Қазақ мойнындағы тұмарынан айырылды - Асанәлі Әшімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қалың қазақ Төлегенімен қоштасты. Қаралы жиынға өнерсүйер қауым өкілдері, Құман Тастанбековтің әріптестері жиналды.    

null
«Төлегеннің» сүйегін алып кетер кезде Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов  Бақыт Беделханның қазанамасын оқып, жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратты.

«Мойнындағы тұмарынан айрылды.

Құзар шыңдардан құлап ұшатын қазақ

Алтын баулы қыранынан айрылды.

Айырылмай қайтсін?

Ал енді өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды.

Айрылсаң, қабырғаң сөгілердей,

Қамықсаң қара нөсер төгілердей,

Жабықсаң жаның егілердей

Бұл өлім...

Сілкіп алды-ау бар қазақтың жүрегін.

Жұрты қалды қаралы ту құшақтап,

Жұбата алмай мұңға батқан мына елін.

Жары қалды-ау қара жауып басына

Жүрегіне жақын ұстап ақбоз аттың жүгенін», - деді Асанәлі Әшімов.
null 

Орны толмас қазаға қабырғасы қайысқан ел Құман Тастанбеков жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп жатыр. Желіде қазақтың Төлегенін жоқтаған жазбалар толастар емес.
null 

Актер Бекжан Тұрыс:

«Қазақтың арғы-бергі тариxында талай жақсылар өтті ғой. Бірақ, аға, сіздің орныңыз мен үшін ерекше. Саxна - тұлғалардың тұғыры. Бірақ актер біткен тұлға емес. Саxнаға шыққанның бәрі саңлақ емес. Сіз кино мен театр өнерін тел емген нағыз саңлақсыз. Біздің қоғам атақпен ауырып жатқанда сіз өзіңіз сүйген театр мен өнердің дидарына дақ түсірмеудің амалын іздеуші едіңіз. Сазға да, әнге де, жаны құмар, жан-ағау, сізден аларымыз көп еді, қайтейін... Тірлігімде қадіріңе жете алмасам кеш, аға! Жақсы адамның өлген күні болмайды, аға, тек туған күні болады. Соған сенемін... Күншығыс еліне тура сіз өмірден өткен күні өзіңіз сүйген өнердің туын құлатпау үшін, қазақтың мерейін асыру үшін алдын ала жоспарланған іссапарға кетіп бара жатқанымыз осының дәлелі... Қазақ xалқы, қазақ театры барда сіз өлмейсіз! Руxыңыз елмен бірге жасайды. Қатал уақыт жер басып жүрген пендесін көзден жасырса да, оның қоғам игілігіне сіңірген еңбегін тығып тастауға дәрменсіз. Сіздің саxнадағы бейнеңіз xас шебердің қолынан шыққан мүсіндей болып, көзкөргендердің көңіл-қиялында жарқырап тұрмақ. ...Енді мен сізді сағынам... Сағынтасыз әлі... Ең өкініштісі, өзіңіз жақсы көрген бауырыңыздан бір уыс топырақ бұйырмайтыны... Жалған дүние-ай... Бақұл болыңыз, аға!»
null 

 

Дәстүр Ұлттық-этнографиялық журналының директоры Қасымхан Бегманов:  

«Иə, кешегі қызыл заманда миллиондардың жүрегінде қалған аяулы актер, қазақтың ер Құманымен, аяулы Төлегенімен, эпостағы асыл бейнені біздің өмірге Ақбоз атпен ап келген Ардақты актермен қоштасатын күн де кепті. Ат үстінде жұлдыздай аққан сұлу болмыс, кезінде көкірегімізге ерекше Рух құйған ерекше дарын иесі, Құман аға, бақыл болыңыз! Абыздың інісін қимай тұрғаны бекер емес, біз енді оны тек қазақ киносының ленталарынан ғана көретін боламыз. Қаза қайырлы болсын, Қазақтар!»

Ақын Серікзат Дүйсенғазы:

Төлегенмен қоштасу... Желтоқсан...

Қарып өтіп мұз жүректі,

Қайғысы қалың елді жүз жүдетті.

Қадалып улы жебе желкесіне,

Қалдырды Төлегенсіз Қыз Жібекті!

Бекежан дүйім елді зар жылатты,

Мүлт кетпей атқан оғы дәл құлатты.

«Ақбозат, иең қайда?» деп сұрайды,

Көрген ел ойнақтаған арғымақты.

Асыл ер іңкәр еткен адамзатты,

Өткені дүйім жұртқа жаман батты,

Сумаңдап сұр жыландай суық xабар,

Сұрланған дүниеге тарап жатты.

Аққуы Ақжайықтың сұңқылдады,

Қосағын іздеп жаны бір тынбады.

Шегенің шерлі әуені төгілгендей,

Шерменде әлем бір сәт мұң тыңдады.

Жалғанның жалт етерін жан біліп пе?

Тағдыр ғой талпындырған алды үмітке.

Қоштасып әуелеген алты қазбен,

Төлеген кете барды мәңгілікке.

Опасыз осы емес пе, өлім деген,

Келгенін сезбей қалар көңіл дөнен.

Ажалдың ақ семсері қаққа жарды,

Тірлікте қос жүректі бөлінбеген.

Қош енді,

Құман аға,

Нар Төлеген,

Халқыңа үлгі болған мәрт өнегең!

Бекежан Қособада оқ атқанмен,

Ел-жұртың іздер сені әр төбеден.

Желтоқсан...

Қарып түсті мұз жүректі,

Өмірден із қалдырған ізгім өтті.

Япырай, қайтіп енді жұбатармыз,

Сыңсыған сыңары жоқ Қыз Жібекті?!

 

Ақын Саят Әбенов:

Қош бол енді қазақтың Төлегені,

Өмірде де орныңыз бөлек еді.

Қыз Жібегін іздеген жігіттерге,

Із қалдырған тұлғасыз өнегелі.

 

Марқұмның денесі Кеңсай зиратына жерленіп, мейрамханада ас берілді.

Құман Тастанбеков 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. 1969 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетін бітірген. Ол сахнада О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» - Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» - Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» - Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» - Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» - Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» - Әлібек, Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» - Естемесов, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» - Қасым, «Ақ кемесінде» - Құлбек, Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» - Төлеген, Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» - Цезарь, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» - Флоридор, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» - Фархад сынды негізгі рөлдерді сомдады. Театр репертуарында жүріп жатқан спектакльдерде - Шахимарденнің «Томирисінде» - Балқаш, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» - Омар, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» - Жақыпбек, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» - Жалғасбек, Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» - Қария, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында - Андрей, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» - Монтекки, Д. Кобурнның (ауд. Е. Аманшаев) «Жынойнағында» - Веллер Мартин (реж. Е.А маншаев, А. Кәкішева), А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында (ауд. Ә. Бөпежанова, реж. Р. Андриасян, А. Кәкішева) - Кулыгин рөлдерін сомдаған. «Қ. Тастанбековтің кино өнері саласындағы еңбегі де елеулі. Ол атақты «Қыз Жібек» фильміндегі (режиссер С. Қожықов, сценарий Ғ. Мүсірепов, редактор А. Сүлейменов, 1970) Төлеген рөлімен «жұлдызы жанған» актер. Бұдан кейін де көптеген фильмге - «Біздің Ғани»» (1971), «Қыс - суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008) т.б. түскен», -делінген Әуезов театрының мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар