Қазақ қызының мықты екенін әлемге көрсеткім келеді – Жібек Құлымбетова

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Тарихта ерлермен бірге атқа қонып, ел қорғаған аруларымыз аз болмаған. Ал бүгінгі күні ел мерейін асқақ етіп, әр салада үлкен жетістіктерге жетіп, көк байрағымызды биікке желбіретіп жүрген аруларымыз да аз емес. Олардың бірі – Жібек Құлымбетова. Ол – джиу-джитсудан 7 дүркін, грэпплинг күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы. 9 жасынан бастап джиу-джитсумен айналысып, небары 16 жасында спортта биік белестерге жеткен балуан қызды әңгімеге тартқан едік.

«Мен 2006 жылы Алматы қаласында өмірге келдім. Джиу-джитсумен інім айналысатын. Кейін анам «Спорт – денсаулық кепілі, бұл қыз да үйде бос отырмасын» деп, мені де осы спортқа береді. Осылайша 9 жасымнан бастап джиу-джитсумен айналыса бастадым. Алғашқы бапкерім – Нұрсұлтан Орынбасаров. Оның арқасында аталған спорттың қыр-сырын меңгере бастадым», - дейді Жібек.


Оның айтуынша, джиу-джитсу спорты қыздар үшін өте ыңғайлы спорт түрі.
«Мұнда ұрып, соғу, тебу жоқ, ауыр соққыларды да алмайсың. Мұнда тек ауырту әдістері қолданылады. Жетістіктерім жайлы айтар болсам, джиу-джитсудан жеті дүркін, грэпплингтен бір рет әлем чемпионы атандым. Қазір күлгін белбеудің иегерімін», - дейді ол.
Жібек спорттан бөлек бос уақытында да пайдалы істермен айналысады.
«Спорттан бөлек ән айтамын, би билеймін, бос уақытымда кітап оқимын, TikTok түсіремін. Қазір мектепте оқимын, биыл 11 сыныпқа көштім. Мектеп бітірген соң Спорт туризм университетіне оқуға түскелі жүрмін», - дейді спортшы.
Жібектің алға қойған мақсат, армандары орындалып келе жатыр.
«Бала күнгі арманым джиу-джитсудан әлем чемпионы атану болатын. Аллаға шүкір, армандарым орындалып жатыр. Ендігі мақсатым – Олимпиада, Азия ойындарының чемпионы болу және әлемге қазақ қызының қандай мықты екенін көрсетіп, дәлелдегім келеді», - деді палуан қыз.
Өзінің үлгі тұтар тұлғасы – бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.
«Менің үлгі тұтар адамым – бапкерім Нұрсұлтан Орынбасаров. Оның көмегі мен қолдауы болмаса бүгінгі жетістіктерге мүмкін жетпес пе едім. Нұрсұлтан ағай мені джиу-джитсуға ғашық етіп, әлем чемпионы етті. Оған өте ризамын. Оның үмітін ақтауға ары қарай да тырысамын», - дейді Жібек.
Жібектің ойынша, елімізде джиу-джитсудан жақсы өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздар жетерлік.
«Олардың бірі ретінде біздің клубтың спортшысы Айтпанбет Самат ағайды айтар едім. Себебі, ол джиу-джитсудан қоңыр белбеу арасында әлем чемпионы, грэпплингтен әлем чемпионы және ACB (эй-си-би) әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы болды. Бүгінде өте мықты спортшы болып саналады», - дейді спортшы қыз.
Жібектің алдағы уақытта шәкірт тәрбиелемек ойы бар.
«Дәл қазір шәкірт тәрбиелеп жүрген жоқпын. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелемек ойым бар. Жалпы бүгінге дейін қыздар арасында шеберлік сағатын өткізген болатынмын. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Шеберлік сағаты өте қызықты өткен еді», - деді чемпион қыз.
Ол спорттың пайдасы туралы ойын айтты.
«Спорт адамды еңбекқорлыққа, мақсатқа жетуге, өмірде кездесетін қиындықтармен күресуге, ең бастысы отансүйгіштікке, патриотизмге үйретеді деп ойлаймын», - дейді Жібек Құлымбетова.
Еске салайық, Жібек Құлымбетова – Алматы облысынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр – QTT» спорт клубының тәрбиеленушісі. Джиу-джитсудан жеті дүркін, грэпплингтен әлем чемпионы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы. Ол 2018 2019 2021 2022 2023 жылдары әлем чемпионы атанған еді.
Ол сондай-ақ биыл тамыз айында Астанада өткен Ju-Jitsu Youth World Championship Astana 2023 әлем чемпионатында алтын медальға ие болған еді.

«Джиу-джитсу бойынша әлем чемпионаты елімізде тұңғыш рет өтіп отыр. Ол біз үшін үлкен оқиға және мен өз елімде алтын медальді жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Жарыстың алдында қатты уайымдаған едім, себебі өз халқыңның алдында өнер көрсету саған үлкен жауапкершілік артады. Өте бақыттымын», - деген еді Жібек Құлымбетова.


Соңғы жаңалықтар