Қазақ-өзбек шекарасындағы ұзын-сонар көлік кептелісі қайдан пайда болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер комитеті қазақ-өзбек шекарасындағы жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, қазір Түркістан облысындағы Қазақстан-Өзбекстан шекарасында өткізу пунктерін қайта құру және модернизациялау жұмысы жүріп жатыр.

Бұл жұмыс Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Қапланбек» кеден бекетін толық жабуымен басталған болатын.

Осыған байланысты 15 ақпаннан бастап «Қазығұрт» (ҚР) – «С.Наджимов» (ӨР), «Атамекен» (ҚР) – «Гулистан» (ӨР) өткізу пунктері арқылы жеке тұлғалар мен жеңіл көліктерді өткізу тоқтады.

«Дегенмен, шекаралық өткізу пунктерінің өткізу қабілеті төмендемегенін атап өту қажет. «Қазығұрт» және «Атамекен» кеден бекеттерінің әрқайсысы екі бағытта (импорт/экспорт) орта есеппен тәулігіне 350-400 жүк көлік құралдарын өткізіп жатыр. Ал модернизацияланған «Қонысбаев» кеден бекеті 1 мыңнан астам көлік құралын өткізіп жатыр. 20 сәуірде ауа райының қолайсыздығына байланысты Өзбекстанға өту үшін кезекте тұрған 200-250 көлік құралынан тұратын кептеліс пайда болды» деп түсіндірді комитет.

Өткізу қабілетін арттыру мақсатында қазақстандық және өзбек мемлекеттік органдар келісім бойынша күшейтілген режимге ауыстырылды.

Осыған байланысты өткізу пунктеріндегі кептеліс жақын арада жойылады.

Жүру маршрутын тиімді жоспарлау және шекарада тұрып қалуды болдырмау мақсатында, жүргізушілер мен тасымалдаушыларға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің интернет-ресурсында (trk.kgd.gov.kz) кеден бекеттерінің жүктемесі мен өткізу кезегінің ағымдағы жағдайы туралы мәліметтерді көру мүмкіндігі ұсынылады.

Айта кетейік, «Жібек Жолы» кеден бекеті тәулік бойы және штатты режимде жұмыс істейді.

150-200 жеңіл автокөлік құралын өткізу қабілетіне қарамастан аталған кеден бекеті тәулігіне 300-400 көлік өткізіп жатыр.

20 сәуірде осы кеден бекеті арқылы 582 автокөлік құралы (кіру-265, шығу-317), 48 автобус (кіру-45, шығу-43), және 24 469 жеке тұлға (кіру-13 524, шығу-15 945) өткен.

21 сәуірдегі жағдай бойынша кезекте тұрған көлік құралдарының саны - шамамен 150.


Соңғы жаңалықтар