Қазақ-өзбек шекарасындағы «Б. Қонысбаев» пунктінің өткізу әлеуеті артты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жөндеуден кейін қайта ашылған Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Б. Қонысбаев» пунктінің өткізу әлеуеті артты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы бюджет қаражаты есебінен «Б. Қонысбаев» автомобиль өткізу пункті жаңартылып, аумағы 3,6 гектардан 6 гектарға дейін кеңейтілді. Бұл – қазақ-өзбек шекарасындағы ең ірі пунктердің бірі. Құрылысқа арналған инвестициялық шығындар шамамен 15 млрд теңге болды. Пункт тәулігіне 1,5 мың көлік құралын және 10 мың жеке тұлғаны қозғалыстың екі бағытында, оның ішінде 1 мың жүк көлігін және 500-ге дейін жолаушылар көлігін өткізуге қауқарлы. Мұнда 2019 жылдың желтоқсанынан бастап 2022 жылғы қазанға дейін 230 525 көлік құралы өтті. Одан 3 248 млн теңгеден астам кедендік баж бен салық түсті», - деп тоқталды Бақытжан Слямов.

Айта кетейік, биыл 1 желтоқсаннан бастап Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы «Қапланбек» және «Зангиота» автомобиль өткізу пунктері жөндеуге жабылады. Бақытжан Слямовтың айтуынша, жөндеу жоспарланып отырған қалған өткізу бекеттері жабылмайды, дегенмен көлік пен жеке тұлғалардың қозғалысына шектеулер енгізіледі.

Еске салсақ, биыл шекарадағы 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу пункті жөнделеді.


Соңғы жаңалықтар