Қазақ күресін Олимпиада ойындарына қосқымыз келеді - Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан қазақ күресінен әлем чемпионатының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашылу салтанатына Қазақ күресі халықаралық федерациясының президенті  Қанат Бозымбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы болып сөз алған Елсияр Қанағатов төл спортымыздан өтіп жатқан әлем біріншілігінің ресми түрде басталғанын жариялады.

«Бүгін өздеріңіз көріп отырғандай елордамызда төл спортымыздан әлем біріншілігі өтіп жатыр. Мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан жарысқа келген барлық балуандарға алғысымды білдіре отырып, баршаларыңызға сәттілік тілеймін. Біз осындай жарыстар ұйымдастыру арқылы қазақтың төл спортын бүкіл әлемге насихаттап жатырмыз. Бұл қазақ спортын, соның ішінде қазақ күресін дамыту бағытында жасалып жатқан тың қадамдардың бірі», - деді Елсияр Қанағатов.

Қазақ күресі халықаралық федерациясының президенті Қанат Бозымбаев өз кезегінде қазақ күресінің күн өткен сайын танымалдығы артып келе жатқанын баса айтты.

«Бүгінгі таңда қазақ күресінің күн санап танымалдығы артып келеді.  2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген. Биыл тұңғыш рет жабық ғимаратта өтетін Азиада ойындарының бағдарламасына еніп, үш салмақ бойынша чемпиондар анықталды. Енді, алдағы уақытта жазғы Азия ойындары, ары қарай Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуді мақсат етіп отырмыз», - деді Бозымбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін жалауы желбіреген қазақ күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатына 40 мемлекеттен 166 балуан бақ сынап жатыр.

Соңғы жаңалықтар