Қазақ қызы әлемдік жұлдыздың жеке визажисі атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен ТМД елдеріне танымал стилист және визажист Санди (Сандуғаш) Бексырға неміс әншісі C. C. Catch атымен танымал Каролина Катарина Мюллердің жеке визажисі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

ҚазАқпарат  тілшісіне визажист әлемдік деңгейдегі жұлдызбен қалай танысқанын айтып берді.

«Өткен жылдың қаңтар айында C.C. Catch Алматыға ұшып келді және оның өкілдері визажист іздеп жатқанын хабарлады. Бірнеше адамның жұмыстарын қарап көрген әнші мені таңдапты.  Осылайша, Ritz-Carlton қонақ үйіне келіп, әншімен алғаш рет жұмыс істедім. Содан бері, әнші Алматыға келген сайын макияж жасап жүрдім. Қыркүйек айында әншінің жеке визажисі болу туралы ұсыныс келіп түсті, мен келісімімді бердім. Енді әлемнің бірнеше мемлекеттеріне сапарлайтын боламыз», - дейді С. Бексырға.

Сандуғаш пен Каролина қазан-желтоқсан айларында төрт концертте бірлесе жұмыс істеген. 2018 жылдың алғашқы екі концертін Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында өткізеді. 

«Каролина әлемдік деңгейдегі жұлдыз және өте қарапайым жан. Оның қос-қостан көмекшілері жоқ, тіпті киімін өзі үтіктеп киеді. Әндерін жанды дауыста орындайды. Әр нөміріне жауапкершілікпен қарап, сахнаға шыққанша тағат таппайды. Біздің қазақстандық жұлдыздар одан көп нәрсе үйренер еді», - дейді визажист.

Сондай-ақ, стилист алдағы жоспарларын айтып, 2018 жылдың басты трендтерін атады.

«Жаңа 2018 жылдың басты қағидасы - минимализм мен ұстамдылық болмақ. Бетті әрлегенде де табиғилықты барынша сақтауға тырысыңыз, қою түстерді азырақ қолданған жөн. Киімге келер болсақ, алтын түстес реңк беретін қызыл түс сәнге айналады», - дейді С.Бексырға.

Соңғы жаңалықтар