«Қазақ менің бауырым»: Түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің туғанына 75 жыл толды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мажар-түркі байланысына дәнекер болған түркітанушы, ғалым Иштван Қоңыр Мандокидың туғанына 75 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркітанушы, мажар ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Иштван Қоңыр Мандоки 1944 жылы 10 ақпан күні Мажарстанның Карцаг қаласында дүниеге келген. Ол алдымен Карцаг ауыл шаруашылығы техникумын, кейін 1968 жылы Өтвөш Лоранд мемлекеттік университетін бітіреді. Иштван осы университеттің түркітану кафедрасында, Сечени ғылым кітапханасында, Мажарстан Ғалымдар академиясы алтаистика зерттеулер тобында қызмет істеді. Осы қызмет жолы ғалымды өзі таңдаған өмір даңғылына бағыттады десе де болады. Иштван студент кезінен бастап Еуропадағы түркі этностарының топтары арасына тілдік, фольклорлық және этнологиялық экспедициялар жасады. Ғылыми-зерттеу сапарын Анадолы, Еділ бойы, Қазақстан мен Орта Азия, Моңғолияға дейін жалғастырды.

Иштван еңбектерінің негізгі бағыты - мажарлардың және құмандардың көне тарихы, түркі-мадияр байланыстарын зерттеуі еді. Ол өз зерттеулері арқылы мадияр тіліндегі түркі текті көптеген сөздердің (бертө, бүту, дионик, каптань, козма, тилт, цөткен-сүттіген, монар-мұнар, ньөкер, бузоган және т.б.) түп төркінін тапты. Көпжылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1981 жылы «Мажарстандағы құман тілінің ескерткіштері» атты еңбегі жарық көрді.

«Қазақ тілі - қыпшақ тілі. Қазақ менің бауырым» деген Иштван түркі халықтарының әдебиет, фольклор, поэзия үлгілерін мажар тіліне аударуға атсалысты. Батыр Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» мажар тіліне тәржімалады. Түркі халықтары мәдениеті туралы жан-жақты зерттеу еңбектері үшін 1993 жылы (өмірден өткеннен кейін) оған Мажарстан Ғалымдар академиясының Постумус сыйлығы берілді.

Ұлы дала мәдениеті үшін тер төккен Қоңыр Мандоки 30-дан астам тілде еркін сөйлеген. Қыпшақ, мажар тілдеріндегі көптеген танымдық кітаптары бар. Ғалымның тұщымды еңбектері мен құнды қолжазбалары халықаралық Түркі академиясының қорында сақтаулы тұр.

Ғалым 1992 жылы 48 жасында өмірден өтті. Марқұм Алматыда жерленген.

Ғалымның туғанына 75 жыл толуына орай жақында Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен бір топ азамат Иштван Қоңыр Мандокидің Алматыдағы зиратына гүл шоқтарын қойып, еске алу рәсімін өткізді. Алматыдағы Кеңсай зиратында өткен шараға TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, ғалымның жұбайы Оңайша Мақсұмқызы, Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Ференц Блауман, Ресей, АҚШ, Қырғызстаннан келген ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен Мандокиді құрмет тұтатын қала тұрғындары қатысты.

Соңғы жаңалықтар