Қазақ медицинасын талай биіктерге жетелеген Мұхтар Әлиев - Халық Қаһарманы

None
None
АНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат  - «Бірінші байлық - денсаулық». Өйткені тек дені-қарны сау, денсаулығы мықты азамат қана дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, өмірдегі тіршілік атты табиғи процестің жалғастырушысы бола алады.

 Яғни денсаулық тек байлық қана емес, адамның өмір сүруіне берілген зор мүмкіндік. Оны ешкім де, ешқашан да өзге біреуге сыйға тарта алмайды. Ол тек жаратқанның қолындағы, соның иелігіндегі ғана дүние. Алайда адам ағзасының  туа біткен кінәраттары мен кем-кетіктерін түзетуге болатынын осы уақытқа дейінгі медицина саласының жетістіктері сан мәрте дәлелдеп келді. Нәтижесінде денсаулығы нашар, өмір сүру мүмкіндігі шектеулі азаматтар дені-қарны сау азаматтар сияқты толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алатын болды. Әлбетте,  қолы жеңіл, емі шипалы, өз ісінің білгірі болған дәрігер-мамандардың арқасында.

 Мыңдаған жанға шапағаты тиген сондай жеңіл қолды дәрігерлердің бірі,  медицина ғылымының  дамуына үлкен үлес қосқан әйгілі азамат  Мұхтар Әлиев осы уақытқа дейінгі ғұмырында 13 мыңнан астам операция жасапты.  Бұл 13 мың адамның тағдыры. Оның бойына біткен табиғи дарыны еліміздің медицина саласын талай биіктерге көтеріп, сан мәрте жаңалықтармен толықтырды. Ол жасаған операциялар ізбасар ғалымдарға тағылымды тәжірибе болды.  М.Әлиевтің жасаған операциялары медицинаның түрлі салаларын қамтиды. Ол бірде бауырдағы эхинококты лазермен күйдірсе, ендігі бір операцияны аяқ-қол микрохирургиясы бойынша жүргізген. Ал оның  қан тамырларын пластикалық жолмен байланыстыру, асқазанға хирургиялық, пластикалық операциялар жасау әдістері хирургиядағы айтулы жаңалықтардың бірі. М.Әлиев Қазақстан мен Орта Азия аймағында алғаш рет балаларға бүйрек, бауыр алмастыру (трансплантация), операцияларын жүргізген азамат. Сондай-ақ ол өт жолы мен аналық без ісігіне, соқыр ішекке эндоскопиялық әдісті ойдағыдай қолдана білді. Бұған қоса қан тамырларына жасалатын операцияларды барынша жетілдіре отырып, оны хирургиялық тәжірибеге енгізді. Академиктің еңбектерінің арасында ұйқы безіне аутотрансплантация жасау, бүйрек пен арықша бездерге, лапараскопия әдісін қолдану жұмыстары ерекше орын алады. Сондай-ақ ол Қазақстанда алғаш рет қолқа мен тәждік (коронарлық) артерияларды жалғастыру операциясын жасаған. 34 авторлық куәлік пен патент алған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Әйгілі ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі,  мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері, «Бейбіт Планета адамы» Мұхтар Әлиев 1933 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Талап қыстағында дүниеге келген. 1957 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірген. 1957-63 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің мекемелерінде дәрігер, 1963-80 жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтында аспирант, ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі болып істеген. 1982-87 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды.

Сондай-ақ біраз жылдар өзі негізін қалаған, А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылым орталығының директоры және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ғалымның осы уақытқа дейінгі атқарған істері мен елге сіңірген еңбегі Қазақстанның Халық Қаһарманы жоғары атағымен лайықты бағасын алды.

Соңғы жаңалықтар