Қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасов жүлдесіне арналған Азия кубогы аяқталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған Азия кубогы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге созылған дүбірлі додада «Түйе балуан» атанған талантты спортшы Темірлан Көлбай көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ол бас жүлдеге ие болып, «Нива» автокөлігін жеңіп алды.

Ал Алматы облысының өкілі Мади Еділбаев күміс жүлдегер атанса, қола жүлдені Абай облысының мақтанышы Әсет Ахметжанов қанағат тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен күрестің білікті маманы Қуат Байходжаев, сонымен қатар қазақ күресінен Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов марапаттады.

Айта өтерлігі, аламан күрес додасының бас жүлдесіне Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов демеуші болып, ордабасылықтар атынан автокөлікті сыйға тартты.

Осылайша Қажымұқанның жерлестері қазақ күресінің жаңғыруына үлес қосты.

Қазақ күресі қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, Қажымұқан атындағы Азия кубогын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Біз бұдан алдын Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар