Қазақ отбасына келін болған соң, салт-дәстүрді сақтаймын – Ирина Сильченко

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының тумасы Ирина Сильченконың ұлты орыс, дегенмен қазақ тілін жақсы меңгерген және қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Бүгінде ол ұстаздық етіп, өскелең ұрпаққа орыс тілі мен әдебиеті пәнін үйретеді. Ирина ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат барысында қазақ тілін үйренудің қарапайым тәсілдері туралы айтып берді.

«Мен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келдім. Ұлтым орыс, яғни әкем – орыс, анам – қазақ. Жасым – 24-те. Бейнеу орта мектебін бітіріп, осындағы экономикалық-гуманитарлық колледжіне түстім. Содан соң Тараз мемлекеттік университетінде жоғары білім алдым. Мамандығым орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы №20 орта мектепте қазақ сыныптары үшін орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық жолда жүргеніме 6-шы жылға қарап барады. Мектепте орысша оқыдым, одан кейінгі білімді қазақ тілінде алдым. Өскен ортам қазақи болғандықтан, қазақ тілін бала күнімнен еркін білемін. Оның үстіне қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанмын, қазір бір баламыз бар», - деді Ирина Сильченко.

Сондай-ақ жас маман қазақ тілін үйренгісі келетін жандарға кеңесін ұсынды.

«Менімен көп адамдар алдымен орысша сөйлеп бастайды. Мен қазақша жауап берген соң, таңғалып, әңгімені қазақ тілінде жалғастырып жатады. Жалпы тіл үйренуде, оның ішінде қазақ тіліне де қатысты бастысы, ниет болу керек, тілді жүректің қалауымен үйрену қажет. Ал бүгінде тілді үйренудің әдіс-тәсілі жетіп жатыр. Нешетүрлі курстар бар, қазақи ортамен араласу арқылы, фильм қарап, қазақша әуен тыңдау арқылы, сондай-ақ кітап оқу арқылы да үйренуге болады», - дейді ол.

Одан бөлек, ақтаулық Ирина Сильченко облыстық «Тіл татулық тірегі» және республикалық «Тіл парасат» байқауларының жеңімпазы.

«Қазақ тілін білуімнің арқасында біраз жерлерге шақырту алып, іс-шараларға қатысып жүрмін. Сондай-ақ БАҚ тарапынан да қызығушылық басым, сұхбат алып, түрлі телебағдарламаларға шақырып жатады. Сол сияқты «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акцияға қатысып, 200 адамның ішінен 15 үздік қатысушының бірі атандым», - дейді жас маман.

Оның айтуынша, келін болып түскенде қазақтың салт-дәстүрін үйрену қиындыққа түспеген.

«Әрине, қазақ отбасына келін болған соң, салт-дәстүрді білемін және сақтаймын. Ол жағынан еш қиындық болған жоқ. Оның үстіне өз анам қазақ, ол да бар білгенін үйретті. Бала күнімнен қазақтың талай той-думанына барып жүрмін, яғни көріп, білім өскенмін», - деді ақтаулық жерлесіміз.


Соңғы жаңалықтар