Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қазақ қызы Лос-Анжелесте 40-қа жуық жеткіншекке қазақ тілін үйретіп жүр

2022 жылғы 8 сәуір 19:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Әсел Әбілдаева Лос-Анджелес қаласындағы Оңтүстік Калифорния университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүр. Ол бос уақытында Qazaq Community California аясында балаларға Қазақстан тарихы мен қазақ тілін үйретеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше, Әсел балаларға арналған оқу бағдарламасын әзірлеген.

Ол өзінің сабақтарында геймификация элементтерін белсенді қолдана отырып, қазақ тілін жеңіл әрі қызықты етіп үйретуде.

«Менің ойымша, шетелде тұратын отандастарым, әсіресе балалар ана тілін, мәдениетін, халқының тарихын білуі керек. Балалар қазақ тілін, еліміздің тарихын қуана оқиды. Мен оларға ұлы бабаларымыз, хандарымыз, батырларымыз туралы әңгімелеймін және қазақ жазушыларының, ақындарының, ғалымдарының өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстырып отырамын. Көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ғалым-реформатор, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында балалармен бірге таныстырылым өткізіп, ұлт ұстазының Қазақстан тарихындағы орны туралы әңгімелестік», – дейді «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Әсел Әбілдаева.

Қазір Әсел 7-12 жас аралығындағы 40-қа жуық баланы оқытып отыр.

Балалар аз ғана уақыттың ішінде ана тілінде сөйлеу мен жазуды меңгеріп үлгерді. Балалар ана тілінде бір-бірімен пікірлесіп, өз ойын жеткізе алады.

«Лос-Анджелес қаласында тұратын қазақ балалары ұлттық салт-дәстүрге, тарихи отанына қатысты барлық ақпаратқа қызығады. Мен олардың бүкіл сұрақтарына жауап беріп, қазақ тіліне деген қызығушылығын одан әрі арттыруға тырысамын», - дейді Әсел.


Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары