Қазақ мәдениетінің ордасы - Қазақстанның Ұлттық музейі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын 1998 жылғы 17 наурызда Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кеңейтілген мәжілісі өтіп, сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық музей құру мәселесін көтерген болатын. Араға 10 жыл салып, 2008 жылдың 13 маусымында Астана қаласының әкімдігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне елордада халықаралық деңгейдегі музей құру тапсырылды. Музей құрылысы «ҚазМұнайГаз» АҚ бөлген қаражат есебінен жүргізілді.

Қазақстанның Ұлттық музейі 2014 жылы 2 шілдеде ашылды. Музей ғимараты Астанадағы Тәуелсіздік алаңы маңындағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім сарайларымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Қазақ ұлттық өнер университетімен бірегей композициялық үйлесім тапқан.

Музей ерекше пішінімен, алыстан көз тартады. Кешен 74 мың шаршы метр жерді алып жатыр және ауыспалы тоғыз қабатты құрайтын жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 мың шаршы метрден асатын экспозициялық алаңы бар. Музейде «Астана», «Тәуелсіз Қазақстан», «Алтын», «Ежелгі және орта ғасыр тарихы», «Тарих», «Этнография», «Заманауи өнер» атты арнайы тақырыптық залдармен қатар бірнеше уақытша көрмелерге арналған залдар бар.null

Музей дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақталған. Екі залға бірдей көрінетін арнайы контенті бар бірегей иілген экран, медиа еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық, LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсерік. Осының барлығы Ұлттық музейге келушілердің барынша мол ақпарат алып, оларға қызықты экскурсия жүргізілуі үшін жасалған.
null

Музейдің орталық атриумынан күн астында қалықтап тұрған алтын қыранды көресіз. Еліміздің байрағында бедерленген қыран мен алтын күн еркіндіктің, кеңдіктің символы. Аталған алтын қыран әр 1,5 сағат сайын қалықтай ұшып, кең байтақ қазақ жерін аралайды. Қыран қанат қаққан сәтте  қабырғада орнатылған үлкен экраннан еліміздің тұмса табиғаты, әсем қалалары, сол қалалардағы ерекше ғимараттар және де тарихи орындар көрсетіледі. Музейге келушілер ең алдымен сол алтын қыранның саяхатын тамашалайды.
null

Алтын залы - кез келген қонақты қызықты экспонаттарымен баурап алатын ерекше зал. Зал 2 қабаттан тұрады, аумағы 2 мың шаршы метр. Мұнда ерте темір дәуіріне жататын қорымдардан табылған алтын адамдар, олардың алтын әшекейлері, ат әбзелдері қойылған. Залдың кіреберісінде 4600 диодты шаммен көмкерілген «Раушан гүлдер самалы» атты композиция тұр. Шамдар күйдің сүйемелдеуімен бір мезетте мыңдаған түске боялады. Алтын залының ең басты экспонаты - өткен ғасырдың 60 жылдары Есік қаласының маңынан табылған Алтын адам мен Берел жылқыларының реконструкциялары. Есік қорғанында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде 4 мыңнан астам алтын бұйым табылған. Сол алтын бұйымдардың түпнұсқаларын сөрелерден көруге болады. Ал Берел жылқылары 1997-99 жылдары Зейнолла Самашевтың басшылығымен жүргізілген Халықаралық экспедиция кезінде табылған. nullБерел қорымынан табылған барлық жәдігерлер б.з.д VI-III ғасырларға жатады. Алтын залынан  Бәйгетөбе обасынан табылған Алтын адамды, текті Тақсай ханшайымының және Сармат әйелінің, Сармат көсемінің мүсіндерін тамашалауға болады. Тағы бір ерекше жәдігер б.з.д VI-III ғасырда жерленген берел жылқыларының сүйектері. Ежелгі адамдар жылқыларды жерлегенде денесін қайыңның қабықтарымен көмкеріп қойғандығының нәтижесінде сүйектер бүгінгі күнге дейін бүлінбей жеткен.

nullӨзіндік ерекшеліктерімен дараланатын Астана залы мен Тәуелсіз Қазақстан залы келушілердің ешбірін дерлік бейжай қалдырмайды. Аталған екі зал да құнды экспонаттарға бай. Тәуелсіз Қазақстан залында ел тарихындағы маңызды деген құжаттар, тәуелсіздік жылдарында түрлі салада жеткен жетістіктер жөнінде мағлұматтар жинақталған. Сонымен қатар «Алтын Қыран», «Даңқ», «Отан», «Айбын», «Парасат», «Достық», «Құрмет», «Барыс» сынды ордендер мен медальдарды да осы залдағы витриналардан көруге болады. Бұдан бөлек, басты құндылықтарымыздың бірі болып табылатын Мемлекеттік рәміздеріміз де осы залда. Еліміздің өнерпаздары мен спортшыларының жеткен жетістіктеріне арналған витриналар да ерекше назар аудартады. Тәуелсіздік залына кіру арқылы келушілер  тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы айтулы даталар мен маңызды оқиғаларға көз жүгірте алады. Және LED-экрандардан тәуелсіз Қазақстан туралы анимациялық фильмдер көріп, 3D форматында елордамыздың әлеуметтік-саяси және мәдени орталықтарына саяхат жасау мүмкіндігіне ие. 

nullАстана залына бас сұққан келушілер көне дәуірден бастап, бүгінге дейінгі қала тарихымен кеңінен таныса алады. «Елорданың ежелгі және орта ғасырдағы тарихы» атты витринадан қаланың байырғы тұрғындары жайында, «XIX-XX ғғ. Ақмола» витринасынан Ақмола қаласының XIX ғасырдың екінші жартысындағы тыныс-тіршілігі турасында, «Астана - Қазақстан Республикасының жаңа елордасы» витринасынан елдің орталығын Алматыдан Астанаға көшіру және Астана қаласының символын қабылдау төңірегіндегі құжаттар мен құнды дүниелерді көруге болады. Бас қаланың әсем келбеті мен көркі көз тартар ғимараттарының серпімді макеттері арнайы лазерлік шоудың сүйемелдеуімен көрсетіледі.

nullҰлттық музейдің үшінші қабатында орналасқан Этнография залы қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне арналған және экспозициялық кеңістіктен басты орын алады. Зал экспозициясы қазақтардың көшпелі мал және отырықшы-егін шаруашылығымен қатар дәстүрлі материалдық һәм рухани мәдениетімен кешенді түрде таныстырады. Ал балық аулау мен аңшылық құралдарын паш ету арқылы қазақтардың көп қырлы шаруашылық және мәдени-тұрмыс салтының ерекшеліктерін көрсетеді. Экспозициядағы көшпелі қазақтардың киізден жасалған дәстүрлі жылжымалы баспанасы - киіз үй қоғамдағы әлеуметтік-мәдени, нормативтік-реттеуші және өмір салты аспектілерінің барлық жағын қамтитын мәдени доминанттың бірі болып табылады.

nullЭтнография залы инновациялық техникамен жабдықталған. Залдың ортасындағы киіз үйдің төбесінде аспан бейнеленіп, оның айналасына айналмалы экран (Circle Vision) орнатылған. Осы экраннан дәстүрлі ауылды бейнелейтін бейнефильм көрсетіледі. Аудиовизуалды тәсілдер көрерменге дәстүрлі табиғи-ландшафты аймақта орналасқан қазақ ауылына шын мәнінде келгендей әсер қалдырады, сонымен бірге қазақ халқының баға жетпес мыңжылдық мәдениетіне ортақтастығын сезіндіреді. Залда орналасқан төрт ақпараттық дүңгіршек қазақ халқының дәстүрлі баспанасы - киіз үй, декоративтік-қолданбалы өнер, рухани мәдениет және дәстүрлі тағамдар туралы анықтамалық ақпарат ұсынады.

nullБіздің тарлан тарихымыз «Ежелгі және орта ғасырлар тарихы» залының жауһар жәдігерлері де өзінің қисынды үйлесімін тауып, хронологиялық жүйемен баяндалған. Аталған зал төрт негізгі бөлімнен тұрады. Олардың біріншісі «Қазақстанның тас дәуіріне» арналған. Мұндағы Еуразия тарихында  ерекше орын алатын, көшпелілер өркениеті алғаш пайда болған өтпелі энеолит кезеңінің жарқын ескерткіші Ботай мәдениетінің жәрдігерлері көненің көрнекі көзіндей ой бөліседі. «Қола дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбына арналған екінші блімге бірегей керамика ыдыстары, әскери және еңбек құралдары, зергерлік өнер туындылары қойылған.null Үшінші бөлім «Ерте темір дәуірі және ежелгі көшпелілер дәуірі» деп аталады. Мұнда сақ дәуірінің «аң стилінде» жасалған жарқын және тартымды жәдігерлері көрермен жадын жаңғыртады. Ал «Орта ғасырлардағы Қазақстан» - төртінші бөлімнің тақырыбы. Оның арқауы ортағасырлық қолөнершілердің туындыларының түпнұсқалары, соның ішінде керамика, металл, сүйек және ағаштан жасалған заттар. Мұнда әлемге аты мәшһүр Сарайшық, Түркістан, Отырар, Жанкент, Сығанақ, Тараз, Сауран, Сайрам, Қойлық және т.б. қалалардан табылған баға жетпес қазына өз құпиясын ашады. Сонымен қатар, ультразаманауи touch-screen және media table құрылғылары мен киоскілер қосымша мол ақпараттарды келушілер назарына ұсынады.

nullТарих залы XIII-XX ғасырлар аралығындағы Қазақстан тарихын қамтиды. Экспозиция тараулары монғол империясынан кейінгі Қазақстан территориясында құрылған ұлыстар мен мемлекеттер; қазақ хандығының құрылуы, қазақ хандығының өркендеуі және Қазақ хандығының жойылуы; қазақ хандығы кезеңіндегі - хандар, батырлар, билер; Ресей империясының отарлау саясаты, патшалық Ресейге қарсы ұлт-азаттық күрестер, отарлау саясатына қарсы қозғалыстар; ғылым, мәдениет және әдебиеттің ұлы тұлғалары - Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты тақырыптардан тұрады. Экспозицияда қайраткерлердің жеке жиынтық бұйымдары, әскери қару-жарақтар, сауыт-саймандар, Ұлы жібек жолының Қазақстан тармағындағы сауда бұйымдары және т.б. ұсынылған.

nullКеңестік кезең ұлттық сана-сезімнің оянуын, қазақ зиялы қауым өкілдерінің саяси белсенділігінің өсуін, ұлттық баспасөздің пайда болуын, саяси партиялардың құрылуын, қазақ депутаттарының Мемлекеттік Думаға қатысуын сипаттайтын және Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін баяндайтын құжаттар мен бұйымдар арқылы көрсетіледі. Аталған кезеңнің маңызды артефактілері: ақын, жазушы Мағжан Жұмабаевтың портфелі, ғалым-математик А.Ермековтің үлкейткіш әйнегі мен сызғышы, 1905-1917 жылдары аралығындағы ақша банкноттары, «Алжир» лагерінің тұтқыны Д.Жүргенованың сақинасы, «Алжир» лагеріндегі тұтқын әйелдердің нанмен тұздан жасаған мүсіндік жұмыстары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінің бұйымдары (жауынгердің құтысы және хаты, марапаттары, қару-жарақтар т.б.), Роза Бағланованың сахналық көйлегі.

nullҰлттық музей сәулеті жағынан қазіргі заманғы жаңа технологияның жетістіктерін қолдана отырып салынған әлемнің үздік 10 музейінің қатарына кіреді. Ал Орталық Азияда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тең келер нысан жоқ.

Соңғы жаңалықтар