, қазақ прозасының тақырыптық ауқымын кеңейтуді, қазақ жазушыларын қала тақырыбын игеруге ынталандыруды көздейді» делінген Жазушылар одағы таратқан хабарламада. 

Байқауға қатысушылар қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ондағы тұрғындардың қилы тағдырларын суреттеген прозалық шығармаларын жолдай алады. Туындының көлеміне (әңгіме, повесть, роман) және қатысушының жасына шектеу қойылмайды. Ұсынылған шығарма бұрын ешқайда жарияланбаған болуы тиіс.

Шығармалар 5 қыркүйектен бастап 30 қарашаға дейін қабылданады. Байқау жеңімпаздарын елге белгілі әдебиетшілер мен ақын-жазушылардан құрылған қазылар алқасы анықтайды.

«Қазақ пен қала» республикалық байқауының 1-орын иегеріне - 1 миллион, 2-орынға -  500 мың теңге, 3-орынға 300 мың теңге жүлде тігілген. Сонымен қатар, 200 мың теңге көлемінде арнайы сыйлықтар және 100 мың теңге ынталандыру сыйлықтары қарастырылған. Байқау шарттарымен мына жерден толық таныса аласыздар.

Айта кету керек, қала прозасына арналған байқау Қазақстанда тұңғыш рет өткелі отыр.

 

 

Соңғы жаңалықтар