Қазақ күресінен полицейлер арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Ішкі істер министрі қазақ күресінен ұйымдастырған спартакиаданың жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

22-23 сәуір күндері Петропавлдағы А.Винокуров Спорт сарайында еліміздің түкпір-түкпірінен келген погондағы палуандар қазақ күресінен өзара мықтыны анықтады.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, спартакиада қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Алматы қалалық полиция департаменті иеленді. Екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті, бірінші орынды Қарағанды облысы полиция департаменті қызметкерлері жеңіп алды. «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының ведомствоаралық спартакиадасының қорытындысы бойынша үшінші орынды ТЖМ командасы, екінші орынды Ұлттық ұланның командасы, бірінші орынды ІІМ командасы алды.

100 кг және одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынға Алматы облысы полиция департаментінің қызметкері Жәнібек Дүйсембаев лайықталды. 100 кг салмақта Алматы облысы полиция департаментінің қызметкері – Александр Косачев, 90 кг салмақта Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкері – Әсет Жүнісов, 82 кг салмақта Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкері – Еркеғали Қуандық, 74 кг салмақта Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкері – Дәурен Қамаш, 66 кг салмақта Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкері Ерболат Құнанбаев үздік атанды.

Жүлдегерлер «Динамо Барысы» белдігімен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар