Қазақ-өзбек байланысы барлық салада жаңа биікке көтерілуде – Мәулен Әшімбаев

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің Өзбекстанға сапары барысында екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын дамытудың 2021-2022 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды. Бұл туралы М.Әшімбаев Facebook-те жазды.

«Шет елдермен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту – Сенат жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл бағыт Мемлекет басшысының да үнемі назарында екені белгілі. Осыған орай бүгін ресми сапармен Өзбекстан Республикасына келдім.

Қазақ пен өзбек тамыры бір, тарихы ортақ, туысқан халықтар. Сондай-ақ, Өзбекстан бүгінде Қазақстанның тек Орталық Азиядағы емес, әлемдік қауымдастықтағы сенімді стратегиялық серіктесі және одақтасы. Достық пен бауырластыққа негізделген мұндай тығыз қарым-қатынастың қалыптасуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зор еңбек сіңіргені белгілі», - дейді Сенат спикері.

М.Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қос мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев осы сабақтастықты сақтауға баса мән беріп отыр.

«Соның нәтижесінде қазақ-өзбек байланысы барлық салада жаңа биікке көтерілуде. Аталған ынтымақтастықты одан әрі өркендетуге Парламенттеріміз де өз үлестерін қосып келеді.

Сапардың алғашқы күнінде Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездестім. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты күшейтуде Парламенттеріміздің, оның ішінде Жоғарғы палаталардың атқаратын рөліне тоқталдық. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды тетіктерін сөз еттік. Бұл салаларда екі елдің әлеуеті өте зор. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттар бойынша бірлесіп атқарылатын жұмыстарға заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетудің берері мол болады деп есептейміз», - деп жазады Сенат төрағасы.

Мәлім етілгендей, кездесу барысында, сондай-ақ екі елдің Сенаттары арасында парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2021-2022 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды. Құжатта өзара байланысты дамытатын нақты шаралар қамтылған. Соған сәйкес, алдағы уақытта өңіраралық қарым-қатынасты кеңейту, экологиялық проблемаларды, оның ішінде Арал теңізіне қатысты мәселелерді шешу, туризмді дамыту, инвестиция тарту және басқа да бағыттар бойынша бірлескен бастамалар қолға алынбақ.

Қазақстандық делегацияның Өзбекстанға сапары аясында ертең тағы бірқатар шара жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар