Қазақ көшінің Анадолы топырағына жеткеніне 70 жыл толды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Маусым айында Өзбекстанға ең көп турист Қазақстаннан келген - «ӨзА»

2022 жылдың маусым айында Өзбекстанға қанша турист келгені және ең көп келушілер қай елден келгені туралы ақпарат берілді.

«ӨзА» ақпараттық агенттігі келтірген Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың маусым айында Өзбекстанға туристік мақсатпен 493 900 шетел азаматы келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 307,2 мың адамға немесе 2,6 есеге көп, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Осы ай ішінде Өзбекстанға ең көп турист Қазақстаннан келген. Олардың жалпы саны 178,1 мыңды құрады.

Маусым айында Өзбекстанға тек туристік мақсатпен азаматтары келген елдердің тізімі жарияланған. Атап айтар болсақ, Қазақстан(178,1 мың адам), Қырғызстан(123,3 мың адам), Тәжікстан (113,2 мың адам), Ресей(53,4 мың адам), Түркия(7,3 мың адам), Германия(2,2 мың адам), АҚШ(1,5 мың адам) қатарлы елдерден туристер саяхаттап келген.

Иран мен Қазақстан арасындағы экономикалық алмасу көлемі 2,5 есеге артты - Parstoday

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпараттық агенттігі хабарлаған болатын.

«Parstoday» ақпарат агенттігінің сәрсенбі күнгі мәліметінше, ИИР Алматыдағы Бас консулы Мохсен Фағани Алматыда жүз ирандық экономикалық және іскер белсенділердің қатысуымен өткен отырыста екі ел арасындағы сауда көлемінің айтарлықтай өсіп, 2020 жылғы 168 миллион доллардан 2021 жылы 440 миллион долларға жеткенін хабарлады.

Фағанидің айтуынша, Иран мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауданың өсуі биыл да жалғасып, осы жылдың (2022) алғашқы 4 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 251 миллион долларға жеткен. Алматыдағы Иранның бас консулы Иран азаматтары үшін 14 күндік визаның жойылуына байланысты өз пікірін айтқан.
«Бұл мәселе ирандық кәсіпкерлердің, инвесторлардың және туристердің Қазақстанға келуін және екі елдің әлеуетін өзара мойындауды арттырды», - дейді ИИР Алматыдағы Бас консулы Мохсен Фағани.

Сондай-ақ, осы аптада ирандық БАҚ-та «Қазақстандағы күнделікті өмір» деген тақырыптағы ақпарат та жарық көрді.

«Parstoday» агенттігінде жарияланған суретті ақпаратта Қазақстан туралы қысқа да нұсқа таныстыру жазылған. Онда Қазақстан Орталық Азияда орналасқан және 2724 900 шаршы шақырым көлемімен дүниежүзіндегі тоғызыншы мемлекет екенін және Қазақстан көне тарихы бар елдердің бірі болғанын тілге тиек етеді.

Сонымен қатар, 70 жыл бойы Қазақстанның астанасы болған Алматы қаласы тарихи Жібек жолының бойында орналасқандықтан осы елдің экономикалық, сауда және мәдени орталығы болып табылады деп мәлімет береді.
«Бұл қала кең көшелерімен, ретті және жасыл келбетімен көз тартады», деп жазады Иранның «Parstoday» ақпараттық агенттігі.

Қазақ көшінің Анадолы топырағына жеткеніне 70 жыл толды - TRT

Түркияның Ыстанбұл қаласында кезінде Алтайдан ауған қазақ көшінің қасиетті Анадолы топырағына жеткеніне 70 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шара аталып өтті, деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі.

Аталған мерейтойлық шараға Еуропа елдерінде тұратын қандастарымыз құрған ұйымдардың өкілдері де қатысқан.

Атап айтқанда, «Қожа Ахмет Ясауи» қоры, Нигде Алтай ауылы, Маниса Салихли, Конья Исмил, Кельн, Вена, Париж, Берлин, Мюнхен, Амстердам, Швеция, Норвегия мен Англиядағы қоғамдық бірлестіктер және «Қазақкент Алтай» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған игі шара көне шаһар Ыстанбұлда өтті.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, халықаралық жиынның екінші бөлімінде Ыстанбұлдағы «Кемербургаз Киразлыбент» демалыс аймағында 1 жарым мыңдай қазақтың қатысуымен ас берілді. Аста бас қосқан бауырларға тарихи отаны - Қазақстаннан келген «Атамекен» музыкалық тобы ән шашуын тарту етіп, жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлаған.

Басқосу барысында «Қазақкент Алтай» қауымдастығының президенті Ерхан Йылдыз, Бағжылар қаласының мэрі Абдулла Өздемир және Қазақстан республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел бұл мерейтойдың тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, түбі бір түрік елі мен қазақ халқының бауырластығына баса мән беріп сөз сөйлеген.

Түркия радио теледидар агенттігінің дерегінше, Еуропа елдеріндегі қандастар мен Түркия қазақтары қауышқан халықаралық жиында Қазақстандағы «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылып, шеттегі ағайынның абыройы бір көтеріліп қалған. Атажұрттың ақжарма тілегінен кейін құрметті қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары тартылды.

Моңғолиядағы бодибилдер Еркебұлан Байытұлы Азия чемпионы атанды - Kaznews

Моңғолияның Эрдэнэт қаласында тұратын бодибилдер Еркебұлан Байытұлы Азия чемпионы атанды.

Бодибилдингтен 54 реткі Азия чемпионаты Малдив аралында өтуде. Азия чемпионатының «Men’s sports physique up to 180 cm» категориясы бойынша өнер көрсеткен Моңғолиялық қазақ бодибилдері Еркебұлан Байытұлы топ жарып, алтыннан алқа тағып Моңғолия құрамасының қоржынына алғашқы медалды салды, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, Еркебұлан Байытұлына бұл жолғы чемпионатта Үндістан, Тайландия және Иран спортшылары лайықты қарсылас болған. Моңғолиялық қандасымыз Еркебұлан Байытұлы (@erke_coach) өз қуанышымен инстаграм желісінде бөлісті.

Айта кетейік, Еркебұлан Байытұлы моңғолиялық журналист, бірнеше жыр кітабы мен ғылыми еңбектерінің авторы белгілі ақын қандасымыз Байыт Қабанұлының баласы екені белгілі болды. Бұл туралы ақын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Балам Еркебұлан Байытұлы Азия біріншілігінен алтын медаль алып Азия ченпионы болған қуанышты хабарды Бессаланың басында жүріп естідім. Аллаға тәуба, аямай төккен ащы тер мен ерінбей еткен еңбектің жемісі. Біз сенімен мақтанамыз, балам», деп жазды белгілі ақын қандасымыз Facebook-тегі парақшасында.

Ыстанбұлда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған симпозиум өтті - TRT

Ыстанбұлда қазақтың атақты ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған симпозиум өтті. Ыстанбұл университетіндегі «Фараби» Еуразия зерттеу орталығы ұйымдастырған ғылыми жиын «5-ші Халықаралық Түрік әлемі тарих және мәдениет симпозиумы» деп аталады.

Симпозиумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Гагаузия, Болгариядан ғалымдар келді, деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі.

«Түріктің жазбаша тарихы» деген тақырыппен өткен ғылыми жиынға Түріксой Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Ыстанбұл Университеті ректоры профессор Махмут Ак, Әл-Фараби университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Ыстанбұл университеті Түркия институтының басшысы Мұстафа Балджы, Әл-Фараби университеті Филология факультеті Қазақ тілі кафедра меңгерушісі Анар Салқынбай, Ұлыбритания «Шыңғыс Айтматов» академиясы басшысы Рахима Абдуалиева қатысты.

Аталған ғылыми жиында «А. Байтұрсынұлы және Түрік жазбаша тарихы», «Түрік әлемінде жазу тілі және А. Байтұрсынұлы», «А. Байтұрсынұлының принциптері және заманауи жазу жұмыстары», «Түркітану және шығыстану зерттеулерінде тіл» секілді баяндамалар оқылды.

Айта кетейік, симпозиум шеңберінде айырықша «Шыңғыс Айтматовтың туындылары мен замандас қырғыз поэзиясынан аудармалар» атты дөңгелек үстел жиналысы да ұйымдастырылды.

Иран елшісі Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен кездесті - Parstoday

Иранның Қазақстандағы елшісі Маджид Сабер мен Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі кездесуде Каспий теңізінің қоршаған ортасын талқылады.

«Parstoday» ақпарат агенттігінің сейсенбі күнгі хабарлауы бойынша, Маджид Сабер және Серікқали Брекешевтың кездесуінде екі елдің қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Әсіресе Каспий теңізінің экологиясы, тау-кен саласындағы бірлескен іс-шаралар, геологиялық барлау жұмыстары, жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар мен техникалық және инжинирингтік қызметтер саласындағы екіжақты және аймақтық қарым-қатынастары қарастырылған.

Бұл кездесуде Иранның Қазақстандағы елшісі ирандық компаниялардың тау-кен өнеркәсібі, су ресурстарының әртүрлі салаларында жүзеге асырып жатқан кейбір жобаларына тоқталып, ирандық компаниялардың осы салалардағы мүмкіндіктерін көбірек таныстырды. Сондай-ақ Қазақстан тарапы ирандық компаниялардың көбірек қолдауын сұраған.

Айта кету керек, Серікқали Брекешев Қазақстан үкіметінің табиғи ресурстар, тау-кен өнеркәсібі және жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар саласындағы саясатын түсіндіру арқылы ирандық техникалық және инженерлік компаниялардың Қазақстанда болуы мен қызметін құптады.

Қытай Шыңжаң-Қазақстан кәсіпорындар ынтымақтастығы туралы бейне кездесу өтті -

«Халық Газеті»

Апта басында Қытайдың «Халық Газеті» ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

15 шілде күні Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу кеңесінің Шыңжаң өлкелік комитеті, Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығы және басқа да бөлімшелер бірлесіп, Қытай Шыңжаң-Қазақстан кәсіпорындар ынтымақтастығы туралы бейне конференциясын өткізді, деп хабарлайды қытайлық БАҚ.

«Халық Газеті» ақпараттық порталының келтірген дерегіне сүйенсек, бұл жолғы бейне кездесу тікелей эфирде жүргізілді. Қытай мен Қазақстанның 80-ге жуық кәсіпорын өкілдері кездесуге дейін сұраныс пен ұсыныстың нақты сәйкестігі, отырыс кезіндегі ынтымақтастық негізге алынды. Және кездесуден кейінгі жеке жұмыс жағдайында тоқыма, тігін, ауыл шаруашылығы өнімдері мен басқа салалардағы ынтымақтастықтың оңтайлы жолдарын іздестіру және өзара тиімділік пен тең ұтысқа жету нәтижелерін талқылады...

Корпоративтік коммуникация сессиясында уағдаластық қағидаттары бойынша сәйкестендірілген қытайлық және қазақстандық компаниялар аудармашылар мен заңгерлердің көмегімен жеке жоба алмасуларын жүргізді. Кездесуден кейін тапсырыстар нақтыланып, орындалуы қадағаланатын болды.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Шыңжаң халықаралық сауданы дамыту кеңесі Қытай мен Қазақстан кәсіпорындары арасындағы алмасу мен ынтымақтастықты одан әрі дамытады. Бұдан кейін қос тарап экономикалық және сауда салаларындағы өндірістік қуат пен ынтымақтастық кеңістігін кеңейтуді жалғастырмақ.


Соңғы жаңалықтар