Қазақ-қырғыз шекарасы арқылы тауар өткізуде кедергі жоқ - МКК

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ-қырғыз шекарасы арқылы тауар өткізу кезінде кедергі жоқ, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін ағымдағы жылдың 3 маусымында «Қордай» және «Қарасу» өткізу пункттеріне Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) алқа мүшесі – Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі М.С. Мамытканов бастаған және Қырғыз Республикасының фискалдық органдарының, сондай-ақ Ресей Федерациясының кеден қызметінің өкілдері келді. Қазақстандық тарап «Қордай» және «Қарасу» автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін қолдана отырып, тауарларды өткізудің шекаралық, экспорттық бақылау және мониторинг процестерін көрсетті.

Мәліметке сай, жыл басынан бері қазақстан-қырғыз шекарасы арқылы 119 мыңнан астам жүк автокөлік құралы өткен.

Қазақстан тарапы ЕАЭО елдерімен шекарада тек шекаралық және экспорттық бақылауды жүзеге асыратынын, бұл ЕАЭО туралы Шарттың негізгі қағидаттары мен нормаларына, сондай-ақ ұлттық заңнамаға қайшы келмейтінін атап өтті. Көрсетілген шаралар жүк автокөлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірмейді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ақпан айында тараптар арасында өзара саудада тасымалданатын жүкке арналған электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) пайдалану қажеттілігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптардың фискалдық органдары бизнес субъектілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндеттенді. Бұл ретте, ЭШФ пайдалану жөніндегі міндеттеме тараптардың заңнамаларында бекітілген.

Алайда, бұл келісімді Қырғыз Республикасының жөнелтушілері сақтамайды. Жүк тасымалдаушылардың айтуынша, қырғыз тарапында мерзімді жиналу шекарадан өту алдында тасымалданатын жүктерге құжаттарды ресімдеуді күту себебінен туындайды.

Өз кезегінде, ЭШФ-ның болмауы көлеңкелі сауданың айқын белгісі, тиісінше жөнелтуші елдегі табысқа салынатын салықты жасыру және алушы елдегі ҚҚС-тан жалтару.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының салық органдары Салық кодексінің нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қауіпті жүк автокөлік құралдарына тексеру жүргізеді.

Ағымдағы жылдың 5 айында Қазақстан Республикасының аумағында 4,7 мың жүк автокөлік құралдары немесе Қырғыз Республикасынан өткен жалпы санының 4% тексерілді, бұзушылықтар 99%-да белгіленді. Жалған акциздік маркаларды, майнингтік жабдықтарды, электрондық темекі мен басқа да тауарларды тиісті ресімдеусіз әкелу жағдайлары анықталды.

Шекарадағы өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары тексеру іс-шараларын жүргізбейтінін атап өту маңызды.

Бұзушылықтарды анықтау бойынша мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын ұйымдастыру кездесуге қатысушыларға көрнекі түрде көрсетілді.

Барлық анықталған бұзушылық фактілері туралы Қырғыз Республикасының фискалдық органдарына хабарланғанын атап өту қажет.

ЕЭК өкілдерінің жұмыс сапарының қорытындылары ағымдағы жылғы 8 маусымда өткен Келіспеушіліктер мен даулы жағдайларды жою және ЕАЭО-да тауарлардың еркін өткізілуін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Комитеттің отырысында талқыланды.

ЕЭК өкілдері өз сөзінде Қазақстан Республикасы өткізу пункттерінде кедендік бақылауды жүзеге асырмайтынын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия Қырғыз тарапына қажет болған жағдайда өткізу пункттері арқылы жүк тасымалына ішкі салықтық бақылауды ұйымдастыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды.

Сондай-ақ, тараптарға тауарлар туралы ақпарат алмасуды жетілдіру және бұрын қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтардың іске асырылуын қамтамасыз ету ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар