Қазақ музыкасы Италия сахнасында әуеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық өнер университетінің 6 студенті Римнің әйгілі «Академика» сахнасында «Эхо востока» атты концерт беріп, қазақ музыкасының классикалық туындыларын әлемге паш етті.

Бұл бастама университет ректоры Айман Мұсақожаеваның қолдауымен жүзеге асты. Жақында Қазақ ұлттық өнер университеті әлемдегі ең көне консерваториялардың бірі - «Санта Чечилия» басшылығымен академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасу жайлы меморандумға қол қойған болатын.

Меморандум шеңберінде көрсетілген талаптарға сай Өнер университетінің 6 студенті қазанның 28-інен ақпанның 28-і аралығында Италияның белгілі оқу ордасы «Санта Чечилия» консерваториясында білім алып келді.

«Біз Италияда тек қана өзге елдің мәдениеті мен музыкасымен танысып қана қоймай, оларды қазақтың сырлы сазымен сусындатып келдік. Ең алғашқы концертімізді Қазақстанның Италиядағы елшілігінде бердік. Онда жиналған қауым үлкен әсерге бөленді. Әрине, итальяндықтар үшін біздің музыка өте ерекше естіледі. Одан кейін Сала Медальоне сахнасында, Академиканың үлкен залында «Эхо Востока» атты концерт бердік», - деп әсерімен бөлісті Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-курс студенті Зере Төлегенова.

Оның айтуынша, Римде қазақ музыкасын ден қойып тыңдаушылар көп екен. Концертті тамашалауға тек қана Қазақстанның Италиядағы елшісі, елшілік қызметкерлері ғана емес, итальяндық өнерсүйер қауым, итальяндық жастар көп жиналды.

«Біздің концертіміздің ерекшелігі фортепиано, флейта, виолончель сынды дәстүрлі классикалық аспаптарда қазақтың сырлы күйі мен әсерлі музыкасын жеткізгендігімізде. Мәселен, Қуат Шілдебаевтың «Концертный кюй», Е.Брусиловскийдің «Бозайғыр» композициялары тыңдармандарға ерекше ұнады. Өйткені, онда көшпенді өмірдің сарыны, дала сазы естіліп тұрды. Мұндай музыка итальяндықтардың үлкен қызығушылығын тудырды», - дейді З.Төлегенова.

Соңғы жаңалықтар