Қазақ күйлерін оркестрге лайықтаған дирижер Алдаберген Мырзабеков қайтыс болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның халық әртісі, дирижер, қазақ күйлерін оркестрге лайықтаған Алдаберген Мырзабеков өмірден озды. 

Бұл туралы агенттік тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе мәлім етті.
«Қазақстанның халық әртісі, профессор, дирижер Алдаберген Мырзабеков 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақ күй өнерін оркестрге түсірудің шынайы шебері, күй табиғатын дөп таныған аса білгір дирижер еді. Қазақ оркестрінде «Алшағыр», «Топан», «Жігер», «Қоңырқаз», «Ыңғайтөк», «Жезкиік», «Аман бол, шешем» сияқты көптеген күйлердің бағын ашқан суреткер ағамызбен тұтас бір дәуірдің парағы сусыды. Кеңес заманында жұрттың барлығы батыс музыкасына ден қойғанда, күйлерді оның ішінде шертпе күйлерді тамаша етіп оркестрге лайықтаған тұлға еді. Өте еңбекқор адам болатын. Қазіргі оркестрлердің репертуарындағы күйлердің дені Мырзабеков лайықтаған үш партитура жинағы негізінде ойналады» - деді Мүсілім Әмзе.
Айта кетерлігі, белгілі дирижер Алдаберген Мырзабековпен қоштасу рәсімі 8 қаңтарда, бейсенбі күні сағат 10-да Алматы қаласында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өткізіледі.
Алдаберген Қайырбекұлы 1930 жылы 14 қарашада Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылында дүниеге келген. Дирижер, педагог, ҚР халық әртісі (1984 жыл), публицист.

Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факултетін бітірген (1955 жыл).

1956 жылы Құрманғазы атындағы Қазақтың Мемлекеттік халық аспаптар оркестріне дирижерлік қызметке тағайындалып, 1968 - 1971 жылы оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі болған. Сондай-ақ, 1971 - 1988 жылдар аралығында дирижер болып еңбек етті. 

1962 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі және бас дирижері міндетін атқарып, қазақ ұлт аспаптар оркестрін ашуға, ұжымның орындаушылық, кәсіби деңгейін көтеруге де атсалысқан.

Оның оркестрге арнап түсірген Тәттімбеттің, Сүгірдің, Әшімтайдың шертпе күйлері, Ықыластың қобыз күйлері, тағы басқа халық композиторларының ән-күйлері, орыс және шет ел классиктерінің туындылары бар.

Моңғолияның Баян Өлгей аймағында қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Тұлбанор шайқасы» спектакліне музыка жазды.

Мәдениет қайраткерінің өзінің де ән, күйлері, күрделі увертюра, поэма жанрында жазылған төл туындылары көптеп саналады. Мырзабековтің «Қоңырқаз», «Көкейкесті», «Жігер» сияқты оркестрге арналған партитура, таңдамалы жинақтары жарық көрген.

Соңғы жаңалықтар