Қазақ өнерінің саңлақтары: Қаршыға Ахмедиярұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаршыға (Қаршымбай) Ахмедиярұлы - (1946-2010) - күйші, композитор. Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Парасат" орденінің иегері

Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылдың 25 наурызында Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген.

Өзі күйші, саятшы, қисса-термелерді төгіп айтатын Ахмедияр ақсақал жанұясында өнер-ғұмырлық жолмен тәрбиеленеді. 4 жасынан ермегі де, еңбегі де домбыра болған Қаршыға «Өнерің үстем болсын, өркенің өссін» деген ата тілеуін, ауыл батасын алып, бала күннен әншілік-күйшілік өнерімен көзге түсті.

Қаршыға Ахмедиярұлы- қазақтың аса бағалы рухани қазынасы саналатын құдыретті күй өнерінің асқан жүйрік дүлдүлдерінің бірі. Ол- Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Шернияз, Диналардай батырлар мен ақындардың, жыршы-жыраулардың, біртуар бірегей күйшілердің Отаны болған Атырау өңірінің түлегі. Күйшілік өнерге деген құштарлығы мен құлшынысы жетелеген ол 1965 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра кафедрасының дайындық курсына түсіп, үлкен өнер жолына бет бұрады. Күйшілігі бұрыннан пісіп-жетілген Қаршыға дәл сол жылы-ақ әйгілі Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне шақырылып, қызмет ете бастайды.

Қаршыға Ахмедиярұлы консерваторияда оқи жүріп, оркестрде қызмет еткен жылдары оркестр құрамында да жеке орындаушы ретінде шынайы шебер күйші екенін танытты.

Жалпы Қаршыға Ахмедиярұлының творчествосын төрт түрлі бағытта қарауға болады. Олар: 1. Қазақтың музыка мәдениетінде, орындаушылық саласында өзіндік ерекше мектеп қалыптастырған күйшілік өнері; 2. Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Дәулеткерей, Абыл, Өскенбай, Тәттімбеттер дәстүрінде көптеген тамаша күйлер шығарған композиторлығы; 3. «Шашақты найза, Шалқар күй», «Әсем қоңыр», «Сарыарқа», «Жігер» тәрізді әлденеше күй жинақтарының авторы және сондағы күйлердің жинаушысы,зерттеушісі; 4. Халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегерлерін, бүгінде қалың жұртшылыққа танымал шәкірттер дайындаған ұлағатты ұстаздығы. Осы төрт салада да ол үлкен жетістіктерге жетті.

Қаршыға Ахмедиярұлы - жан-жақты ірі музыкант, қайталанбас дара тарлан талант иесі. Оның өзі күйіттеген музыка өнері саласындағы бүгінге дейінгі жеткен жетістігі - кім-кімге де үлгі-өнеге, келер жас ұрпақтарға арналған асыл мұра. Абыз күйдің әуенсазбен өріліп, неше ғасыр өтсе де ақиқатынан ажырамауы, әлемді таң қалдырған осынша мол мұрамыздың бүгінгі күнге жетуі күй құдіреті, талант құдіреті екендігі даусыз. Ендеше тума таланттарымыздың бірі, дәулескер күйші Қ.Ахмедияровтың шығармашылығы соның бір айғағы дер едік.

Дарабоз өнер иесіне «Күй қаршығасы», «Саңлақ күйші», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасырдың күйшісі» тәрізді бағаны тыңдармандары бергені тағы ақиқат.

1972 жылы консерваторияны үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы оркестрге жолдама алады. Осы жылдары сан қилы сахна өміріне, орындаушылық өнерге алдыңғы толқын ағалармен қызметтес, серіктес бола жүріп, шыңдалып, ширыға түсті.

Оркестрдің 50 жылдан астам өмірінде санаулы-ақ адамдар домбырашылар тобының концертмейстері болған екен. Олар - Қазақстан халық әртістері Қ.Жантілеуов, Р.Омаров, Қ.Ахмедияров. 1973-1988 жылдар аралығында ол осы қасиетті де құрметті тұғырда, дүлдүл домбырашылық үлгісін көрсетті. Дүние жүзін қастерлі күй әуеніне бөлеп, құлақ түргізіп, талайларды тума талантымен тамсандырған да осы Қаршыға! Бұрынғы Одақ көлемін айтпағанның өзінде, АҚШ, Жапония, Норвегия, Италия, Финляндия, Франция, Швеция, Швейцария, Марокко тағы басқа көптеген елдрде оркестр құрамында және жеке концерттік сапарлармен болып, күй мұрамыздың абыройын асқақтатты.

Осындай бір есте қаларлық сапар деп 1981 жылы Америкаға барғанын айтар едік. Иә, сол жолғы Қазақстан делегациясының құрамында белгілі өнер қайраткерлері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Ғалия Молдакаримова, Шора Үмбеталиев, Олжас Сүлейменов, Қаршыға Ахмедияровтар бар еді. Ең соңғы Нью-Йорк қаласының БҰҰ үйінде американдықтардың сұрауы бойынша болған кездесуде О.Сүлейменов және Қ.Ахмедияров қана өнер көрсетеді, сонда жиналған көрермен қазақтың домбырашысын сахнадан жібермей, түрегеліп тұрып қол соға қошемет білдірді.

Осы сапардан оралған сәтте Қ.Ахмедияровқа «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. Осыдан көп кешікпей, Мемлекеттік сыйлыққа, ал 1992 жылы «Қазақстан халық әртісі» жоғары мәртебесіне ие болды.

1994 жылы профессор ғылыми жоғары атағы берілді. Қ.Ахмедиярұлынан тәлім алған шәкірттерінің өнердегі табыстары осының айғағы.

Атырау, Маңғыстау облыстарында, консерваторияда Қ.Ахмедияров атындағы жүлде үшін домбырашылар сайыстары өтіп, жүзден жүйрік шыққандары «Үкілі домбыраға» ие болды.

Ол 1996 жылдан- домбыра кафедрасының меңгерушісі. «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» М.Әубәкіров пен Қ.Ахмедиярұлының қолға алуымен 1993 жылдан бері домбыра кафедрасында «Дәстүрлі орындаушы» мамандырылған курсы жұмыс істейді.

Ал ғылыми-зерттеу еңбектері бірнеше жинақ болып жарық көрді. Олар:

1. «Сарыарқа» күй атасы Құрманғазы күйлері жинағы.

А.Жұбанов жазып қалдырған 50-ден аса күй, 20-дан аса жаңа күйлермен толықтырылып қайта басылып шықты.

2. «Жігер»- күй бабасы Дәулеткерей күйлері орындаушылардан А.Жұбанов, А.В.Затаевич, П.А.Аравин жазып алған үлгілері өңделіп, соңғы жаңа деректер, кейін табылған күйлермен толықтырылды.

3. «Әсем қоңыр» - күй анасы Дина шешей күйлері, өз орындауындағы нұсқаларын хаттап, соны жаңалықтармен шығарады.

4. «Шашақты найза, шалқар күй» - қылыштай өткір, жалынды да жігерлі Махамбет күйлері.

5. «Атырау» - 20-дан аса автордың төл туындылары.

Болашақта басылым күтіп тұрған күй жинақтарын, жалпы күйші саусағының жылуын сезген күй санын дөп басып айту қиындау.

Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық пен «Парасат» орденінің иегері Қаршымбай Ахмедиярұлы халық музыкасы орындаушылары арасында дарабоз талнтымен белгілі, заманымыздың өнер саласындағы жан-жақты маманы болып табылады. Ол күйшілігімен ғана емес, Мемлекеттік Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры, ұстаз, ұйымдастырушы ретінде де кеңінен танымал. Оның орындаушылық өнері елімізде және алыс шетелге де мәлім.

Қ. Ахмедиярұлы есімінің мұншалықты әйгілі болуы кездейсоқ құбылыс емес. Ол кең тараған дәстүрімізді жағастырушы болуымен қатар, өз әріптестері арасында асқан шебер орындаушылығымен ерекшеленетін жеке тұлға. Аса күрделі деген шығармаларды орындау оған көп қиындық келтіре қоймайды. Оның репертуарында Қазақстанның барлық аймағының күйі бар, десек те ол үшін Бөкей ордасы мен Маңғыстаудың, Махамбет, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Есір, Құлшар күйшілер шығармаларының жөні бір бөлек. Қ.Ахмедиярұлы ширек ғасырдан бері сахна төрінде шеберлік шыңын еншіледі. Кәсіби шеберлігі жөнінен оған иық теңестіре қоятын не асып түсетін талантты таба қою қиын.

Қ.Ахмедиярұлы тақырыбы және стилі жағынан әртүрлі 50-ден аса күй шығарған екен.Оның ішінде жақын,сүйікті адамдарына арнаған «Қайран әке», «Ақ қайың», «Сағыныш», замандастарына «Ғазиза», «Би», «Қуаныш», «Шамғон Ақжелең», «Нұрғиса», өткеннің өр тұлғаларына арналған «Абай толғау», «Құрманғазы», «Ақжелең» күйлері бар. «Жаңа жыл», «Шабыт», «Осака» т.б. күйлері сырлы сезімді суреттесе, ал «Алтын ұя», «Құрдастар», «Нарын», «Ақжайық» , «Атырау», «Атамекен» туындылары қоғамдық өркениетке,туған жер тақырыбына арналған.

Қ.Ахмедиярұлы күйлерінің ішінде өзгеше бітімді, шоқтығы биік туындылар бар. Автордың дәстүр аясында туындаған күй желісін әртүрлі байланыстар арқылы жалғастырып, музыкалық полифония дестелерімен өрнектеп, дәстүр мен жаңашылдық арасын дәл кіріктіре білуі өте сәтті шыққан. Осы тұрғыда «Нұрғиса», «Сағыныш», «Нарын», «Атырау», «Атамекен», «Ғазиза» күйлері өзінше бір құбылыс десе болады.

Ал күйлерінің мазмұнын саралайтын болсақ, үнемі даму сатысында болғанын көреміз. Егер бастапқы күйлері жас талапкер талғамына сай жалынды, балауса келсе, ал кейінгі шығармаларының сомданып толысқанына куә боламыз, соның бір дәлелі 90-шы жылдардан бастап күйлерінде тың леп, толғаныс, талмай ізденіс иірімдері бар. «Абай толғау», «Хамаң толғау» және т.б. шығармаларында автор айтарын дәстүрлі жанрларға сүйену арқылы жеткізген.

Соңғы жаңалықтар